application icon concept in trolley

Елімізде онлайн сауда қарқын алған. Қазақстандықтар өткен жылы жалпы сомасы 3,2 трлн теңгеге сауда жасаған. Яғни, ел тұрғындары электронды сауда жасаудың қыр-сырын өте жылдам меңгеруде.  Соңғы төрт жылда электронды сауда көлемі 5 есеге ұлғайған. Жуырда Үкімет отырысында тауар өндірушілердің жауапкершілігін арттыру, тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесі жан-жақты талқыланды. Алдағы уақытта онлайн-дүкендердің қызметі қайта қаралатын болды. Шетелдік маркетплейстерге Қазақстанда тіркелу міндеті қойылып отыр. Бұл жаңашылдық шет елдегі сауда нарығын бақылауға мүмкіндік бермек.

Электрондық сауданы заңдастырудың жолы қайсы? Тауар өндірушілерге қойылған талап тұтынушылардың құқығын қорғай ала ма? Мезгіл мәселесін «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Арман ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР Сауда және интеграция министрі (пікір әлеуметтік желіден алынды):

— Үкімет елімізде электрондық сауда көлемін 2029 жылға қарай үш есе ұлғайтып, 9 трлн теңгеге  жеткізуді жоспарлап отыр. Соңғы жылдары бұл салада 300 мың адам екі қолға бір күрек тапқан. Электрондық сауда инфра-құрылымын одан әрі дамытуда Teez жаңа қазақстандық маркетплейс іске қосылды. Жақын арада 10 мың жұмыс орны құрылады. Электрондық сауда саласында халықаралық құжаттарды әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде, ол Дүниежүзілік сауда ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ, Шанхай ынтымақтастық және Орталық Азия аясында жүзеге асырылуда.

Біз шет елдердің заңнамалық базасына талдау жасадық. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, кешенді тәсілдер қолданылуда. Бұл тәсілдер коммерциялық  ортаның қауіпсіздігін және ашықтығын қамтамасыз ету үшін платформалар мен тауарларға қатысты кешенді талаптарды енгізуді көздейді. Авторлық құқықты бұзу, сапасыз және қауіпті тауарды сату сияқты мәселелер бойынша салық заңнамасында «қатаң» талаптар енгізіліп жатқанын ерекше атап өткім келеді. Маркетплейстердегі тауарлардың сапасына қатысты сұрақ көп. Бірқатарында өнімнің түпнұсқалығы туралы ақпарат көрсетілмейді. Бұл сапасыз тауар сатып алған тұтынушылармен қатар, бәсекелі әрі заңды сауда үшін қауіпті. Сондықтан шетелдік маркетплейстер Қазақстанда тіркелетін болады.

 Дәулен ҚАБДУШЕВ, облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау

департаментінің басшысы:

— Онлайн сауда арқылы тапсырыс беретін аймақ тұрғындарының қатары жыл сайын артып келеді. Департамент күн сайын тұтынушылар тап болған мәселелерді шешуге атсалысады. Әр сатушы тұтынушыға сипаттамасы анық көрсетілген тауар үлгісін беруге міндетті. 2024 жылы электрондық сауда мәселесі бойынша тұрғындардан 287 өтініш келіп түсті. Бұл ретте олар OZON, Wildberries және Instagram әлеуметтік желісі, Kaspi.kz дүкені арқылы тапсырыс берген.  Сатушыларды жауапқа тарту көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 3 есеге өсті. Нәтижесінде, былтыр жалпы сомасы 3 млн 528 мың теңге тұтынушыларға кері қайтарылды.

Жалпы, жоғарыдағы жаңа талап электрондық сауда жүйесінде алаяқтық фактілерін жою, тұтынушылардың құқығын қорғау үшін қолға алынып отыр. Мәселен, қала тұрғыны Kaspi.kz дүкенінен екі iPhone телефонына 1 млн 200 мың теңгеге тапсырыс береді. Сатушы оған ескі телефон жіберген. Жапа шеккен тұтынушы департаментке шағым түсіріп, нәтижесінде ақшасын қайтарып алды. Тағы бір тұтынушы 4 планшетке онлайн тапсырыс беріп, кейін 3 планшетті сатып алудан бас тартады. Сатушы оған ақшасын қайтар-ғысы келмеген. Департаменттің көмегімен қалған ақшаны қайтарып алды. Мұндай фактілер өте көп.

Рыстыгүл ТОГУШАЕВА, Павлодар қаласының тұрғыны:

— Маркетплейстерді ғана бақылау арқылы электрондық сауда нарығын реттеу мәселесі шешіледі деп ойламаймын. Қазір Қазақстанның көп азаматы Қытайда жүріп, қазақтарға сауданы үйретіп жатыр. Тіпті, танымал әнші, актерлердің өздері әлеуметтік парақшалары арқылы шет елде онлайн сауда жүргізуді сәнге айналдырған. Олар Қазақстаннан жинаған қаражатқа Қытайдан делдал ретінде тауар сатып алады. Сөйтіп, тұтынушыларға қажетін жолдайды. Сондықтан бізге шет ел сауда нарығын бақылайтын басқа жүйе керек деп ойлаймын.

Маркетплейстерді пайдалану арқылы ел тұрғындары арзан әрі сапалы өнімге қарық болып отыр. Оларда бар өнім Отанымызда жоқ. Сондықтан тұтынушылар неге таңдаудан өздерін шектеуі керек? Өз басым Wildberries пен Пиндуодуо арқылы 3 жыл көлемінде тауарларға тапсырыс беріп келемін. Туған-туысқандарыма қажетті тауарды арзан бағада әперемін. Маркетплейстер Қазақстанда тіркелуге міндетті болғанда салық төлеуге тиіс. Бұл жағдай сатушының тауар бағасын қымбаттатуына әкелуі мүмкін. Осы мәселе де ескерілсе деймін.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.