Ұлттық валюта дегенде көбіміз Тәуелсіздік алғаннан кейін қолда-нысқа шыққан төл теңгемізді көз алдымызға әкелеміз. Ал Г.Потанин атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі егемендік жылдармен шектелмеуді жөн көрген. Нақтысы, Ұлттық валюта күніне орай кезінде Қазақ жерінде әртүрлі тарихи кезеңдерде айналымда болған ақшаның түр-түрін көрмеге қойып, таныстырды.
Көнесін де көрдік
Бұл көрмеден Қазақстан аумағында бірнеше ғасыр бұрын және тәуелсіздік жылдары қолданыста болған тиын мен теңгені, қағаз банкноттарды кезең-кезеңімен көруге болады.
— Көрмеге Алтын орда дәуірінен бастап тәуелсіздік кезеңіндегі ақшаның тарихына тоқталдық. Мұнда патша заманы, кеңес үкіметі кезеңі де қамтылған. Яғни, Қазақстан аумағында сауда-саттықта қолданылған монеталар мен ақшаның түр-түрі қойылған. Ұлттық валюта тарихын көбінде тәуелсіздік жылдарымен шектеп жатамыз. Ақша мемлекеттіліктің нышаны екенін білеміз. 15-16 ғасырларда да ақша болды, — дейді музей басшысы Арман Әлиақпаров.
Әлбетте, музейдің валютаға қатысты коллекциясы санаулы ғана. Сондықтан ұйымдастыру-шылар аймағымыздың нумизмат мамандарының жинаған бағалы топтамаларын, Ұлттық банк сияқты мемлекеттік органдарды да тартуды жөн көрген. Міне, осындай жандардың бірі –
Төлеген Қалиев есімді азамат. 7 жасынан бастап түрлі тиын-теңгені, қағаз ақшаларды жинауды әдетке айналдырған. Ауладан тауып алған көне тиын павлодарлық балаға жаңа хобби бастауына түрткі болыпты. Алпыстан асса да, әлі де балалық қызығушылығы басылмапты. Керісінше, үдей түскен. Алғаш коллекциясына қосқан монетасы сонау 1790 жылы шыққан екен. 18-ғасырда шыққан мыс, күміс, алтын монеталарды таныстырудан бастаған коллекционер әр кезеңдегі валюталық, банкноттық өзгерістерді бес саусағындай біледі. Әрқайсысын жалықпай түсіндіруге бар. «Мына монета кезінде қолдан жасалғаны көрініп тұр, кезінде құрылғысыз қолдан жасалатын, шеттері тегіс емес» деп үш ғасыр бұрынғы монетаны нұсқады. Топтамасының арасында арабтың өрме жазуы бар монеталар да кездеседі.
1917 жылғы төңкеріске дейін қолданылған шеруенді де көрсетті. «Бір шеруен 10 рубль тұратын» деп әңгімесін жалғады. Алтынға айырбасталатын, патшалық құнды банкноттар санатында болғанын да атап өтті. Төңкерістен кейін құны құлдыраған көрінеді. Сол бір кездері банкноттардың көлемі үлкен болуының да себебін түсіндірді. Алдымен алаяқтардың қолдан жасап алмауы үшін қорғаныс амалы болған. Сонымен қатар, ақшаның күшін көрсету көзделген.
Төл теңге – түрлі стильмен
— Тәуелсіздік алғаннан кейін қолымызға төл теңгеміз тиді. КСРО құлаған соң Ресей біздің рубльдік аймақтан шығуымызды талап еткен. Себебі, оларға экономикалық тұрғыдан тиімсіз болды. Сөйтіп, Президент төл валютамызды Англияда шығарудың амалына көшті. Ол да оңай болған жоқ. Банкноттың нобайын жасауға жиналған төрт суретші тарапынан түрлі ұсыныс болған. Тіпті, Президенттің портретін қоюды да алға тартқан. Бірақ, Мемлекет басшысы одан бас тартты. Ақыры ұлы тұлғаларымызды төл теңге арқылы таныту құпталды. Кейін ақшамыз өз елімізде шығарыла бастады. Монета да, банкноттар да тарихты танудың бір құралы болуы тиіс. Сондықтан кезінде «Әл-Фараби» сериясымен шыққан банкноттар да, «Сақ» стилімен басылған ақшамыздың да орны бөлек, — дейді Төлеген Шыңғысханұлы.
