Соңғы уақытта қоғамда көліктерге салынатын утилизациялық алым көлемін азайту мәселесі қызу талқылануда. Осыған байланысты петиция да жарияланып, оған 50 мыңнан астам адам қолдау білдіріп, қол қойды. Сәйкесінше, арнайы қоғамдық тыңдау ұйымдастырылып, мәселе тереңінен талқыланды. Қоғам белсенділері мен құзырлы министрлік өкілдері қандай шешімге келді? Алымның сомасы әлі де жүргізушілердің қалтасын қаға ма, әлде оларға талап етілгендей жеңілдіктер жасала ма?
Авторлардың талабы қандай?
Еліміздегі заңнамалық ережелерге сәйкес, тұрғындар көлік сатып алған тұста утилизациялық алым төлеуге міндетті. Алайда бүгінгі таңда оның белгіленген көлемі талай тұрғынның қалтасына салмақ салып отыр. Айталық, қазіргі уақытта жеңіл көлік иелері ең аз дегенде 277 мың теңге көлемінде утилизациялық төлем жасауы тиіс. Ең жоғары сома 2 млн теңгеден асып жығылады. Мұндай қомақты аударымдарды жасауға көлік иелерінің басым бөлігі қауқарлы емес. Оған қоса, жоғары сомалы утилизациялық алым нарықтағы автомобильдер бағасының шарықтап шыға келуіне әсер етпей қоймайды.
Осы мәселелердің барлығын назарға ала отырып, қоғам белсендісі Санжар Боқаев бастаған бастамашыл топ 10 мамыр күні мемлекеттік e-Petition ресурсында «ҚР халқы утилизациялық алымға және алғашқы тіркеуге қарсы» атты петиция жариялады. Санаулы күндер ішінде петицияға 50 мыңнан астам қол қойып, мұнда көрсетілген ұсыныстарды қолдайтынын білдірді. Атап айтқанда, петиция авторлары бірнеше талапты белгіледі. Олардың қатарында жеңіл автокөліктерге арналған утилизациялық алым мөлшерін 100 мың теңгеге дейін азайту, басқа көлік түрлеріне утилизациялық алымды нөлге тең ету, ал ауыл шаруашылығы техникасынан оны мүлде алып тастау ұсынылған. Сонымен қатар, жеңіл автокөліктің жылына байланысты алғашқы тіркеу алымының мөлшерін 0,25 – 500 айлық есептік көрсеткіштен 0,25 АЕК-ке немесе 923 теңгеге (2024 жылы) дейін азайтуды талап етті.
Саяси реформалық өзгерістерге байланысты қандай да бір петиция 50 мыңнан астам қол жинаса, ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексіне сәйкес шенеуніктер мен өтініш берушілерден тұратын уақытша комиссия құрылып, оны қарауға тиіс. Соның аясында утилизациялық алымға да қатысты арнайы жұмыс тобы құрылды.
Қаржы қайда жұмсалды?
Күні кеше аталған мәселе аясында Алматы қаласында қоғамдық тыңдау өтті. Бірақ оған петиция авторларының өзі қатысқан жоқ. Мұны жұмыс тобының атқарған ісіне көңіл толмауымен, оған қоса тыңдаудың «Hyundai Trans Almaty» зауытында ұйымдастыруымен түсіндірді. Бейтарап аймақта, яғни Астана қаласында сарапшылардың қатысуымен өтсе ғана бой көрсететінін білдірді.
Сонымен, Алматыдағы қоғамдық тыңдауға жиналғандар алдында алдымен бұған дейін тұрғындар төлеген утилизациялық алым қаражатының қандай мақсаттарға жұмсалғаны түсіндірілді. «Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шынасыл Ерназардың айтуынша, 2022-2023 жылдары жеңілдетілген автонесие-леу, ауыл шаруашылығы техникасының лизингін қаржыландыруға 180 миллиард теңге бөлінді. Қоқыс өңдеу және сұрыптау зауыттарын салуға, орман мекемелері үшін арнайы техника сатып алуға қосымша тағы 200 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр. Сондай-ақ, 90 миллиард теңгені көздейтін түзетулер енгізіледі. Бұл қаржы Су ресурстары министрлігінің, орман мекемелерінің және автобус сатып алудың қажеттіліктеріне бағытталады.
