Ірі кәсіпорындарға салықтық жеңілдік жасау дұрыс па?

Сәу 17, 2025

Бүгінде Салық Кодексінің жаңа нұсқасы ел арасында қызу талқылануда. Сол нұсқада қоршаған ортаға күкірт тотығын шығаратын кәсіпорындар төлейтін салық көлемін 20 айлық есептік көрсеткіштен 10 АЕК-ға дейін төмендету көзделген. Азот тотығын шығарумен айналысатын зауыттарға да осындай жеңілдік қарастырылған. Ал Мәжіліс депутаттары бұл ұсынысқа қарсы. Айтуларынша, салықты төлеп жүрген өндіріс орындарының экологиялық жауапкершілігі онсыз да төмен. Төлем мөлшерін азайту бюджетке ондаған миллиард теңге шығын әкеліп, экологиялық жағдайды одан әрі нашарлата түседі. Керісінше, салық көлемін көбейту керек. Кәсіпорындарға технологияны жаңартқаннан гөрі салық төлеген тиімді болары анық дегенді алға тартып отыр депутаттар. Қоршаған ортаға зиянды қалдық шығаратын ірі кәсіпорындарға салықты төмендету дұрыс па? Өзекті мәселені «Алаңның» талқысына салып көрдік.

Бекберген КЕРЕЙ, Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы орталық аппарат басшысы, эколог (пікір интернеттен алынды):

— Бұл мәселе Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясының жанайқайы десек болады. Біздің басты бағытымыз – экологияны жақсарту. Қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін төлемдер экологияны қалыпқа келтіру үшін бағытталуы тиіс. Бірақ зауыттар мен ірі кәсіпорындардан мемлекет бюджетіне түсетін мұндай қаржы 100 пайыз экологияны жақсартуға жұмсалған емес. Әр облыста қоршаған ортаны қорғауға арнайы қаражат бөлінеді. Жүргізілген сараптама нәтижелерінде мұндай қаржының табиғатты қорғауға залал келтіргені үшін экологияны жақсартуға бағытталғанын көре алмадық. Жыл сайын жердің тозуын, ауаның ластануын және қалдықтардың түзілулерін байқап келеміз. Сондықтан қоршаған ортаны ластағаны үшін төленетін салық тікелей сол бағытқа ғана жұмсалуы керек. Бұл ретте қосымша сүзгілер қарастыру, жылу мен су құбырларын жаңғырту, ағаш отырғызу, өндірісте озық жасыл технологиялар енгізу  жұмыстарын жүргізген абзал. Елімізде ауаны ластағыш 16 ластаушы зат түрлері бойынша салық төлеп отырмыз. Ал көршілес Ресей Федерациясында 156 ластаушы заттардың түрлері бойынша салық төлейді. Бір ғана климаттың өзгеруіне әсер ететін метан газы үшін отандық кәсіпорындар біртоннасына 78 теңге төлейді. Ал АҚШ-та метан ауаны ластағаны үшін тоннасына 1 мың доллар төлеуі тиіс. Бізде су айдындарына ластаушы заттардың төгінділері үшін 13 түріне ғана салық төленеді. Шын мәнінде ластаушы заттардың саны 600-ден асады. Біз тек қалдық принцип арқылы жұмыс істеп келеміз. Сондықтан экологияға бағытталған салық орынды жұмсалса деймін. Яғни, бұл ретте оның көлемінен бұрын нақты мақсатта жұмсалуы маңызды.

Жұмагелді АКИЖАЕВ, ҚР Салық саласының үздігі, ардагер:

— Қоршаған ортаға зиян келтіретін кәсіпорындар ешбір салық мөлшерімен экологияға тигізген залалды толық өтей алмайды. Өкінішке қарай, қазіргі таңда технологияны жаңартпай, өндірісті экологиялық талаптарға сәйкестендірмей, айналаны ластап отырған ірі кен орындары мен өнеркәсіп ошақтары бар. Мұндай жағдай тек табиғатқа ғана емес, адам денсаулығына да қауіп төндіреді. Сондықтан мен Мәжіліс депутаттарының экологиялық төлемдерді арттыру жөніндегі ұсынысын толық қолдаймын. Қоршаған ортаға лас қалдықтар шығаратын кәсіпорындардың жауапкершілігін арттыру керек. Бұл – жазалау емес, табиғатты қорғау мен тұрақты дамуға ынталандыру тетігі. Түскен қаражат нақты экологиялық жобаларға, тазарту қондырғыларын жаңартуға және жасыл бастамаларды қолдауға жұмсалуы тиіс. Павлодар экологиясы нашар он қаланың қатарына кіреді. Бұл – өңірде ірі өнеркәсіп орындарының шоғырлануымен байланысты. Жыл сайын тұрғындардан ауадағы жағымсыз иіс, тұрмыстық қалдықтар мен өндіріс қалдықтары туралы шағымдар жиілеп барады. Бұл – зауыттардан бөлінетін зиянды заттардың салдары. Сондықтан салықты төмендету немесе жеңілдіктер беру арқылы кәсіпорындарды жауапкершіліктен босатуға болмайды. Керісінше, экологиялық стандарттарды қатаңдатып, табиғатты қорғауға бағытталған нақты шаралар қолға алынуы қажет. Табиғат – келешек ұрпақтың байлығы, оған немқұрайлы қарауға хақымыз жоқ.

Ризат АЙТУАР, қоғам белсендісі:

— Салықты азайту кәсіпорындарға тиімді болары ақиқат. Егер экологиялық төлем көлемі азайтылатын болса, зауыттарға да талапты күшейте білу керек деп санаймын.  Өткен жылы қоршаған ортаны ластаған кәсіпорындардан мемлекет қазынасына 98 млрд теңге ақша түсіпті. Егер бұл талап қабылданса, келесі жылы кәсіпорындардан бюджетке түсетін қаражат екі есе азаятыны сөзсіз. Сонда мемлекеттің ұтары не? Сондықтан алпауыт зауыттар салықтық жеңілдікті пайдалана отырып, өндірісті жаңғыртуға көңіл бөлуі керек. Жаңа технологиялардың санын арттыруы тиіс. Ал бұл жұмыстың орындалу барысын жоғары тарап қатаң қадағалауы керек. Кәсіпорындар қоршаған ортаны ластап отырғаннан кейін бұл шарттарды орындауға міндетті. Егер кәсіпорын тарапынан ешбір жұмыс қолға алынбаса, салық көлемін екі есе арттырған абзал. Талап болмай, тәртіп жоқ. Тек салық мөлшерін азайтып қана оларды еркіне жіберу дұрыс болмас. Жеңілдік жасаудың да өз жөні болуы шарт деп санаймын.

«Алаңды» үйлестірген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.