Екібастұз қаласындағы ГРЭС-2 станциясына жаңа энергоблоктар салу мәселесі бірнеше жылдан бері көтеріліп келеді. Алайда оның құрылысы әлі күнге дейін қолға алынған жоқ. Қазіргі уақытта электр энергиясына деген сұраныстың күн санап артып жатқанын ескерсек, жаңа нысанның іске қосылуы – уақыт күттірмейтін іс.

 

Кеншілер шаһарындағы ГРЭС-2 құрылысы 1979 жылы басталған болатын. Әу баста мұнда әрқайсысының қуаты 500 МВт-қа жететін 8 энергоблок болады деп жоспарланған еді. Бірақ 1993 жылы екінші энергоблок пайдалануға берілген соң бұл бағыттағы іс тұралап қалды. Үшіншісінің құрылысын осыдан 30 жылға жуық уақыт бұрын бастау көзделгенімен, әлі күнге дейін жүзеге асқан жоқ. Әр жылдары қытайлық, ресейлік инвесторлармен жүргізілген келіссөздер нәтижесін бермеді.

2019 жылы «Самұрық-Энерго» компаниясы ГРЭС-2 станциясының 50 пайызын «Интер РАО» энергетикалық кәсіпорнынан 25 млн АҚШ долларына сатып алған соң станция толығымен мемлекеттің қарамағына, «Самұрық-Энерго» басқаруына өтті. Сол тұста үшінші энергоблокты салу жұмыстары 2023 жылдың сәуір айында басталады деп айтылып еді. Десе де, бұл жоспар да іске аспай қалды.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов электр энергетикасы саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралған кеңесте бұл істі ілгерілетуді тапсырды.

– Бұрын басталған ірі жобаларды іске асыру созылып кетті. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің үшінші энергия блогын салу жұмыстары. Бір ай мерзімде құрылыс жұмыстарын бастау қажет, – деді Премьер-Министр.

Үкімет басшысының айтуынша, нағыз аяз кезінде ҚР энергетикалық жүйесінің дисбалансы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары үшін электр энергиясының тапшылығы мен тоқтауына әкеп соқтырады. Болжам бойынша Қазақстанда энергия тұтыну көлемі тұрақты өсе беретін болады. Сондықтан қазіргі кезде еліміздегі энергия балансын сақтау үшін батыс өңірлердің газ қуаттарын тарту жұмыстары жүргізілуде.

– Солтүстік және Оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Атап айтқанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де бірінші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан жылу-электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда, – деді Ә.Смайылов.

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесі штаттық режимде жұмыс істейтінін баяндады. Бүгінгі таңда елімізде 220 электр станциясы жұмыс істейді, оның ішінде жалпы қуаты 2,8 ГВт болатын 144 ЖЭК объектісі бар. Осы жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы қолда бар қуаттың көлемі 20,4 ГВт, осы күзгі-қысқы кезеңде тұтыну максимумы 16,6 ГВт құрады.

Ел экономикасы мен халқын тұрақты энергиямен жабдықтауды қамтамасыз ету үшін таяу жылдары жаңа энергия қуаттарын кезең-кезеңмен енгізу және қолданыстағы электр станцияларын жаңғырту көзделіп отыр. Бұл ретте электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясы үлесінің едәуір төмендеуі жаңартылатын энергия көздерін енгізу және газ генерациясы есебінен қамтамасыз етілетін болады. Жаңартылатын, баламалы энергияны және газ генерациясын іске қосу арқылы электр энергиясын тұтыну көлеміндегі көмір генерациясының үлесі едәуір төмендейтін болады.

Премьер-Министрдің айтуынша, электр энергетикасы – ел экономикасының «тамырына қан жүгіртіп», тұрақты дамуға негіз болатын бірегей сала.

– Мемлекет басшысы өз Жолдауында кемінде 14 ГВт көлемінде қосымша қуат көздерін іске қосуды тапсырды. Жалпы ішкі өнімді 2 есеге дейін өсіру үшін бізге осындай көлемде энергия қуаты қажет. Ол үшін энергетика саласы тез дамуы тиіс, – деп түйіндеді Үкімет басшысы.

Өз тілшіміз.