Шектеу шығынға батырады

Қаң 20, 2026

Облысымызда сәбіз өсіретін шаруалар осылай дабыл қағып отыр. Өйткені, елімізде ҚР Сауда және интеграция министрлігі 15 қаңтардан бастап сәбіздің экспортына шектеу қоюды ұсынып отыр. Мұндай қадам осы өнімді өсірумен айналысатын павлодарлық шаруаларға айтарлықтай соққы болмақ. Себебі, тоңазытатын жабдықтармен қамтылмаған қоймалардағы өнімді наурызға дейін өткізіп жібермесе, сәбіз шіріп, шығынға батырады деп фермерлер дабыл қағып отыр.

Ахуалға алаңдаушы шаруалармен өңірімізге іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өңірлік филиалында кездесті. Фермерлердің уәжін, жанайқайын тыңдады. Жиынға облыстың құзырлы орган өкілдері де қатысып, мән-жай жан-жақты талқыланды.

Сәбіз өнімі аймағымызда көбінде Павлодар ауданы мен Ақсу ауылдық аймағында өсірілетінін білесіздер. Мұндағы шаруалар шектеу жиілей түссе, алқап көлемін азайтуға тура келетінін алға тартып отыр. «Андас» шаруа қожалығының басшысы Зейнолла Сәлменбаев фермерлердің өнімін өткізуге кедергі келтіріле берсе, ертеңгі күні көкөніс өсіретін шаруа таппай қаламыз деп дабыл қағуда.

– Кез келген мемлекет тауар өндірушілерін, нарығын қорғайды. Ал бізге, керісінше, кедергі келтіріл-
мек. Егер сәбіз экспортына шектеу қойылса, біз қазіргі күнде тауарымызды өткізіп отырған нарығымыздан айырыламыз. Өзбекстан, Қырғызстан елдері біресе сатып, біресе шектеумен жүрсек, сенімсіз серіктес ретінде біздің тауарымыздан бас тартуы әбден мүмкін. Одан кейін өнімді ешкім өсіргісі де келмейді. Мысалы, Чернояркада тек сәбіз егетін шаруашылықтар бар. Олардың күйі не болады? – деп күйінеді тәжірибелі фермер Зейнолла Сәлменбаев.

«Черноярский 2016» АӨК төрағасы Николай Надедов қазіргі таңда сәбіз қоры облысымызда жеткілікті екенін айтады. Сондықтан, ағыл-тегіл өнім тапшылығы болады деу қисынға келмейді деген пікірде.

– Күзгі жиын-терім кезінде ерте қар түсіп, аяз болғанын білесіздер. Десе де, мүмкіндігінше жинап алдық. Ресейдің солтүстік аймақтары Омбы, Барнауыл, Новосібір облыстары біздің өнімімізді жылда  алады. Қазір де әріптестікке әзір. Әрине, кезекке тұрып, жаппай алып жатпаса да, сұраныс бар. Өнімімізді сатсақ, шаруалар жағдайын оңалтып, несиелік міндеттемелерін өтер еді. Егер сәбізді шекарадан өткізуге уақытша шектеу қойылса, шығынға батады. Ал сәбіз шіріп, қоқысқа төгуге тура келеді, – дейді Н.Надедов.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, облыста былтыр 5 мың гектар алқапқа сәбіз егілген. 165 мың тонна өнім алыныпты. Өткен жылдың соңына дейін 8,9 мың тонна сәбіз экспортталған. Биыл он күнде шамамен 330 тонна сәбіз шет ел асыпты. Ішкі нарыққа да сатылуда. Қазіргі таңда облыста қоймаларда 64 мың тонна өнім бар. Оның тең жартысы тоңазытқыш жабдықтары жоқ қоймаларда сақтаулы. Сол себепті басқармадағылар да мұндағы өнім 1-1,5 айдан соң күн жылына сақтауға жарамайды деп дабыл қағуда. Павлодарлықтардың мәселесіне құлақ асқан Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов түпкі шешім шығаратын ведомство-аралық комиссияның жұмысына үн қосуды жөн санап отыр.

– Өкінішке қарай, Сауда және интеграция министрлігі баға өссе болды, бірден экспортты шектеу арқылы мәселені реттеуге бейімделіп алды. Өнім сыртқа кетпесе, баға тұрақталады деген ойды ұстанып алған. Бірақ, ол өнімнің бұзылып, шаруалар шығынға бататынына бас қатырмайды. Негізінен, кез келген мәселені екі жақты қарауымыз керек. Ауыл шаруашылығы министрлігі шаруаларды қолдап отыр. Ведомстоаралық комиссияда да фермерлердің сөзін сөйлеп, қолдауын білдіреді. Экспортты шектеу бәсекелестікті тежейді. Мәселен, қазіргі таңда шектеу қойылса, басты бәсекелесіміз Ресей өнімін Өзбекстанға шығарады. Салдарынан өзіміздің шаруаларымыз тұрақты серіктестерінен айырылады. Мұндай дәйектерді шаруалар да айтып отыр. Бүкіл әлемде экспортты шектеу тәжірибесі жиі қолданылмайды. Парламент тарапына да депутаттық сауал жолдадық. Яғни, Үкімет ауыл шаруашылығы өнімінің экспортына тыйым салуды жоспарласа, Мәжіліспен, нақтысы, аграрлық мәселелер комитетімен ақылдасып, дәлелдеген жағдайда ғана рұқсат ету қажет дегенді айтып отырмыз, – дейді Нұржан Кемерұлы.

Негізінен, қолданыстағы заңнамаға сәйкес азық-түлік қауіпсіз-дігі қалыптасқан жағдайда ғана экспортқа шектеу қоюға рұқсат. Бірақ, министрлік баға сәл өссе де заңның талабын оңды-солды қолдануды әдетке айналдырып алды деп халық қалаулысы қапаланады. Сондықтан, баға өсімі мен азық-түлік қауіпсіздігінің аражігін ажырату қажет екенін айтылды.

– Шаруалардың қоймаларын да аралап шықтық. Қаншама сәбіз қоймада сақтаулы. Ешқандай тапшылық байқалмайды. Келісін шаруалар 70-80 теңгеден босатуда. Тіпті, елімізден жаппай сатып алуға ағылып жатқан мекемелер де аз. Шаруаларға шетке сатпауды талап еткен. Бірақ, ел ішінде көптеп алмаса, оны шетке сатпаса, шаруалар көктемде өнімін текке шірітіп, шығынға батады. Құзырлы министрлік шектеумен емес, тауар өндірушілермен күреспей, делдалдардың жұмысымен айналысуы тиіс. Яғни, сауда тізбегін реттеуі керек. Өнімді тікелей арзан бағаға өткізу жолдарын қарастыру қажет, – дейді Мәжіліс депутаты.

Айта кетейік, былтыр жыл соңында қаңтардың ортасында сәбіз экспортына шектеу қойылатыны туралы хабар шыққан соң облыс билігі де үнсіз қалмаған. Аймақ басшысының атынан құзырлы министрлікке хат жолданыпты. Шаруалар осындай жан-жақты қолдау оң шешімге әкеледі деп сенеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.