«Сақалды» құрылысқа айналған «Ертіс-Успен» су арнасының толықтай қолданысқа берілетін мерзімі әзірге белгісіз. Оның құрылысының аяқталуына қаржының жеткіліксіз бөлінуі себеп болған. Бүгінде жоба аяқталуға жақын. Алты аванкамераның үшеуі ғана суға толтырылды.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Мұрат Хамитовтың айтуынша, арнаның құрылысы 2020 жылы басталған. Жоба екі жылға есептелген, бірақ мердігер жұмыстарды 1 жылдың ішінде аяқтауды жоспарлаған. Алайда пандемияның салдарынан әрі қаржыландырудың түспеуі себебінен іс бірнеше жылға тоқтап қалды. Кейін аталмыш мәселені билік шешіп жатқанда арна табиғи эрозияға ұшырап, шөптер өсіп, құмға толған. Ал қаржыландыру қайта басталғанда арнаны іске қосу мерзімі бірнеше рет ауыстырылған.
— Қазіргі уақытта арнаның негізгі тораптары дайын. Электр желілері тартылып, қосалқы станциялар салынды. Ал нақты аяқталу мен толық іске қосылу мерзімі әзірге белгісіз. Бұған дұрыс қаржыландырмау себеп болып отыр. Бастапқыда жоба бойынша арна плиталарын пайдалану қарастырылған болатын, алайда жобалаушылар арна жанында орналасқан көлдердің болуын ескерген жоқ. Бұл көлдер қуат береді және тас жолдың басынан бір жарым шақырымға жуық қашықтықта плиталар тайып кете бастады. Салдарынан 4-інші, 5-інші және 6-ншы аванкамера зардап шекті. Осыған байланысты су бар алғашқы үш аванкамераны іске қосу туралы шешім қабылданды, — деді басқарма басшысы.
Айта кетейік, Ертіс-Успен арнасы — тұрақты ауыл шаруашылығы мен суару жүйесін дамыту тұрғысынан облыс үшін маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі. Ол өңірдегі суару алаңын 10 мың гектарға ұлғайтуға қабілетті. Бұл шаруа қожалықтарына жем-шөп алуға және бағаны тұрақтандыра отырып, жергілікті нарықты көкөністермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Одан бөлек, облыста 2020 жылдан бастап суармалы жерлердің жалпы ауданы 77,4 мың гектарға ұлғайды. Оның ішінде суармалы жерлерге инженерлік инфрақұрылымдық коммуникациясын жеткізу жөніндегі 34 жобаны іске асыру қорытындысы бойынша суаруға 21,8 мың гектар енгізілді.
— Облыс бойынша осы жылдың маусым айындағы жағдайы бой-ынша суармалы жерлердің ауданы 179,6 мың гектарды құрады. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер — 155,1 мың га, елді мекендер мен орман қорындағы жерлер — 11,2 мың га, қордағы жерлер — 13,3 мың га. Бүгінгі таңда 3,9 мың гектар алқапта суармалы егістікке аударымдар жүргізілді. Жыл соңына дейін суармалы жерлердің ауданын 190 мың га дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз, — деді Мұрат Қабылжапарұлы.
Өткен жылы аймақта жалпы ауданы 4 мың гектар жерді суа-рудың 8 жобасы іске асырылды. Биыл «Май Агро-М» ЖШС-нің 1 суару жобасы пайдалануға берілді. Құрылыс 2024 жылы аяқталған. Қазіргі уақытта 15,6 мың га алқаптағы суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу бойынша 3 жобаны іске асыру жалғасуда. Олардың барлығы өткен жылдардан ауысып келеді. 3 жобаны «Қазсу-шар» РМК – «Жангөбек» ЖШС, «My feedlot» ЖШС, Ертіс-Успенка каналы жүзеге асыруда. Суармалы егіншілікті одан әрі дамыту үшін облыста жалпы ауданы 11,4 мың гектарға 17,3 млрд теңге сомасына суармалы учаскелер салудың қосымша 25 инвестициялық жобасы бар.
25 жобаның 13 жобасын осы жылы іске асыру жоспарланған. Жалпы, іске қосу алаңы 5 мың гектарды қалдыруға тиіс. Алайда жобалардың бір бөлігінде қаржыландырудың болмауы мен өзге де себептерге байланысты кейінгі жылдарға ауысатын іске асыру мерзімдерін ұлғайту тәуекелдері бар.
Айдана БОРАНБАЕВА.