Баянауыл ауданында ауызсу мәселесі оң шешімін табуда. Бүгінде тұрғындардың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі 91,9 пайызға жеткен. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн баспасөз мәслихатында белгілі болды.

 

Аудандағы 38 ауылдың 16-сы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Сондай-ақ, 12 елді мекенде кешенді блок модулі жұмыс істеп тұр. Қазіргі таңда тағы да 2 ауылды орталықтандырылған сумен жабдықтау жұмыстары қолға алынуда. Ал бұған дейін су құбырын тартуда қиындықтар туындаған Қызылшілік, Майкөбе, Лекер және Сұлужон елді мекен-деріне де қаражат бөлінген.

— Жалпы, биыл 8 ауылдық елді мекенде 1 млрд 855 млн теңгеге су құбырының құрылысы жүргізілуде. Осы бағыттағы жұмыстар аяқталған кезде аудан халқының таза ауызсумен қамтамасыз етілуі 98 пайызға жетеді, — деді өңір әкімі Ардақ Кісентаев Сонымен қатар, ол ауданда жолдарды жөндеу жұмыстары қауырт жүріп жатқанын баяндады. Аудандық маңызы бар және ауылішілік жолдардың жалпы ұзындығы 680,1 шақырымды құрайды. Облыстық маңызы бар жолдарды орташа жөндеудің 5 жобасы бойынша барлығы 2 млрд 325 миллоннан астам қаражат бөлінген.

— Бүгінде Баянауыл – Угольное бағытының 18 шақырымы, Қаражар – Южное бағыты бойынша 15 шақырым, Теңдік-Ұзынбұлақ бағытында 11 шақырым жол жөнделуде. Ал ауылішілік жолдар үшін қазынадан 523,2 млн теңгеге 3 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда, — деді аудан әкімі. Осы бағыттағы іс-шаралардың нәтижесінде биыл аудандық маңызы бар автожолдардың 69,8 шақырымы мен 16,9 шақырым ауылішілік жолдар жөнделмек. «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар да баяндалды. Биыл Ақсаң ауылында аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында 3 жоба жүзеге асуда. Келесі жылы Бірлік және Құндыкөл елді мекендерінде 6 жоба қанат қағады деп жоспарланған. Ауданда абаттандыру жұмыстары да сәтті жалғасын табуда. Осы мақсатқа 288,6 млн теңге бөлініп, 7 жоба іске асуда.

— Бірлік ауылында 6 шақырым көшені жарықтандыру үшін облыстық бюджеттен 70,6 млн теңге трансферттер қарастырылған. Сонымен қатар, аудандық бюджеттен Ұзынбұлақ және Егіндібұлақ ауылдарына шамдар орнатылады. Бірлік ауылында шағын футбол алаңының құрылысы жүргізіледі. Майқайың кентіндегі Бәйтерек және Кенші көшелерінде
2 балалар ойын алаңының құрылысы салынуда. Сонымен қатар, Шонай ауылында балалар алаңы орнатылды. Енді Жаңатілек ауылында спорттық-сауықтыру кешенін салудың жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде, — деді аудан әкімі. Баспасөз мәслихатында, сондай-ақ, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласында атқарылған ілкімді істер мен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан әлеуметтік нысандар жайлы да сөз болды.

Нұржайна ШОДЫР