— «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы қайтарымды негізде бөлінуі жоспарланып отырған 470 миллиард теңгенің 185 миллиард теңгесі зауыттарға жұмсалады. Бүкіл Қазақстан бойынша жылына жалпы қуаты 3 миллион тонна қалдықты сұрыптайтын 21 желі, қайта өңдеу бойынша 45 зауыт салынып, 223 арнайы техника сатып алынады, — деді ол.
Сонымен қатар, «Жасыл даму» бағдарламасы бойынша қаржы бөлініп, 13 347 отбасы жеңілдетілген автонесиелеу арқылы жаңа көлік сатып алғанын айтты.
— Биыл су тасқынына байланысты төтенше жағдайлар министрлігі мен су ресурстары және ирригация министрлігін қажетті техникамен жарақтандыру үшін Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қосымша 50 миллиард теңге бөлу жоспарланған. Автобустарға келсек, автобустардың жеңілдетілген лизингіне 45 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр, оған 1100-ге жуық жаңа автобус сатып алынады. Осыған дейін бөлінген қаражатқа жылына үш миллионнан астам жолаушыға қызмет көрсететін 349 жаңа автобус сатып алынды. Ал орман өрттерін сөндірудің жеделдігін қамтамасыз ету үшін 40 млрд теңгеге жаңа техникалар сатып алынады, — деп түсіндірді Ш,Ерназар.
Ұсыныс қолдау тапқан жоқ
Өз кезегінде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің департамент директоры Әділбек Бектібаев петицияда көрсетілген уәждердің шындыққа сәйкес келмейтінін алға тартып, ұсыныстың қанағаттандырылмайтынын айтты.
— Петициядағы уәждердің шындыққа жанаспайтынын, оған қоса жобаны қоғамдық талқылау кезінде қосымша негіздердің ұсынылмағанын назарға ала отырып, оны қанағаттандырудан бас тарту ұсынылып отыр. Яғни, утилизациялық алым мен алғашқы тіркеу төлемінің көлемі азаймайды да, мүлдем алынып тасталмайды да. Бұрынғы қалпында қала береді, — деп мәлімдеді ол.
Ал соңғы ресми шешімді таяу күндері министрлік басшысы Қанат Шарлапаевтың өзі жариялауы тиіс.
Бірақ бастамашыл топ мұндай пайыммен келіспейді. Қайталама металлургия өнеркәсіпшілері республикалық одағының төрағасы Владимир Дворецкий жұмыс тобының жұмысына көңілі толмағанын айтты.
— Менің ойымша, нақты статистика келтірілген, дәлелденген толыққанды отырыс болған жоқ. Екі тарап өз ойын ғана айтты. Ортақ шешімге немесе келісімге келмеді. Сондықтан қоғамдық талқылаудың шешіміне келіспеймін, — деп қайырды қоғам белсендісі.
Жұмыс тобының төрағасы әрі Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков утилизациялық алым мәселесі әлі де қарастырылатынын атап өтті. Бұл мәселе алдағы уақытта Мәжілісте тағы талқыланбақ.
Ал министрлік болса басқа елдерден заңсыз көлік тасымалына тосқауыл қоюға көмектесетін бірнеше істі қолға алуды көздеп отыр. Олардың қатарында жеті жылдан асқан көліктерді әкелуге тыйым салу, ескі көліктер мен ауыл шаруашылығы техникаларын утилизациялаудың жаңа бағдарламасын енгізіп, оларға ақшалай өтемақы беру, жеке тұлғаның жеке пайдалануы үшін бір жыл ішінде бір көліктен артық техника әкелмеуі сынды шаралар бар.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.