Аймағымыз инвестиция тартымдылығы мүмкіндіктерін барынша пайдаланып, өңіріміздің өңдеу өнеркәсібін өрістетуге ден қойып отыр. Бүгінде бұл салада 1027 өңдеу кәсіпорындары жұмыс істейді. Облыс тұрғындарының төрттен бір бөлігі дәл осы саладан нәпақасын тауып отыр.
Жыл соңына дейін — 7 жоба
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Сағыныш Нұрқымбаев мәлім етті. Былтыр өңіріміздің негізгі капиталына құйылған инвестиция көлемі 26 пайзыға өскен. Биыл төрт айда 179,9 млрд теңге тартылыпты. Яғни, негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі 19,2 пайызға өскен. Соның ішінде 61,9 млрд теңге өңдеу өнеркәсібіне құйылған. Қазіргі таңда өңірімізде 91 жоба жүзеге асырылуда. Бұл кәсіпорындар толық іске асса, 10 мыңнан астам жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Өңдеу өнеркәсібінде 1,9 трлн теңгенің 50 жобасы жүзеге асуда.
— Биыл өнеркәсіп саласында 106,7 млрд теңгенің 7 жобасын жүзеге асыру жоспарланып отыр. Нәтижесінде 1175 жұмыс орны құрылады. Бүгінде оның екеуі жұмысын бастап кетті. Олардың бірі Павлодар қаласында алюминий және биметалл радиаторларын шығарса, екіншісі Екібастұзда теміржол саласына қажетті пластикалық бөлшектер өндіреді. Жыл соңына дейін тағы 5 кәсіпорын іске қосылмақ, — деді Сағыныш Маратұлы.
Биыл жыл соңына дейін жүзеге асатын бес жобаға тоқталсақ, кеншілер қаласында «EkibastuzFerroAlloys» ЖШС ферроқорытпа зауыты бой көтеруде. Облыс орталығында «Павлодар құбыр зауыты» ЖШС электрмен дәнекерленетін тік тігісті құбырлар өндірісін жаңғыртып, жаңа әдістерді қолдануды қолға алуда. «Тандем Recycling» ЖШС қорғасын-мырышты аккумуляторларды қайта өңдеуге кіріседі. «Еуразия механикалық зауыты» ЖШС дайын металл бұйымдарын өндірсе, «TROYA» компаниясы ЖШС кеңсе және мектеп жиһаздарының толық өндірісін іске қосады.
Айта кету керек, ағымдағы жылы 4 айда өңдеу өнеркәсібінде 620,9 млрд теңгенің өнімі шыға-рылған. 9,3 пайызға өсім бар. Соның ішінде, металлургияда 6,9 пайызға өскені, мұнай өнімдерінің өндірісі 3,4 пайыз, ал машина жасау бағы-тында 46,9 пайыз өсімі тіркелген. Резеңке және пластикалық бұйымдар шығару да 45,2 пайызға, құрылыс индустриясы 47,4 пайызға, жиһаз өндірісі 81,8 пайызға, жеңіл өнеркәсіп 2,3 пайызға артқан.
Алдағы уақытта іске асуы ықтимал потенциалды 40 жобаның тізімі жасалған. Шикізаттық емес әрі экспортқа бағытталған өндірістерге басымдық берілуде. Аталған 40 шақты жобалардың бірқатарын атап өтсек, алдағы уақытта нәрестелерге жаялық жасауға қажетті материал өндіру жоспарланып отыр. Ол үшін қажетті шикізат та бар көрінеді. Сағыныш Нұрқымбаевтың айтуынша, бұл — мата емес, спанбонда және мельт-блауна деген материалдар. Ол ылғалды сүлгілер, медициналық құралдар, сәбилердің жаялығын жасауға қолданылады екен. Оның базалық шикізаты «Нефтехим ЛТД» кәсіпорнында өндіріледі. Мамандар бұл жобаның маңыздылығын зерделеп көрген. Жыл сайын елімізге өзге елдерден 300 мың тонна жаялық жеткізіледі. Мұндай кәсіпорын Қазақстанда да, Орта Азияның ешбір елінде де жоқ екен. Қазіргі таңда жобаға инвестор қарастыру жұмыстары жүргізілуде.
Екі қойма салынды
Ауыл шаруашылығында да инвес-тициялық жобалар қатары жыл санап артып келетіні айтылды. Бұл жайында облыстық ауыл шаруашылығы басқар-масы басшысының орынбасары Сәуле Шүкірова мәлім етті. Екі жылда аталмыш салаға құйылған инвестиция көлемі 290 млрд теңгені құрады. Осылайша, облыс — елімізде екінші орында. Биыл төрт айда да 7,6 пайыздық өсім байқалған. 2026 жылға дейін агроөнеркәсіп кешенінде іске асатын 65 инвестициялық жобаның пулы түзілген. Биыл 35-і іске асады деп күтілуде. Үшеуі жұмысын бастап үлгерген. Яғни, Аққулы ауданы мен Екібастұз қаласының ауылдық аймағында көкөніс қоймалары салынса, Ақтоғайда суармалы алқап айналымға қосылды.
Қалған жалпы сомасы 53 млрд теңге тұратын 32 жоба сүт өндірісі, суармалы алқап, ауыл шаруашылығы өнімін сақтау, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сынды негізгі төрт бағытты қамтымақ. Диқандар суармалы алқаптың тиімділігін түсінгендей. Көпшілігі суармалы алқап көлемін арттыруға көшкен. Биылдың өзінде 15 жоба — дәл осы бағытта. Нәтижесінде 9,5 мың гектардан астам егістік суармалы алқапқа айналады. Осы мақсатта аймақ шаруалары 20 тамшылата суару техникасын сатып алыпты. Қазіргі таңда жабдықтарды орнату жұмыстары жүргізілуде.
Болашақ жобалардың бірі қытырлақ өндірісі болмақ. «Ақтоғай Агро» кәсіпорны «Чипс Азия» атты өндірісті қолға алмақ. Кәсіпорын Ақсу қаласында орналасады. Қазіргі таңда жер телімін рәсімдеу, кәсіпорынды тіркеу, тиісті құжаттар рәсімдеу жұмыстары жүргі-зілуде. Былтыр «Ақтоғай Агро» чипсы жасауға жарайтын картоп сұрпын өсіріп көріпті. 9 мың тоннаға жуық өнім алған. Зауыт жылына 20 мың тонна картопты өңдеуге қауқарлы.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.