Иә, біздің төл теңгеміз әр жылдары түрлі стильде басылған. Ұлттық банктің облыстық филиалының өкілі Айгүл Халидинованың айтуынша, 1993 жылдың 15 қарашасында алғашқы төл теңгеміз «Портреттер» стилімен басталған. Келесі жылы «Әл-Фараби» стилі таңдалған. Мұнда қазақтың ұлы тұлғаларының суреттері бейнеленді. Бұл стиль 2003 жылға дейін сақталған. 2006 жылы «Бәйтерек» сериясымен банкноттар айна-лымға шықты. 2011-2022 жылдар аралығында «Қазақ елі» серия-сындағы қағаз ақшаларды қолдансақ, былтыр «Сақ стилі» сериясымен банкноттар басыла бастады. Бұл стиль 2026 жылға дейін сақталатын көрінеді. Соңғы стильді қолға алудың себебін Ұлттық банк ұлттық мәдениет пен тарихқа деген қызығушылықты ояту мақсатымен байланыстырады.
— Өзіміздің Ұлттық валютамызды енгізу туралы Президенттің шешімі еліміздің экономикасын жаңа бір сатыға көтерген еді. Яғни, Қазақстанда ұлттық нарықтық экономика құруға жасалған алғашқы қадамдардың бірі болды. Қысқа мерзімде – бір жылда төл теңгеміз жасалды. Бірақ жоғары сапасымен ерекшеленді. Оны қолдан жасап алуға жол берілмейтіндей жақсы қорғалған валюталардың бірі саналады. Мұнда су белгілері, қорғаныс жіптері, мөлдір терезешелер, жасырын бейнелер, микрошрифтер және тағы басқа тәсілдер қолданылды, — дейді А.Халидинова.
Әр сериясын «аңдып» отырып алады
Нумизмат Төлеген Шыңғыс-ханұлының топтамасынан көрмеге қойылған жәдігерлердің ішінде коллекциялық монеталардың да көптігін байқадық.
— Коллекциялық монеталар аз ғана данамен шығарылады. Мұндайда аңдып отырып, алуға тырысамын. Кейде үлгермей қалатын кездер де болады. Олар күміс, алтын болуы мүмкін. Арнайы сертификаты да беріледі. Онда монетаның таралымы, сериясы, салмағы, көлемі бәрі жазылады, — дейді Т.Қалиев.
Осы ретте, коллекционер «Ғарыш» сериясымен шығарылған монеталар топтамасын таныстырды. Айтуынша, оларды шығаруда күміспен қатар тантал деген қымбат әрі сирек кездесетін металл қолданылады. Бұл металл түрі қыздырып, қорытқан кезде, температураға қарай түсін өзгертіп отырады. Сәйкесінше, қандай температурада қалыпқа түсірілсе, соған сай монетаның түсі қалыптасады. Көптеген көрмеге қатысқан коллекционер қазақстандық монеталар өзге елдердікінен әлдеқайда әдемі екенін айтты. Ол монеталар арқылы тарихты тануға болатынына сенімді. Бір шағын жәшігіндегі осындай мақсатта жарыққа шыққан монеталарды бір-бірлеп таныстыра бастады. Бірінде қоғам қайраткері Жұмабек Ташеновтің есімі
жазылса, бірінде Ұлы отан соғысының батыры Мәлік Ғабдулиннің аты басылған. Біздің кейіпкеріміз олардың әрқайсысының елі үшін атқарған ісін жаңылмай, көпшілікке жар салуға әзір.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.