Бүгінде ипотекалық несиесі жоқ адам кемде-кем. Себебі қолма-қол ақшаға қалаған тұрғын үйді сатып алу — оңай шаруа емес. Сондықтан банктерден қарызға ақша алып, сол арқылы баспаналы болуға тура келеді. Енді биылдан бастап осындай ипотекалық берешегі бар адамдарға салықтық жеңілдік қарастырылмақ. Сол арқылы тұрғындар қаржысын аз да болсын үнемдей алады.

Салықтық жеңілдіктер «Отбасы банк» АҚ арқылы баспаналы болған тұрғындарда бұрыннан бар. Олар қарыз туралы келісімшартты, берешекті өтеу кестесін жұмыс орнындағы кадр немесе есеп жүргізу бөліміне өткізіп, сол арқылы жеке табыс салығын өзгелерден айтарлықтай аз төлейді. Бұл ретте ипотеканы өтегені туралы түбіртекті де ай сайын есеп жүргізуге жауапты мамандарға тапсырып отыруы тиіс.

Осы жылдан бастап мұндай мүмкіндік кез келген екінші деңгейлі банктен тұрғын үй несиесін алған азаматтарға да беріліп отыр. Салық Кодексіне тиісті өзгеріс енгізілді. Демек, олардың ай сайынғы жалақысынан да ұсталатын міндетті төлем азаяды. Бұл мемлекет тарапынан ипотека алушы азаматтарға жасалып отырған жеңілдік десек те болады. Оны қарапайым тілмен «салық шегерімі» деп атайды. Ол табыстан ипотекаға төленетін пайыз сомасын алып тастап, салықты азайтуға мүмкіндік береді. Бұл схема банк сыйақысына және пайыз төленген жылға ғана қолданылады. Мысалы, 2024 жыл үшін сыйақы бойынша соңғы төлемді биыл қаңтарда жасасаңыз, шегерімді тек 2025 жыл үшін рәсімдеуге болады.

Енді есептің өзіне тоқталсақ. Кез келген ипотекалық қарыз екі бөліктен тұрады. Біріншісі – негізгі қарыз. Ол – сіз несиеге алған сома. Екіншісі – банк сыйақысы. Яғни, банктен алған қарыз үшін есептелетін пайыз. Салық шегерімі сол банк сыйақысынан алынады.

Мәселен, ипотекасы бар қызметкердің еңбекақысы 200 мың теңге делік. Банктен алған қарызы туралы келісімшартқа сәйкес, ай сайын 95 мың теңге ипотека төлейді. Оның ішінде 25 мың теңге – банк сыйақысы.

Жеке табыс салығының формуласына салар болсақ, (Еңбекақы – 10 пайыз міндетті зейнетақы жарнасы – 14 айлық есептік көрсеткіш – 2 пайыз міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарнасы – банктің пайыздық сыйақысы) х 10 пайыз. Сандармен сөйлетер болсақ, (200 000 – 20 000 – 55 048 – 4 000 – 25 000) х 10 пайыз = 9 595 теңге. Бұл – жеке табыс салығының сомасы. Салықтық шегерім қолданған уақытта, 200 мың теңге еңбекақы есептелетін қызметкерден осындай көлемде салық ұсталады.

Егер қызметкер ипотекалық қарызы туралы тиісті құжаттарды есеп бөліміне өткізбесе, жеке табыс салығы әдеттегі жүйемен есептеледі. Мұндай жағдайда ол 12 095 теңге жеке табыс салығын аударуға міндетті болады. Демек, банкпен жасалған келісімшартты жұмыс орнына тапсыру арқылы 2500 теңге үнемдейді. Осылайша, бір жылда 30 мың теңгелік салықтан босатылады. Ай сайын ипотекалық қарызды өтейтін қызметкер үшін бұл да – айтарлықтай сома.

Атап өтерлігі, салықтық шегерім көлемі бір жыл ішінде 118 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспауы тиіс. Биыл 1 АЕК 3 932 теңгеге тең болса, бір жылдағы шегерім 463 976 теңге болуы керек. Салық мөлшерлемесі 10 пайыз болғанда, бір жылда ары кетсе 46 397 теңге үнемдей  аласыз деген сөз.

Жеңілдікті пайдалану үшін ипотекалық қарызы бар қызметкерлер жұмыстағы бухгалтерияға несие келісімшарты, пайыз сомасы (сыйақы) көрсетілген төлем кестесі, пайыз төленгенін растайтын түбіртекті тапсыруы керек.

Белгілі экономика сарапшысы Айбар Олжаев мұндай жаңашылдық халықтың қаражатын үнемдеп, ипотека рәсімдеушілерге едәуір жеңілдік жасайтынын алға тартады.

– Осыдан төрт жыл бұрын Салық кодексінде ортақ ипотекаға арналған салық шегерімдерінің күшіне енуі 2025 жылға дейін кейінге қалдырылған болатын. Ол уақытта шегерім тек тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша жұмыс істеп тұрды. Енді шегерім барлық ипотеканы қамтиды. Оның ішінде «7-20-25» пен «Баспана хит» ипотекалары да бар. Шегерім сізге айлықтан төленетін жеке табыс салық мөлшерін қысқартып, қолыңызға көбірек жалақы алуға мүмкіндік береді. Сәл де болса үнемдейсіз. Ай сайын ипотекаға төлейтін соманың ішіндегі банк пайызы осы шегерім ішіне кіреді, – дейді экономист Айбар Олжаев.

Сонымен қатар, биылдан бастап салықтық шегерім ипотекалық несиемен шектеліп қалмай, білім беру ақысын төлеу кезінде де ескерілетін болады. Атап айтқанда, тұрғындар өзінің немесе балаларының білім алуына жұмсалған шығынды салықтық жеңілдік арқылы азайта алады. Мектепке дейінгі тәрбие, техникалық, кәсіптік және жоғары білім алып жатқан балалары бар қызметкерлер де жұмыс орнына білім беру қызметтері туралы келісімшарт пен төлемді растайтын түбіртекті ұсынса, жеке табыс салығын әдеттегіден аз төлейді. Бұл жаңашылдық та оқу-білімге жұмсалған қаржыны үнемдеп, отбасының бюджетіне айтарлықтай салмақ салмауға бағытталған.

Сондықтан, мемлекет тарапынан беріліп отырған осындай жеңілдіктерді оңтайлы пайдалана білу керек. Ипотекалық несие мен балалардың балабақша, колледж, жоғары оқу орнындағы білімі үшін ақы төлейтін қызметкерлер уақыт оздырмай тиісті құжаттарды есеп бөліміне өткізгені жөн. Сонда ай сайын жалақыңыздан ұсталатын міндетті төлемнің көлемі азаяды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.