Павлодар облысында өндіріс процесі экологияға айтарлықтай ауыртпалық түсіретін 15 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Жыл сайын олар қоршаған ортаға 700 мың тоннаға жуық зиянды заттар шығарады. Бүгінгі күні бұл жағымсыз үрдісті бақылау үшін зауыт мұржаларының көздеріне автоматтандырылған бақылау жүйесі енгізілуде.
Қоршаған ортаны ластаудың ең ірі көздері жылу электр станциялары, қара металлургия, мұнай өңдеу, сондай-ақ, тау-кен металлургия өнеркәсібі. Сонымен қатар, түсті металлургия кәсіпорындарының үлесі де жоғары. Зиянды қалдық-тардың 17 пайызы осы саланың еншісінде.
Осындай алпауыт кәсіпорындардың бірі — «Қазақстан электролиз зауыты» 2023 жылы өз қаражаты есебінен қоршаған ортаға шығатын залалды бақылауға арналған автоматтандырылған бақылау жүйесін енгізді. Жұмыс істеген осы уақыт ішінде компьютер бірде-бір заң бұзушылықты анықтаған жоқ. Аталмыш зауыттың газ тазалау учаскесінің басшысы Ардақ Оқапов автоматты мониторинг жүйесі тек деректерді жинаумен ғана шектелмейтінін айтып, нақты уақыт режимінде жылдам сараптама жүргізуге қабілетті екенін жеткізді.
— Біз алюминий өндіру проце-сінде пайда болатын электролиз газдарын тазартамыз. Барлығы төрт газ қондырғысы бар. Бұрын жүйелер болмағандықтан, қондырғыларға өзіміз визуалды тексеру жүргіздік, сондықтан параметрлер толығымен дұрыс болмады. Енді бес бірдей автоматты бақылау қондырғысы жұмыс істеуде, олар біздің жұмысымыздың жартысын жасайды, яғни шығарындылар деңгейін бақылайды. Ал мәліметтердің негізінде қандай да бір мәселе туындаса, жедел шара қолданамыз, – деді учаске басшысы. Бүгінгі таңда Павлодар облысында бұл жүйені орнатуға міндетті 15 кәсіпорын бар. Оның 11-інде аталған қондырғы қосылған. Қалған төртеуі бұл бағытта жұмыс істеуде. Бұлар — «Energy Solutions», Екібастұздағы ГРЭС-1, сондай-ақ, «Павлодарводоканал» ЖШС және «KSP Steel» кәсіпорны. Өнеркәсіпшілер мен монополистер бұл жүйені келесі жылдан бастап толықтай енгізуге уәде беріп отыр.
Облыстық экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Сабина Мұхаметқалым былтырдан бері облыстың 11 ірі кәсіпорнында қалдықтарды автоматты бақылау жүйесі қадағалап отырғанын атап өтті. Айтуынша, компьютер барлық деректерді Ұлттық банк сайтына жібереді, кейін оны облыстық экология департаментінің қызметкерлері қадағалайды. Мәселен, алюминий өндіру кезінде пайда болатын зиянды заттардың барлығы бақыланады және мониторларда көрсетіледі. Қалдықтар рұқсат етілген деңгейден асып кету сияқты бұзушылықтар анықталған жағдайда, жүйе жауапты қызметтер мен мамандарға дереу хабарлама жібереді. Тиісінше бұл — мәселені жою үшін жылдам шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл тәсіл әрекет ету жылдамдығын айтарлықтай арттырады және қоршаған ортаға ықтимал теріс салдардың алдын алады.
– Кәсіпорындардың қалдықтары химиялық заттар бойынша жіктеледі. Әрбір кәсіпорынның қолайлы және қабылданбайтын ластану шегі бар. Мысалы, электролиз зауытынан ауа алюминий фториді, көміртегі, СО2, СО және бейорганикалық заттармен ластанады. Тәуліктік қалдықтар секундына 0,5 грамнан асып кетсе де, бұл бұзушылық болып саналады, – деді Сабина Мұхаметқалым.
Алтынбек МҰҚЫШЕВ.
Сурет газет мұрағатынан алынды.