Павлодар облысы – елімізде электр энергиясын өндіретін басты аймақ. Біздің өңірде республиканың барлық электр энергиясының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін энергетика көзі бар. Сондықтан бұл салаға қатысты мәселелер облысымыз үшін қашан да өзекті.

 

Олардың бірқатары тұрғындардың Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімхановпен Екібастұз қаласында өткен кездесуінде көтерілді.

Алдымен министр орынбасары өңірде атқарылған жұмыстарға тоқталып, белгіленген жоспарлармен бөлісті. Бүгінгі таңда облыстың электр станцияларының белгіленген электр қуаты шамамен 8 000 МВт құрайды. Жыл басынан бері 20,2 млрд кВт/сағ электр энергиясы өндірілді. Өңірдегі электр желілерінің ұзындығы 17 мың шақырымнан асады.

Қазіргі таңда Екібастұз ГРЭС-1 станциясында №1 энергия блогы қалпына келтірілуде. Соның нәти-жесінде станцияның қуаты 4000 МВт-қа дейін артпақ. Жоспар бойынша, аталмыш жоба жыл соңына дейін аяқталуы тиіс.

— Екібастұз ГРЭС-2 станциясында №3 энергоблок салу жұмыстары жүргізілуде. Жобаны іске асыру 2027 жылы станцияның қуатын 1 520 МВт-қа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Осы жобаның құрылысы барысында шамамен 1 400 жұмыс орны, ал пайдалануға берілген соң 350-ден астам жұмыс орны ашылады, — деп атап өтті С.Есімханов.

Жалпы, осы жылы облыстың электр станцияларында 5 энергоблокта, 15 қазандықта, 5 турбинада күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланған. Жөндеу кампаниясы бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі керек.

Сонымен қатар, өңір тұрғын-дарымен кездесу барысында шаруашылықтарды көктемгі дала жұмыстары қызып тұрған шақта дизель отынымен қамту мәселесі талқыланды. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі күні Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп қажетті көлем мен отынды жеткізу кестесі белгіленді. Соған сәйкес, елдегі мұнай өңдеу зауыттары облыстарға тоннасы 250 мың теңге болатын дизель отынын жеткізуі керек. Жөнелту жұмысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінен түскен өтінімдерге сәйкес жүргізіледі.

Қала тұрғындары кездесу барысында Екібастұз жылу-электр орталығындағы жөндеу жұмыстарының барысы, газбен қамтамасыз ету, электр энергиясының тарифтері бойынша алаңдатқан сұрақтарын қойып, оларға мардымды жауаптар алды.

Вице-министр Сұңғат Есімханов алдағы уақытта барлық өзекті мәселелер кезең-кезеңімен шешілетінін атап өтті.

Өз тілшіміз.