Жыл басынан бері ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті 4 әкімшілік іс қозғады. Мәселен, нарықты талдау, сондай-ақ, өтініштерді қарау қорытындысы бойынша департамент монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің болуы туралы 4 хабарлама шығарды. Сондай-ақ, департамент бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуына 6 тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізді.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Қуат Өтеуов басқарма мамандары бәсекелестіктің жай-күйі мен дамуын зерделеу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын жүзеге асырып жатқанын атап өтті.

Айтуынша, департаменттің жұмысы бірнеше негізгі бағыттардан құралады. Оның ішінде тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйін анықтау, монополияға қарсы заңнаманы бұзу бойынша тергеп-тексеруді жүргізу және тауар нарықтарындағы анықталған кедергілерді жою жұмысы.

– Бірінші бағыт бойынша департамент 2024 жылғы қаңтар-маусым аралығында Павлодар облысының тауар нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне 19 талдау жүргізді. Жанар-жағармай, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары зерделенді. Есептік кезеңде департамент 19 монополияға қарсы комплеансқа қол қойды. Екінші бағыт бойынша бәсекелестікті қорғау мақсатында нарық субъектілері монополияға қарсы заңнаманы бұзған жағдайда ден қою шаралары қабылданады. Ал үшінші бағыт бойынша бәсекелестікті дамыту нарыққа кіру үшін бар кедергілерді анықтау және жою болып табылады. Бүгінгі таңда облыста Кедергілер жөніндегі кеңес жұмыс істейді, – деді Қ.Өтеуов.

Сонымен қатар, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің бәсекелестікті дамыту бөлімінің басшысы Әсел Нысанбекова ведомство заң бұзушылықтар туралы хабарланған кезде мамандар ескерту беретінін немесе тексеру жүргізетінін еске салды. Заңнама талаптарын бұзған жағдайда тексеру субъектісіне айыппұл салынады.

Алтынбек МҰҚЫШЕВ.