Сыртқы сауда-саттық бұрын болмаған деңгейге, яғни 136 миллиард долларға жетті. Оның 84 миллиарды – экспорт. Сыртқы қорымыз 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауынан.

Бұған дейін өндірістік өнімдердің басым бөлігін сырттан сатып алып жүрсек, қазіргі таңда керісінше шекараның арғы жағына «Қазақстанда жасалған» таңбасы бар тауарларды жеткізудің оңтайлы мүмкіндігі туды. Оған қазбалардың қоры да, шикізаттардың көлемі де жеткілікті. Ендігі ретте экспортталатын өнімдердің көлемін одан әрі еселей түсу керек. Ал бұл көрсеткішті арттырудың жолы қайсы? Мемлекет тарапынан экспорттаушы компанияларға қандай қолдау бар?

Рекордтық көрсеткіш

Бүгінгі таңда отандық нарықты сапалы ішкі өнімдермен қамтамасыз етумен қатар, сырттағы мемлекеттерде өз елімізде өндірілген өнімдерді өткізу маңызды. Сол арқылы компаниялар тұрақты табыс тауып, жұмысын үздіксіз жүргізе алады. Әсіресе, еліміздің индустриялық орталығына баланатын Павлодар облы-сының өндірістік тауарларды шекараның арғы жағына жеткізуі бойынша әлеуеті зор. Тіпті, аймағымызда басқа мемлекеттерде шыға-рылмайтын, тек біздің облыста дайындалатын тауарлар баршылық. Сәйкесінше, оларға өзге елдердегі компаниялар тарапынан сұраныс жоғары. Айталық, Жапония, Қытай мен АҚШ – біздің ферроқорытпаны тұрақты сатып алушылардың бірі. Ал Ақсу ферроқорытпа зауыты – әлемдегі ең ірі ферроқорытпа өндіруші және жеткізуші. Мұнда жыл сайын 1 млн тоннадан астам өнім шығарылады. Ол өз кезегінде хром, кремнийлі және марганецті қорытпалар түрлі маркалы болатты шығаруда пайдаланылады.

Сонымен қатар, Павлодар облысында шығарылған мыс кендері мен концентраттары Қытай мен Өзбекстанға, өңделмеген алюминий Грузия, Өзбекстан және Түркияға, глинозем Ресей, Тәжікстан мен Қытайға, тас және қоңыр көмір Ресей, Түркия және Польшаға жол тартады. Сөйтіп, павлодарлық өнімдер төрткүл әлемге тарайды.

Сол арқылы біздің ел мен шет мемлекеттердің арасында сауда-саттықтың айтарлықтай өсуіне оң ықпал етеді. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, 2022 жылы Павлодар облысының тауар айналымының жалпы көлеміндегі экспорттың үлесі 77,7 пайызды құраса, өткен жылдың алғашқы жартыжылдығының өзінде 72,4 пайызға жеткен. Ал жалпы ел көлемінде сыртқы сауда-саттық 136 миллиард АҚШ долларына жетті. Бұл – бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Оның 84 миллиард доллары – экспортталған тауарлар үшін жасалған төлем. Мұндай ірі айналым еліміздің экономикалық тұрақтылығын көрсетсе керек.

 

Шығындар өтеледі

Ауыз толтырып айтарлық осындай рекордтық көрсет-кіштер болғанымен, жетіл-діретін тұстар әлі де бар-
шылық. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев экспортты ұлғайтудың әдіс-тәсілдері болғанымен, жүйелі ұстанымы жоқ екенін сынға алған еді. Шынымен, әлеуетті толыққанды жүзеге асыра алатын қауқар болғанымен, нақты жүйе ақсап тұр. Оны экспортқа өнім жолдауды қалайтын кәсіпкерлер де анық аңғарып отыр.

– Біздің шағын цехымыз бар. Қазіргі таңда ағаштан түрлі тұрмыстық заттар дайындап, тұрғындарға ұсы-
нып отырмыз. Олардың қатарында үстел, орындық, сандық сынды дүниелер бар. Өнімдердің біраз бөлігі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен басқа да облыстарға жеткізіледі. Ендігі ретте өз қолымыздан шыққан, қазақы нақыштағы тауарларды халықаралық нарыққа шығаруды қалаймыз. Ол үшін түрлі құжат толтырып, сертификаттар алып, импорттаушы елдердің стандарттарынан өтуіміз керек екен. Осы тұрғыда облыс орталығында қолдау көрсететін арнайы орталық құрылса, жөн болар еді. Әйтпегенде, қайда барып, қандай құжаттар алатынымызды білмей жатамыз. Иә, біздің тауар – өндірістік өнім емес. Дей тұрғанмен, бізге де қолдау көрсетілсе екен дейміз, – дейді жеке кәсіпкер Қуаныш Төрехан.

Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы өкілдері мұндай жағдайда «QazTrade» орталығы қызметкерлерінің көмегіне жүгінуге кеңес береді. Мұнда экспорттық жеделдеткіш деп аталатын арнайы бағдарлама бар. Ол шағын және орта бизнес кәсіпкерлеріне тауарларды сыртқы нарыққа шығаруға дайындалуға көмектеседі. Бағдарлама аясында «QazTrade» қызметкерлері экспортқа қолайлы бағытты таңдау, импорттаушы елдің стандарттарын алуға тауарларды дайындау, әлеуетті сатып алушыны табу, келісімшарттың мәтінін жазу, оңтайлы логистикалық маршрутты анықтау сынды
бағыттар бойынша қолдау көрсетеді. Толық ақпаратты qaztrade.org.kz сайтынан білуге болады.

Бұл ретте мемлекет кәсіпкерлердің өнімді экспортқа шығару кезінде жұмсаған шығындарының бір бөлігін өтейтінін ерекше атап өткен жөн. Мәселен, өткен жылы павлодарлық «Қазэнергокабель», «Казценосфера», «Аслан», және «Жан-Дос KZ» кәсіпорындарының жалпы сомасы 62,4 млн теңге болатын шығынын өтеуге қатысты өтінімдер мақұлданды. Жалпы, аталған бағдарлама басталған 2010 жылдан 2023 жылға дейін облыс кәсіпорындарына жалпы сомасы 1 млрд теңгеден астам экспорттық шығындар өтелді.

Сондықтан жергілікті билік павлодарлық кәсіпкерлерге экспортқа тауар жөнелтуден қорықпауға кеңес береді. Керісінше, «KAZ Minerals Bozshakol», «Қазақстан электролиз зауыты», «Қазақстан алюминийі», «Богатырь Көмір» сынды өңірдің негізгі экспорттаушы кәсіпорындары қатарына қосылуға шақырады.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.