Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында «Салауатты ұлт» ұлттық жобасын іске асыру және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасына қатысты өзекті мәселелер қаралды. Облыс әкімі Асайын Байханов тиісті мекеме басшыларының есептерін тыңдап, олқылықтарды жою бойынша тапсырмалар берді.

«Салауатты ұлт» жобасы аясында өңірде 8 көрсеткіш іске асырылуда. Осы жылдың 9 айы ішінде облыстың 252 елді мекенінде 22 мыңнан астам диагностикалық зерттеулер жүргізілген. 1 қарашадағы жағдай бойынша медициналық көмекті қаржыландыру көлемі 64,7 пайызды құрады. Биыл 20 ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

– Бағдарлама бойынша жылдың аяғына дейін Набережное, Пограничник ауылдары және Әлкей Марғұлан ауылдық округінде медициналық нысанның құрылысы аяқталады. Ал келесі жылы 30 ауылдық елді мекенде жаңадан медициналық нысан салу жоспарланған, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Сейітқазинов. Сондай-ақ, жыл басынан бері шалғай жатқан ауылдарға арналған санитарлық көліктер кезең-кезеңімен жаңартылуда. Облыс бойынша 37 санитарлық автокөлік сатып алынды, ал 2025 жылға қарай медициналық ұйымдардың санитарлық көліктерін толық жаңарту жоспарлануда. Бүгінде күрделі жөндеу жүріп жатқан 20 нысанның 11-інде жұмыстар толық аяқталса, бесеуі жылдың соңына дейін тапсырылуы тиіс. Атап айтқанда, облыс орталығындағы балалар үйі, №2 жедел жәрдем қосалқы станциясының гаражы, Шарбақты аудандық ауруханасының Шегірен мен Баянауыл аудандық ауруханасының Үшқұлындағы медпункттері, Ақтоғай аудандық ауруханасының Әуелбек ауылындағы дәрігерлік амбулатория. Асайын Байханов аталған нысандар бойынша тәуекелдердің болдырмауын қадағалау керектігін қадап айтты.

– Жылдың соңына дейін бір айдан астам уақыт қалды. Нысандар бойынша қатаң бақылау жүргізу керек. Әсіресе, Павлодар қаласын назарға алу қажет, – деді аймақ басшысы. Облыс әкімі Асайын Байханов қала басшысы Х.Хабылбековке қала аумағындағы нысандарды аралап, жұмыс барысын қадағалауды тапсырды. Денсаулық сақтау басқармасының есебін тыңдаған Асайын Байханов оң көрсеткіштерге қарамастан, медициналық көмек көрсету жүйесін жетілдіру қажет екенін атап өтті. Денсаулық сақтау басқармасына ұлттық жобаның жоспарлы көрсет-кіштерінің нәтижелі орындалуын бақылау қажеттігін ескертті. Бүгінгі таңда облыс әкімдігіне денсаулық сақтау мәселелері бойынша 1273 өтініш түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға артық. Сондықтан жұмыстың сапасын сапалы емдеуден өтіп, денсаулығын жақсартқан адамдар санымен өлшеу керектігіне назар аударылды. Аппараттық жиын барысында бағаның негізсіз өсуін тежеу шаралары талқыланды. Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ержан Иманзайыповтың айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында «Форвардтық сатып алу» бойынша көкөністер, жұмыртқа, сиыр еті мен нанды жеткізуге келісім-шарттар жасалған. Тұрақтандыру қорында 2,9 млрд теңге сомасына 15 мың тонна өнім бар. «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ қорларынан қаладағы наубайханалардың ұн тарту кәсіп-орындарына 9,4 мың тонна астық жеткізу мәселесі пысықталған. Азық-түлік тауарларына баға белгілеудің барлық тізбегі бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия 55 делдалды анықтап, тиісті шара қолданған. Облыс әкімі А.Байханов әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру алгоритмін толық-қанды іске асырып, «Павлодар» ӘКК тұрақтандыру қорынан өнімдерді уақтылы іріктеу, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен келісім-шарттар жасау, делдалдар мен сауда үстемелерін анықтау жөніндегі жұмыстарды күшейте түсуді тапсырды. Сонымен қатар, жиында Екібастұз, Ақсу қалаларында фермерлік базарлар салу мәселесі талқыланды. Бүгінде екі қалада да нысанды салуға арналған жер телімдері таңдалған. Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, жергілікті әкімдік 31-шағын ауданда тиісті жер телімі бөлінген. «Артпроект плюс» ұйымымен келісімшарт негізінде жобаны дайындау жұмысына кіріскен. Жобаны келесі жылы жүзеге асыру үшін оны қаржыландыру мәселесі қарастырылуда. Ал Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсенбиновтің айтуынша, фермерлік базар салу мақсатында алаңы 0,3 гектар жер таңдалған.

– Жер комиссиясының қорытын-дысы алынды. Эскиздік жоба әзірленді. Әлеуметтік жобалар корпорациясы жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетті. Кәсіпкер ойын-сауық орталығы ғимаратын жылдың соңында қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан кейін ауыл шаруашылығы базарының жұмыстарына кіріседі, – деді Нұрлан Дүйсенбинов. Жиын барысында облыс әкімі Асайын Байханов Павлодар қаласында «Jailau» базарында ет сатушылардың жұмысына қатысты бірнеше шағым түскенін айтты.   «Павлодар» ӘКК» АҚ директоры Тимур Жантеміровтің сөзінше, ет өнімдерін сату алаңдарын ұлғайтуға қатысты сметалық есеп әзірленген.  Ет сататын сауда орындарын 29-ға дейін арттыру жоспарланып отыр. Барлық құрылыс жұмыстары осы жылдың соңына дейін аяқталады. Аппараттық жиынды қорытындылаған облыс әкімі Асайын Байханов әлеуметтік бағалардың өсуіне жол бермеу қажеттігін ескертіп, әр сенбі сайын ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін өткізуді тапсырды.

Т.ӘБІЛДА.