Биыл жаңа Салық кодексінің қолданысқа ену кезеңінде кәсіпкерлер мен азаматтарға маңызды жеңілдік қарастырылды. Енді Мемлекеттік кірістер комитеті 1 наурызға дейін тапсырылған есепті кері қайтарып, салық салу режимін қайта таңдауға рұқсат берді. Бұл шешім есепті қате тапсырған немесе өзіне қолайлы салық режимін таңдауға үлгермеген салық төлеушілерге уақытша мүмкіндік береді. Бұл жеңілдік кімдерге қатысты? Қай жағдайда салық төлеушілер осы мүмкіндікті пайдалана алады? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмысы және Байланыс орталығы басқармасының басшысы Төлеген Шаймерденовпен әңгімелестік.
– Төлеген Біләлұлы, оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимін қолдану үшін кәсіпкерлер 1 наурызға дейін қандай әрекет жасауы қажет?
– 2025 жылы арнаулы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлердің жаңа салық режимдеріне көшуін жеңілдету мақсатында Салық кодексінің 840-бабына сәйкес өтпелі ережелер енгізілді. Аталған ережелерге сәйкес, оңайлатылған декларация режимін қолдануды жалғастыру үшін салық төлеушілер 2026 жылғы 28 ақпанға дейін режимге көшу туралы хабарлама ұсынуы қажет. Хабарламаны бірнеше тәсілмен тапсыруға болады. Атап айтқанда, салық төлеушінің кабинеті, «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы және ірі банктердің мобильді қосымшалары арқылы электронды түрде жолдауға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, хабарламаны орналасқан жері бойынша мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде тапсыруға болады.
– Егер кәсіпкер белгіленген мерзімге дейін салық режимін таңдау туралы хабарлама жібермесе, оған қандай кері әсері тиеді?
– Мұндай хабарлама ұсынылмаған жағдайда, салық төлеуші 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібін қолданушы болып танылады.
– Ал оңайлатылған декларация режимінің шағын және орта бизнес үшін қандай артықшылықтары бар?
– Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі шағын және орта бизнес субъектілері үшін бірқатар артықшылықтар ұсынады. Атап айтқанда, бұл режим Үкімет белгілеген тыйым салынған қызмет түрлерінен басқа барлық қызмет түріне қолданылады. Сонымен қатар, жалдамалы қызметкерлер санына шектеу қойылмайды. Кәсіпкерлер қосылған құн салығын және әлеуметтік салықты төлеуден босатылады.
Облыста оңайлатылған декларация негізіндегі салық мөлшерлемесі 3 пайыз деңгейінде белгіленген. Бұл – бірыңғай белгіленген 4 пайыздық мөлшерлеменің 2026 жылға мәслихаттардың шешімімен төмендетілген нұсқасы.
Жылдық табысы 24 000 АЕК-тен (103,8 млн теңге) асқан жағдайда кәсіпкерге еңбекақы қоры сомасына салық салынатын табысты азайту құқығы беріледі. Ал жылына 135 000 АЕК-ке дейін табыс табатын дара кәсіпкерлер бухгалтерлік есеп жүргізуден босатылады.
Айта кету керек, оңайлатылған декларацияны тапсыру және тиісті салықтарды төлеу жылына екі рет жүзеге асырылады.
– Жаңа Салық кодексіне сәйкес арнаулы салық режимдерінің саны нешеу және олар кімдерге арналған?
– Жаңа Салық кодексіне сәйкес, арнаулы салық режимдерінің саны 3‑ке қысқартылды. Бұрын (2025 жылға дейін) жеті түрлі арнайы режим болса, жаңа Салық кодексінде тек үш негізгі режим қалды. Аталған режимдер өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға, жеңілдетілген декларациямен салығын есептегісі келетін кәсіпкерлерге және шаруа/фермер қожалық иелеріне арналған.
– Ақпаратыңызға рақмет!
Әңгімелескен – Айдана БОРАНБАЕВА.
