Тауарлар тізімі толықты

Қаң 8, 2026

Бұған дейін елімізде әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімінде бірінші кезекте керек 19 өнімнің атауы болатын. Енді олардың қатарына тағы 12 өнім қосылды. Ел билігі қарапайым тұтынушылардың қалтасына салмақ түспес үшін осындай шешім қабылдағанымен, кей кәсіпкерлер оның салдарынан шағын бизнес зардап шегетінін алға тартып отыр. Мұндай өзгеріс кімге пайда, кімге шығын әкеледі?

Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің бұйрығына сәйкес, жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі 31 өнім болып бекітілді. Толықтырылған тізімге қызанақ, қияр, алма, сиыр еті, тартылған ет, қой еті, салқындатылған, мұздатылған балық, ультрапастерленген сүт, қаймақ, қатты ірімшік, қара шай қосылды. Әр өнім бизнес қауымдастық, кәсіпкерлер палатасы және мемлекеттік органдар өкілдерімен қосымша талқыланбақ. Атап өту керек, бұл тізімге тауарлардың үстемеақысы 15 пайыздан аспауы тиіс. Әйтпегенде, шағын, орта және ірі кәсіпкерлік нысандарына әр түрлі көлемдегі айыппұл салынып, әкімшілік жауапкерші-лікке тартылуы мүмкін.

Әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімін уақытша кеңейтудің басты мақсаты – сұранысы жоғары өнімдерді тұтынушыларға қолжетімді ету әрі баға тұрақтылығын сақтау. Сол арқылы бағаны белгілеу ашықтығын қамтамасыз етіп, жоғарыда көрсетілген тауарларға жоғары үстемақы қосатын делдалдарды тежеу де көзделіп отыр. Ал кеңейтілген тізімдегі тауарларды өндірушілерге өнім көлемін арттыруға, қуаттылықты қосуға тың серпін береді. Сонымен қатар, тауардың әлеуметтік маңызы бар өнімдер тізіміне қосылуы өндірушілер мен импорттаушыларды сауда желілеріне сыйақы мен ретро-бонустар төлеу міндетінен босатады. Бұл тауардың соңғы бағасын арзандатып, бизнеске босаған қаржыны дамуға бағыттауға мүмкіндік береді.

Дей тұрғанмен, кей кәсіпкерлер мұндай бастамамен келіспейтін көрінеді. Бизнес өкілдерінің базынасын «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов тұтынушыларға оңтайлы болатын бұл бұйрықтың өзге қыры да бар екенін атап өтті. Тағы 12 тауардың бағасы бақыланып, 15 пайыздан артық үстемақы қоса алмайтын болса, табыс таппақ түгілі берешекке бататын көрінеді. Себебі, кез келген өнімге қосылатын ақы банк комиссиясы, салық, ғимаратты жалға алу, коммуналдық қызметтер, жұмысшылардың еңбекақысына жұмсалады.

— Айталық, өсімдік майына немесе ұнға қосылатын үстемақы тым болмағанда логистикалық шығындарды өтемеген кезде кәсіпкер шығынға жұмыс істеймін бе әлде бұл өнімді мүлде сатпай-ақ қоямын ба деген екі ойдың арасында болады. Жағдай жалпақ жұртқа түсінікті болуы үшін мынадай мысал келтірейін: өсімдік майын 800 теңгеден алған кәсіпкер 15 пайыз үстемақы қосып, оны ары кеткенде 920 теңгеге сатуы керек. Бұл 120 теңгелік үстемақының 28 теңгесі салыққа, 37 теңгесі сатушының айлығына, 14 теңге банк комиссиясына беріледі. Сөйтіп, 41 теңге ғана қалады. Ол коммуналдық шығындар, бухгалтерлік есеп, шаруашылық шығындар, есептік шоттан қаржыны алу комиссиясына жетуі керек. Сонда дүкен табыссыз қалады деген сөз, — деді Т.Жаркенов.

Бұл ретте әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізіміне элиталық сұрыптағы сиыр етінің, қияр, қызанақ сынды маусымдық көкөністердің де енуі кәсіпкерлерді тығырыққа тірейтінін алға тартты. Ал жарамдылық мерзімі қысқа, тез бұзылатын қаймақ, балық, көкөністер дүкендерді тағы да тәуекелге итермелейтінін айтты.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бағаны тұрақтандырудың тиімді тетігі ретінде анағұрлым заманауи экономикалық құралдарды енгізуді ұсынып отыр. Атап айтқанда, «әлеуметтік әмиян» жүйесін іске қосып, тек әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға цифрлық ваучерлер беру қажет деген ойды ортаға салды. Бұл нарыққа бәсекелестік аясында жұмыс істеуге мүмкіндік берсе, мемлекетке әр көмектің нақты адамға берілуін қадағалауға жағдай жасайды. Сондықтан бағаларды уақытша тежеудің емес, оларды реттеудің ұзақмерзімді стратегиясын қарастырған жөн болар деген пікір білдірді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.