Энергетиктер мен кеншілер мекені саналатын Екібастұз қаласы енді металлургтер ордасына айналмақ. Осымен ферроқорытпа өндіретін екінші кәсіпорын ашылды. Әлемдегі ірі кәсіпорындар қатарына енетін «Ekibastuz Ferro Alloys» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жылына 240 мың тонна жоғары сапалы ферросилиций өнімін шығармақ.
Қазақстан — әлемде ферроқорытпа өндірісі бойынша қазір үздік үштікте. Екібастұздық жаңа зауыт толық өндірістік қуатына көшкен соң екінші орынға шықпақ. Яғни, Қытай мемлекетінен кейінгі орынға көтеріледі. Өңірдің өркендеуіне, жалпы Қазақстанның экспорттық әлеуетіне елеулі үлес қосатын кәсіпорынның ашылу салтанатына облыс әкімі Асайын Байханов, металлургия саласының майталмандары, ардагерлер, депутаттар қатысты.
– Бұл жобаның бастамасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Екібастұз қаласына ісса-
пары барысында қолға алынды. Жаңа кәсіпорын тек өндіріс саласын ғана дамытып қоймайды, сонымен бірге еңбек адамына тұрақты жұмыс, жоғары табыс, болашаққа зор үміт сыйлайды. Бұл зауыттың ашылуы — тарихи оқиға. Екібастұз энергетиктер мен кеншілердің шағын қаласы еді, енді міне бүгінгі кәсіпорын сияқты өндіріс орындарының ашылуымен металлургияның жаңа саласын бағындыруда. Бұл жетістікке соңғы санаулы жылдар ішінде қол жеткізіліп отыр. Жобаның өміршеңдігіне сеніп, тәуекел етіп қолға алған инвесторларға алғыс білдіремін. Нәтижесінде өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына орасан зор үлесін қосып отыр, – деді Асайын Байханов.
«Ekibastuz Ferro Alloys» ЖШС бас директоры Мадияр Данияров бұл зауыт жылына 240 мың тонна жоғары маркалы ферросилиций өндіретінін атап өтті. Өнім толығымен әлемнің 52 еліне экспортталмақ. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Жапония сынды алпауыт мемлекеттер, Солтүстік Америка және Еуропалық одақ елдері бар. Ауқымды жобаны іске асыруға 92 млрд теңге инвестиция құйылған. Айтуынша, зауыт соңғы үлгідегі озық технологиялармен жабдықталған.
– Бұл зауыт — Екібастұз бен Қазақстанның өнеркәсіп тарихындағы жаңа дәуірдің нышаны. Екібастұз енді Қазақстанның ғана емес, әлемдік металлургиялық картасының орталығына айналады. Экологиялық тұрғыдан заманауи әлемдік стандарттарға сай салынды. Мұндағы газды тазалау мүмкіндігі 99,8 пайызды құрайды. Бұл — әлемдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі, – дейді М.Данияров.
Тағы бір қуантарлығы, жаңа өндірісте қолданылатын бүкіл шикізат дерлік Қазақстан аумағынан алынады. Нақтысы, 96 пайызы қазақстандық үлес саналады. Ферросилиций өнімін шығаруға қолданылатын негізгі шикізат ретінде кварцит, темір жоңқасы қолданылады. Шикізаттан тапшылық болмайтыны айтылды. Өндіріс орны толық автоматтандырылған, сәйкесінше электр энергиясы да молынан тұтынылады. Бұл жағы да ескерілген. Кәсіпорын электр қуаты өндірілетін станцияға жақын орналасқан.
Қысқа мерзім ішінде бой көтерген аталмыш өндіріс орнының құрылысы барысында 1500 адам еңбек етсе, енді іске қосылған соң 800 азамат тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Мұнда орташа жалақы 470 мың теңге болады деп күтіледі.
Ашылу салтанатына арнайы келген тау-кен және тау-кен-металлургиялық кәсіпорындардың республикалық қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец зауытта қазақстандық үлестің жоғары екенін айрықша атап өтті. Әсіресе, жергілікті шикізат, жергілікті энергия көзі, қазақстандық мамандар тартылғанына қуанатынын жасырмады.
Ал көмір өнеркәсібі саласының ардагері, Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов зауыт құрылысы жоспарланған шақта оның алда айналаға қандай әсері барын біліп, жай-жапсарымен жақын танысқанын айтты.
– Жобалау кезінде инвесторлар көмір өнеркәсібі және энергетика саласының ардагерлерін, қоғам белсенділерін, сарапшылар мен экология басқармасы өкілдерін Қарағандыда жұмыс істеп тұрған кәсіпорынға шақырып, таныстырған еді. Сапарымыздың басты мақсаты өндірістің қоршаған ортаға әсерін тікелей көріп қайту еді. Табиғатты қорғау технологияларының техникалық тұрғыда қандай деңгейде екенін білдік. Мамандар даярлау, оқыту, олардың жалақы деңгейі, жұмыс орындарының саны турасында сұрадық. Әрбір сауалымызға кәсіби мамандардан тұшымды жауап алдық. Қарағандылық зауытта экологиялық талаптар сақталып, кәсіпорыннан шығатын қалдықтар толығымен құрылыс индустриясында кедеге жаратылатынын көрдік. Екібастұздық зауыт та сондай деңгейде ілгері басып, шағын қаламыз ірі индустриялық аймаққа айналатынына сенеміз, – деді Самат Рамазанов.
Ардагердің сөзінің жаны бар, кезінде кеншілер қаласы аталып келген шағын шаһар алда ірі индустриялық аймақ атануға әлеуеті жетерлік. Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын ғана аталмыш шаһар маңында алғашқы ферроқорытпа зауыты іске қосылған еді. Тағы бірінің құрылысы жүріп жатыр.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,
Екібастұз қаласы.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.
