Бүгінгі таңда үкіметтік емес ұйымдарға мемлекеттік гранттарды бөлу жергілікті атқарушы органдар мен ресурстық орталықтар арқылы жүзеге асырылуда.

Жақында Ақпарат және әлеуметтік даму басқармасының қолдауымен өткізілген шағын гранттар бағдарламасы бойынша жобалар қорытындыланып, жеңімпаздармен кездесу өтті. Облыс орталығындағы «Азаматтық альянс» үйінде өткен іс-шара барысында үкіметтік емес ұйым-дардың өкілдері, бастамашыл топ пен қоғамдық бірлестіктердің төрағалары мемлекеттік грантқа ие болған жобаларын таныстырып, комиссия мүшелерінің сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ, кездесу барысында үкіметтік емес ұйымдар үшін шағын гранттар конкурсына қатысуға сапалы өтінім дайындау және грант алудың келесі кезеңдері бойынша түсініктемелер берілді. Жалпы алғанда конкурсқа қатысқан жобалардың тұрақ-тылығына баса назар аударылды, яғни қаржыландыру аяқталғаннан кейін істі мемлекеттік органдардың, демеушілердің, серіктестердің қолдауымен немесе қатысушыларымыздың өз қаражаты есебінен жалғастыру қажеттігіне мән берілді. Оған қоса жаңа жұмыс орындарын ашу басты назарға алынды. Нәтижесінде «Үкіметтік емес ұйымдарға арналған шағын гранттар» бағдарламасының 15 қатысушысы өз кәсіптерін іске қосып, армандарын жүзеге асыруға үлкен мүмкіндік алды. Мәселен, Шарбақты ауданының белсенді азаматтарынан құралған бастамашыл топ С.Астаевтың жетекшілігімен қыркүйек айында «Павлодар облысының Азаматтық альянсы» қоғамдық бірлестігі өткізген үкіметтік емес ұйым-дарға және бастамашыл топтарға арналған шағын гранттар конкур-сының жеңімпазы атанды. Шарбақтылық бастамашыл топ конкурсқа «Шарбақты дендробағы» атты әлеуметтік жобаны ұсынған. Жоба — Шарбақты ауылында ағаш және бұта өсімдіктерінің, оның ішінде жабайы өсетін өсімдіктердің топтамасын құруға бағытталған.  Бүгінгі таңда 500 мың теңгелік шағын грантқа ие болған бастамашыл топпен аудан орталығында емен, балқарағай, шырша, жаңғақ сияқты жабық тамыр жүйесі бар көшеттердің 40 түрі өсірілуде. Тұқымдар Павлодар және Семей қалаларындағы питомниктерден сатып алынған. Грант иелерінің айтуынша, болашақта жасыл дендропарк аудан қонақтары мен оқушыларға экскурсия өткізетін орынға, Шарбақты ауылын көгалдандыруға арналған тұқым орналастыратын шағын питомникке айналмақ.

А.МҰҚЫШЕВ.