Сауда жасай білу де — өнер

Шіл 24, 2025

Сауда – ел дамуына бірден-бір ықпал ететін салалардың бірі. Елімізде жыл сайын шілденің төртінші жексенбісінде сауда қызметкерлерінің күні атап өтіледі. Ішкі нарықтың тұрақтылығы, отандық өнімнің ілгері басуы, тұтынушылардың құқығын ескеру сауда саласының қызметкерлеріне тікелей байланысты. Осыған орай, азық-түлік саудасында 20 жылдай еңбек етіп келе жатқан Тәттігүл Шәкіровамен қызметі жайлы әңгімелестік. 

Тәттігүл Шәкірова бала кезінде милиционер болуды армандаған екен. Кішкентайынан адамдарға қамқор болып, әділеттілік орнатуды ұнататын. Оның мәртебесі де, жауапкершілігі де зор еді. Әкесі болашақта сатушы қызметін таңдауын қолдап, ақша жағдайының тұрақты болуын қаласа, анасы баласының тоқтығына баса мән беріп, аспаз атануына кеңес берген. Алайда уақыт өте келе, колледжде оқуын аяқтаған соң, арнайы емтихан тапсырып, «Аманат» АҚ-на сатушы қызметіне жұмысқа орналасады.

– Күн сайын жұмысыма қуана келемін. Таңертең ерте келіп, күн батқанға дейін еңбек етемін. Бастысы, сатып алушылардың талғамына мән беріп, таңдаған тағамдарының көңілінен шыққаны маңызды. Тіпті қалаған заттары болмай қалса, жоқ деп айтуға қиналып, келесі күні сөреге қойып қоямын. Басында сауда саласына келген уақытта дүкендер саны аз еді. Саудамыз да екі есе жақсы жүретін. Бүгінде супермаркеттердің түр-түрі бар. Адамдардың талғамы да, таңдауы да өзгеше. Дегенмен, өзімнің тұрақты клиенттерім бар. Олардың қалаған азық-түліктері әрдайым дүкенімнен табылады. Сатушы әуелі сатып алушының қалауын тыңдап, өзіне сендіре білу керек. Достық қарым-қатынасты орната білуі де маңызды, – дейді Тәттігүл Шәкірова.

Сондай-ақ, ол азық-түлік саласының киім-кешек дүкен-деріне қарағанда адамдарды күнделікті қажетті тағамдармен қамтамасыз етуі ұтымдырақ, әрі тауар айналымы жылдам, сұранысы жоғары екенін атап өтті.

Тәжірибелі сатушының алға қойған жоспарлары нық, армандары биік. Бүгінде екі қызы мен жиенінің қызығын көруде. Сауда саласының қызметі балаларының көзі ашық, көкірегі ояу болуына әсер еткен. Олар кішкентайынан анасының аянбай еңбек еткен, маңдай термен тапқан табысын бағалай біледі. Бүгінде олар өз жолын тауып, жоғары білімін алып, бірі отбасы бақытын көрсе, екіншісі еліміздің астанасында қызмет етеді.

Қазіргі таңда сауда сала-сының қызметкерлері әлеуметтік жауапкершілік танытып, қайырым-дылық шараларына да белсенді араласады. Ауыл-аймақтарда жұмыс орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың әл-ауқатын көтеруге үлес қосуда.

Салтанат ҒАББАС.

Cуреттерді түсірген – Есенжол Исабек.