Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы бақылауда тұр. Жауапты мамандардың сөзінше бағаны тұрақтандырып ұстап тұру үшін өңірдегі сауда желілерімен арнайы меморандум жасалған.
Сондай-ақ, облыста ауыл- шаруашылық өндірісін дамыту, ішкі нарықты байыту және әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша жүйелі жұмыстар жалғасуда.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында облыс әкімінің орынбасары Әйгерім Қабылтаева 2024 жылы өңірдің ауылшаруашылық кешенін қолдауға 80 млрд теңгеден астам қаражат бағытталғанын, бұл соманың 33,7 млрд теңгесі субсидияларға, ал, 46,6 млрд теңге жеңілдікпен несиелеуге бөлінгенін атап өтті. Жалпы алғанда 1,5 мың фермер қолдауға ие болды. Бұл шаралар 24 жаңа жобаны жүзеге асыруға, 480 жұмыс орнын құруға және өңірдің ауыл шаруашылығына 226 млрд теңге инвестиция тартуға мүмкіндік берді. Осының нәтижесінде Павлодар облысы бұл көрсеткіш бойынша Қазақстан өңірлерінің арасында бірінші орынға шықты.
— Қазіргі таңда Павлодар облысы жалпы картоп пен сәбіз өсіру бойынша республикалық көлемнің көрсеткішіне сәйкес 27 пайызын және 44 пайызын өндіреді. Сонымен бірге, өңірімізге дәнді дақылдардан жарма өндірудің 24 пайызы, оның ішінде, қарақұмық жармасының 71 пайызы тиесілі. Жыл басынан бері өңірімізде өндірілген азық-түлік өнімдерінің жалпы көлемі 154 млрд теңгені құрады. Облыста ауылшаруашылық шикізатын өңдеуді және нарықты жергілікті кәсіпорындардың өнімдерімен толтыруды қамтамасыз ету үшін 108 дайындау пункттері мен 251 қайта өңдеу нысаны жұмыс істейді. Нәтижесінде облыстағы азық-түліктердің жергілікті өндірісі өнімдердің 12 түрі бойынша толық көлемде қамтамасыз етіліп отыр, — деді ол.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары апта сайын статистика органдары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексін қалыптастыратынын атап өтті. Бұл бағалардың мониторингі мен сараптамасын жедел түрде жүргізуге мүмкіндік береді.
— Есепті аптадағы баға индексі 99,8 пайызды құрады, бұл — республика бойынша орташа индекстен төмен деңгей. Жалпы, облыс бойынша азық-түліктердің 15 атауы бойынша бағалар орташа республикалық бағалардан төмен, ал, 8 позиция бойынша облыс ең төмен бағалары бар 5 өңірдің қатарына кіреді. Бағаларды тұрақтандыру мақсатында облыста тұрақтандыру қоры құрылды. Бүгінде мұнда бағасы 2,3 млрд теңгелік 11,5 мың тоннаның өнімдері бар. Тұрақтандыру қорының өнімдері 208 сауда орындары арқылы 10 пайыз үстемемен сатылады. Жыл басынан бері сомасы 490 млн теңге болатын 2 мың тонна өнім сатылды. Бағаларды одан ары тұрақтандыру үшін маусым- аралық кезеңде ауылшаруашылық тауарларын өндірушілермен 10 мың тонна картоп пен 3 мың тонна сәбіз тапсыруға меморандумдар жасалды. Әлеуметтік сауда нүктелерін қамтамасыз ету жұмыстары қазірдің өзінде басталды, ал, тұрақтандыру қорының серіктес дүкендеріндегі картоп пен сәбіздің бағасы сәйкесінше 120 және 95 теңгені құрайды, — деді Ә.Жаңбыртайқызы.
Айта кетейік, 28-30 желтоқсан аралығында облыстың қалалары мен аудан орталықтарында, оның ішінде Павлодар қаласының 9 шағын ауданында кеңейтілген ауылшаруашылық жәрмеңкелері өтеді. Бұдан бөлек, қазіргі уақытта апта сайын сенбі күндері «Jailau» базарының аумағында барлық аудандардың тауар өндірушілерінің қатысуымен ауылшаруашылық жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Бұл іс-шаралар өңір тұрғындарын мереке күндері сапалы және қымбат емес азық-түліктерге қол жеткізуін қамтамасыз етуге бағытталған.
А.МҰҚЫШЕВ.