Бүгін Павлодар облысына ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков жұмыс сапарымен келді. Вице-министр сапар барысында «Қазақстан алюминийі» АҚ қарасты №1 жылу-электр орталығында болып, кәсіпорындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Қазіргі уақытта мұнда №7 қазандық агрегаты мен №8 қазандық агрегатына кеңейтілген ағымдағы жөндеу, сондай-ақ №1 көше турбоагрегатына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорынның бас инженері Медет Сатовтың айтуынша, 1983 жылы іске қосылған жетінші қазандықта 40 жылдан астам жұмыс істеп келе жатқан экранды қыздырғыштар ауыстырылуда. Сонымен қатар, қазандықтың барабан, ауа өткізгіштер, шаң жүйесі, айналмалы механизмдер мен электр қозғалтқыштары жөнделіп, ауа қыздырғыш текшелерін жөндеу және ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. №8 станциядағы қазандық қондырғысын жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Екі қазандықты қыркүйек айының соңына дейін іске қосылмақ.

– «Қазақстан алюминийі» АҚ 2023 жылға арналған инвестициялық бағдарламасына енгізілген бұл шаралар құрал-жабдықтың тозуын 2,2 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді. Бұл ҚР Ұлттық экономика министрлігінің 2023-2027 жылдарға арналған даму жоспарында белгіленген критерийге сәйкес келеді. Сондай-ақ, жөндеу науқаны аясында №1 станцияның турбоагрегатында типтік күрделі жөндеу жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін «ERG Service» ЖШС-мен келісімшарт жасалды. Жыл соңына дейін басқа да негізгі және жылу жабдықтарын ағымдағы жөндеуді, №3 түтін құбырын жөндеуді аяқтау жоспарлануда, – деді М.Сатов.

Өз кезегінде вице-министр жылу беру маусымына дайындық мәселелері әлеуметтік маңызға ие екенін атап, жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін қажетті шараларды уақытылы іске асыру керектігін айтты.

А.Мұқышев.
Суреттерді түсірген – автор.