Осыдан екі жыл бұрын елімізде жанар-жағармайдың шекті бағалары белгіленген болатын. Сондықтан бекеттердегі баға тұрақты сақталып тұрды. Бірақ алдағы уақытта олай болмайды.

Бұл туралы Бәсекелестікті дамыту және қорғау агенттігінің басшысы Марат Омаров мәлімдеді. Оның айтуынша, екі жыл бойы сақталып келген шекті бағаның кері әсері де бар. Сол себепті нарықтағы жағдайды оңтайландыру үшін мұнай өнімдерінің бағасы реттелмейтін болады.

— Бұған дейін «Petrosun» компаниясы нарықтың жартысына жуық бөлігін бақылайтын. Демонополизация бойынша комиссияның шешімімен бұл актив «ҚазМұнайГаз» компаниясының құрылымына берілді. Қазіргі уақытта жанар-жағармай нарығының 80 пайызы мемлекет тарапынан бақыланады. Олар – «ҚазМұнайГаз» құрамына кіретін компаниялар тобы мен қайтадан құрылған «Petrosun», — деді М.Омаров.

Комитет басшысы бағаларды қатаң бақылаудан біртіндеп кету керек екенін алға тартты. Себебі, бұл Қазақстандағы жанар-жағармайдың өзге елдерге сатылып кетуіне жол ашып отыр. Өз кезегінде агенттік өкілдері бекеттердің ірі желілерімен монополияға қарсы заңнаманы бұзбау жөнінде жұмыстар жүргізбек.

Айта кетейік, соңғы рет шекті бағалар мамыр айында бекітілген болатын. Соған сәйкес, қазақстандықтарға АИ-92 және АИ-93 бензинінің литрі 205 теңгеге дейін сатылады. Шетелдік азаматтар үшін осы маркалы жанармайдың бағасы 245 теңгені құрайды.

Салыстырмалы түрде қарасақ, АИ-92 маркалы жанармайдың литрі Арменияда 555 теңгеге, Қырғызстанда 318 теңгеге, Ресейде 244 теңгеге, Өзбекстанда 405 теңгеге сатылады.

Жыл басынан бері біздің елдің шекарасынан 114 тонна жанармайды шығармақ болған тұрғындардың жолы кесілді. Себебі, олар арзан өнімді шетелге жеткізіп, содан табыс көрмек болған.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.