Тұтынушылардан келіп түскен өтініштерді талдау нәтижесінде Павлодар облысында сауда саласындағы тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылатыны анықталды. Тұрғындарды көбінесе сапасыз тауар, қымбат баға, тауарды қайтару және айырбастау мәселесі толғандырады. Бұл салада 2023 жылдың жартыжылдығында 11 өтініш келіп түсті, бұл жалпы өтініштер санының 65 пайызын құрайды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушев 2023 жылдың 5 айында департамент азаматтардың 325 өтінішін қарағанын мәлім етті. Оның ішінде 211 өтініш бөлшек сауда саласына қатысты.

— 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында департамент тұтынушылардың 142 өтінішін қанағаттандырды, 133 тұтынушыға заңнама нормалары бойынша түсініктемелер берілді, 24 өтініш құзыреті бойынша қарау үшін басқа мемлекеттік органдарға жіберілді. Сондай-ақ, тараптардың татуласуына байланысты 16 өтініш кері қайтарылды, 10 өтініштің мерзімі ауыстырылды. Өтініштерді қарау нәтижесі бойынша 9 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды, — деді Дәулен Қабдушев.

Бүінгі таңда департамент қызметкерлерімен тұтынушылардың өтініштері негізінде 9 ірі, 1 орта және 24 шағын кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс 34 тексеру жүргізілді. Оның ішінде «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтау тұрғысынан — 24, «Сауда-саттықты реттеу туралы» ҚР Заңының талаптарын сақтау тұрғысынан 10 әкімшілік жаза қолданылды. Сонымен қатар, департамент басшысы қазіргі уақытта кез келген азамат тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы онлайн өтініш бере алатынын айтты. Әрбір тұтынушы ұялы телефон немесе компьютермен «e-tutynushy.kz» платформасы арқылы бұзылған құқықтарын көрсете алады.

— Тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың бірыңғай ақпараттық жүйесі өтініштерді қабылдау және қарау процесін автоматтандыруға арналған. Бұл — өтініштерді берудің және олардың қаралуын бақылаудың бірыңғай терезесі. Ал кәсіпкерлер үшін тауарлардың және клиенттерге қызмет көрсетудің сапасын арттыруға түрткі болады. Шағымдарды жинау мен өңдеудің мұндай бірыңғай жүйесі тұтынушылық өтініштердің барлық түріне ауқымды талдау жасауға ықпал етеді, — деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, Дәулен Қабдушев «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңнамада белгіленген мерзімде сатушы сапасыз тауарды айырбастауды немесе қайтаруды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындамағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 190-бабына сәйкес әкімшілік жауаптылық көзделгенін атап өтті.

— «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның 30-бабының 2-тармағына сәйкес тұтынушы тауардың кемшіліктерін анықтаған және оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда сатушы (дайындаушы) тиісті талап қойылған сәттен бастап оны күнтізбелік отыз күн ішінде ауыстыруға міндетті. Егер тұтынушылар осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгіне алады. Сондай-ақ, «е-tutynushy.kz» өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы арқылы өтініш қалдыра алады, — деді ол.

А.МҰҚЫШЕВ.