Өткен аптада ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова екі күндік жұмыс сапарымен Павлодар облысына келді. Сапар аясында вице-министр өңірдің агроөнеркәсіптік кешеніндегі ірі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу барысын тексерді. Сондай-ақ, кәсіпкерлермен кездесіп, өтініш-тілектерін тыңдады.
Облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова алдымен Павлодар қаласының солтүстік бөлігінде орналасқан «Жайлау» фермерлік базарына барып, жергілікті тауар өндірушілердің сауда нүктелерін аралады. Аталмыш фермерлік базардың әкімішісі Қанат Әбдуәлиев заманауи сауда орнының жұмыс барысымен таныстырып, алдағы уақытта фермерлік базардың аумағы кеңейетінін атап өтті. Айтуынша, биылғы жылдың соңына дейін базар қоймалары қайта жабдықталып, көтерме сауда үшін сату орындарына айналмақ.
— Базар таңертеңнен кешке дейін жұмыс істейді. Ет саудасы үшін мұнда тоңазытқыштармен жабдықталған арнайы орын бөлінсе, қалғанында бакалея және өзге де тауарлар сатылады. Базар сөрелерінде жергілікті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің тауарларымен қатар, нарықта танымал «Рубиком» және «Крендель» секілді компаниялардың да өнімдері бар. Базардағы сауда павильондарын жалдау қаладағы өзге сауда орындарының құнынан арзан, шаршы метрі үшін шамамен 2 мың теңге төлейді. Сондай-ақ, базардағы тауарлардың бағасы да көңілге қонымды. Мәселен, мұнда нанның бағасы тұрақты түрде — 95 теңгені құрайды. Жай күні 500 бөлке, демалыс күндері 1200 бөлкеге дейін нан сатылады. Нан және тоқаш өнімдерімен айналысатын кәсіпорын өзі егін салады, диірмендері, наубайханалары бар. Логистикамен де қамтылған. Бұл — Мемлекет басшысының «Егістіктен сөреге дейін» тапсырмасы аясында делдалсыз сауда желісі нәтижесінде қол жеткізген мүмкіндіктердің бірі, — деді базар әкімшісі.
Сонымен қатар, Қанат Әбдуәлиев соңғы уақытта өңірде шикі сүт пен сүт өнімдеріне сұраныс артып келе жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, сүт тасымалдаушы кәсіпорын күн сайын тікелей сараптамадан өткен 2000 литр сүт тасымалдайды. Мәселен, жергілікті сүт өндіруші — «Галицкое» ЖШС эксклюзивті құрт және май өнімдерін шығарады.
– Кәсіпкер сүтті тікелей жеткізеді. Өзіміздің зертханада ет және сүтке сараптама жасалады, егер зертхана мақұлдаса, осында әкелінеді. Жұмыс күндері литрі – 320 теңгеден, демалыс күндері 200 теңгеден сатылады. Тұрғындар арасында шикі сүт жылдам сатылып кетеді. Егер жұмыс күндері жабық базардан сататын болсақ, жәрмеңкеде адамдар көп жиналады. Осыған байланысты көшеден сату мүмкіндігі қарастырылған. Алдағы уақытта сүт 24 шаршы метрлік бөлек модульдік бөлмеде сатылады. Ол үшін онда екі танкер орнатылмақ, — деді Қ.Әбдуәлиев.
Бұл ретте, Айжан Бижанова базар сөрелеріндегі тауар түрле-рінің бағасы тұрақтандыру қоры арқылы реттелетінін, жергілікті тауар өндірушілерге мемлекеттік бағдарламалар аясында алдын ала қолдау көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, базар жұмысын жыл бойы жүргізілетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне ұқсатқан вице-министр мұндай заманауи сауда нүктелерін еліміздің өзге де облыстарында құру жоспарланып отырғанын жеткізді.
— Базар аумағында жаңадан көкөніс сақтайтын қоймалар салып, тиімді сауда-логистикалық инфрақұрылым құру қажет. Шағын және орта бизнесті қолдау жұмысы бірінші кезекте халық тұтынатын тауарларға және ішкі нарықты қамтамасыз ететін өндірістер ашуға бағытталуы тиіс. Бұл сауда орнына да көптеп инвестиция тартып, коммуналдық инфрақұрылым жүйесін жетілдіре түсу керек. Алдағы уақытта аталмыш базардың моделімен еліміздің өзге де аймақтарында осындай заманауи сауда орнын ашу жоспарланып отыр, — деді ол.
Бұдан соң, жұмыс сапары аясында вице-министр Павлодар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора-циясының жұмысымен танысып, тұрақтандыру қорына қатысты тұшымды ойларымен бөлісті. Ол қоймада қанттың қалай сақталатынын, қыста шекердің ылғалдануы жоғары болатынын айтып, іштегі ауа температурасын бақылауда ұстау керектігін еске салды. Өз кезегінде басқарма төрағасы Тимур Жантеміров былтыр сауда объектілері арқылы 415 млн теңге сомасына үстеме ақысы 10 пайыздан аспайтын 2 мың тонна өнім, «Жайлау» фермерлік базарында 2,7 млрд теңге сомасына 3,3 мың тоннадан астам өнім сатылғанын айтты.
— ӘКК-нің басты міндеттерінің бірі — негізгі өнімдердің бағасын тұрақты ұстау. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 1500 тонна қант, 40 тонна макарон, 10 тонна күріш, 1 тонна тұз бар. Олардың барлығы өңірдің 282 дүкеніне жіберіледі. Сондай-ақ, жақын күндері тұрақтандыру қоры тағы 2 вагон тұзбен, 200 тонна қызылордалық күрішпен толығады, — деді басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, іссапар барысында вице-министр Павлодар қаласында орналасқан «Greenwich» ірі гипармаркеттердің біріне барып, сауда орнының жұмысымен танысты. Әрі қарай елордалық мәртебелі мейман облыс тұрғындарымен кездесіп, олардың сұрақтарына жауап берді. Жиынға жергілікті кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер, қоғамдық кеңес пен азаматтық сектор өкілдері қатысты. Кездесуде тұрғындар тауар экспортымен айналысатын кәсіпкерлерді қолдаудан бастап, техникалық реттеу мәселелеріне дейін қамтылған тақырыпта пікір алмасты. Айжан Бижанова тұтынушылар құқығын қорғау, ішкі сауданы дамыту, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру және басқа да мәселелерге тоқталып, бизнес өкілдерімен жеке қабылдау өткізді.
А.МҰҚЫШЕВ.
Суреттерді түсірген – А.Вервекин.