Биыл өңіріміздің үш қаласында «Халық қатысатын бюджет» аясында 95 жоба іске асыпты. Әсіресе, облыс орталығының тұрғындары белсенді. Павлодар қаласында шаһарды абаттандыру, түрлі алаңдар орнату бойынша жалпы 89 жоба, Ақсу мен Екібастұзда үш жобадан іске асқан.
Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук мәлім етті. 2025 жылдан бастап елімізде блоктық бюджетке көшу көзделуде. «Халық қатысатын бюджет» — осы ірі жобаның бір элементі. Тұрғындар қазіргі таңда мемлекеттік органдардың ортақ порталы арқылы айналасын абаттандыру және басқа да қажеттіліктерге қатысты ұсыныстарын айтып, өтініш білдіре алады. Содан кейін әр қаладағы сараптамалық кеңес мүшелері жобалар арасынан тиісті нормативтерге сай келетіндерін іріктеп алады. Айтуынша, алғашқы жылдары тұрғындар белсенділігі бәсең болған. Мәселен, облыс орталығында ары кетсе 20 жобаны тұрғындар ұсынса, биыл мұндай тоқсанға жуық өтініш түскен. Ауылдық елді мекендерді дамыту жалғаса бермек. Биыл облыста «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында
26 ауылдың инфрақұрылымы жаңа кейіпке енген. Енді 2024 жылы жаңаратын 14 елді мекен таңдалыпты. Бұл ауылдарда 44 жоба іске асады. Ауылға маман тарту мақсатындағы «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында бөлінетін қаржы көлемі келесі жылы артпақ. Яғни, аудан орталықтарына тұрақтайтын жас маманға берілетін бюджеттік несие көлемі — 9 млн 230 мың теңге, ал ауылдарға барғандарға 7 млн теңге шамасында болмақ. Айта кетейік, қазіргі таңда барлығына бірдей 7 млн теңге көлемінде беріліп келді. Одан бөлек, биыл жас мамандарға үлестірілетін көтермеақыға облыста 170 млн теңге қарастырылыпты. Болашағы жоқ ауылдар жайы да сөз болды. Басқарма басшылығы тұрғындар саны 50 адамнан аспайтын ауылдар осындай санатқа жататынын айтты. Облыста мұндай 18 елді мекен бар. Бірақ, оларды қысқарту, біріктіру немесе оңтайландыруға қатысты ұсыныстар соңғы үш жылда жергілікті әкімдіктерден түскен емес. Сондай-ақ, ол соңғы уақытта ауылдарды дамытуға байланысты ерекше көзқарас қалыптасқанын атап өтті. Әсіресе, стратегиялық маңызы бар, яғни, шекарада орналасқан ауылдарды барынша дамытуға ден қойылған. Басқарма басшысы Ирина Петровна құзыреттерді орталықтан өңірлерге беру реформасы барысына тоқталды. Айтуынша, биыл 9 мемлекеттік орталық органнан 19 қызмет облыстарға берілген. Екінші кезеңде тағы 60 функция аймақтар құзыретіне өтеді деп күтілуде. Сонымен қатар, білім беру саласында облыстық және аудандық деңгейдегі өзара қатынас та қайта қаралуда. И.Назарчук өңіріміздің қаржылық дербестігін кеңейту мақсатында құзырлы министрлікке ұсыныстар жіберілгенін мәлімдеді. Нақтысы, корпоративтік кіріс салығы және кедендік одақ аясындағы тауар импорты бойынша қосымша құн салығынан қосымша түсімдерді облыстың қазынасына бағыттауға өтініш білдірілген. Егер бұл ұсыныс оң шешілсе, аймақ қазынасының кіріс бөлігі 150 млрд теңгеге көбейер еді. Бұл дегеніңіз республикалық бюджетке тәуелділікті 38 пайыздан 9 пайызға төмендетеді, дейді. Қазіргі таңда облыс — бюджеттің 70 пайызын өзі қамтып отырған қуатты өңір қатарында. Айта кету керек, аймағымыздың экономикалық дамуының негізін, нақтысы 50 пайызын өнеркәсіптік сектор қамтып отыр. Биыл 9 айда осы салада 2,3 трлн теңгенің тауары шығарылған. Ал ауыл шаруашылы-ғында 32 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Өңдеу өнеркәсібі бойынша биыл 38 жоба іске асуда. Жалпы, өңір экономикасына 635 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Ал облыстық қазынаның 50 пайыздан астамы әлеуметтік жобаларға бағытталған. Оның басым бөлігі облыс әкімінің тұрғындармен кездесуі кезінде айтылған ұсыныс-тілектер екенін атап өткен жөн.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.