Кәсіпкерлік — ел экономикасының қарыштап дамуына дем беретін сала. Елімізде түрлі бағдарламалар бойынша жеңілдетілген несиелер тағайындалып, мемлекеттік қолдаудың арқасында шағын және орта бизнес өркендеп келеді. Жақында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының» Павлодар облыстық филиалы ұйымдастырған баспасөз-туры аясында аталмыш аймақтық филиал тарапынан мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау тапқан бірқатар кәсіпорынды аралап, осыған куә болдық.

Шағын орталық кеңеймек…

Шағын және орта бизнеске мемлекет тарапынан қолдау көрсету өңірдің ғана емес, тұтас елдің кәсіпкерлік секторын дамытуда маңызды рөл атқарады. Баспасөз-туры аясында біз «Даму» қорының бағдарламасына қатысқан кәсіпкерлердің бизнес-кейстерімен танысып, жеңілдетілген несие алу, несиені субсидиялау арқылы қарыз жүгін жеңілдету, несиеге кепілдік алу мүмкіндігімен қалай пайдаланғанын естідік. Сондай-ақ, еліміздегі бизнесті қолдау мен дамытудағы өзекті мәселелер жайлы біліп, кәсіпорын басшыларымен сұхбаттастық.

Мемлекеттік қолдауға ие болған осындай кәсіпорындардың бірі — «Теремок-PV» ЖШС. Компанияның негізгі қызметі – мектепке дейінгі білім беру және балаларға күндізгі күтім көрсету бойынша қызмет түрлерін ұсыну. Бүгінгі таңда бұл шағын балабақшаға орта есеппен 60 бала келіп тұрады. Қазіргі уақытта әрқайсысында 15-18 баладан тұратын 4 топ жұмыс істейді. Яғни, топтардың толу деңгейі 100 пайызды құрайды. Кәсіпорын директоры Лариса Плотникова өзінің шағын балалар орталығы орналасқан бұрынғы ғимараты сатылымға шығарылғаннан кейін шұғыл түрде жаңа орын іздеу қажет болғанын айтты. Осылайша кәсіпкер жаңа ғимаратқа жөндеу мен жаңарту жұмыстарын жүргізу үшін «ДАМУ» аймақтық қоры арқылы 21 пайыздық мөлшерлемемен және 85 пайыз кепілдікпен 8 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алған. Кәсіпкер бұл қаражатқа балабақша ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп, балаларға қажетті ойын құралдары мен жиһаз сатып алды.

— «Теремок» шағын балалар орталығы 2022 жылы тіркелген және бүгінгі күні мемлекеттік тапсырыс бойынша 45 балаға қызмет көрсетеді. Орталықтың жобалық қуаты 60 баланы құрайды, болашақта оны кеңейту жоспарымыз бар. Қазір біздің шағын балабақшамыз таңғы сағат 07:30-дан кешкі 19:00-ге дейін жұмыс істейді. Мұнда балалар мектепке дейінгі білім беру және балаларға күндізгі күтім көрсету қызметтерін ұсынатын балабақшаларға ортақ «Индиго» жүйесі арқылы қабылданады. 2025 жылы мемлекеттік тапсырысты 15 балаға ұлғайту жоспарлануда, бұл жобалық қуаттылыққа 60 балаға қол жеткізуге мүмкіндік бермек. Әр бала үшін барлық қажетті құжаттарды қамтитын толық тіркеу жүргізіледі, соның ішінде анықтамалар, медициналық көрсеткіштер және фотосуреттер. Бос орындар пайда болған кезде кезекте тұрған балалар бірден қабылданады. Жолдама бойынша балалар үшін құны ай сайынғы төлем — 43 мың, ал жолдамасы жоқ балалар үшін 75 мың теңгені құрайды. Қазір біздің ұжым тәрбиешілерден, күтушілерден, әдіскерлерден, аспаздан, медбикеден және логопедтен тұрады. Барлығы 15 адам жұмыс істейді. Тәрбиешілердің еңбек өтілі кемінде — 5-6 жыл. Әрқайсысы — балалармен жұмыс істеуде өздерін көрсете білген білікті мамандар, – деді Л.Плотникова.

Сапалы әрі арзан жиһаз

Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шеңберінде облыс орталығындағы «Садыкина А.М» ЖК де — қарқынды дамып келе жатқан компаниялардың бірі. Қанатын кеңге жайған кәсіпорын директоры Алина Садыкина 2019 жылы жұмсақ және корпустық жиһаз шығаратын «Gallant Mebel» өндірістік фабрикасын ашып, бүгінгі таңда еліміздің бірқатар облысында филиалдар ашып үлгергенін жеткізді. Айтуынша, жыл өткен сайын өндіріс өркендеп, мемлекеттік қолдаудың арқасында компания өндірілген өнімдердің ассортиментін арттырып, алпауыт жиhаз фабрикасына айналды.

— Біз әрбір жиһазды тұтынушының мүддесіне және оның қажеттілігін ескере отырып, әлемдік жиһаз өндірушілерінің тәжірибесіне сүйеніп жасаймыз. Ең бастысы – әрдайым өндірістік тонуста болу, жаһандық трендтерді қадағалап, экономиканың осы бір кішігірім саласын дамыту. Бұл отандық өндірушінің осы бағыттағы зор әлеуетін көрсетеді. Себебі жиһазға деген сұраныс үнемі өсіп келеді. Осыған байланысты біз 2023 жылы «Даму-Өндіріс-2» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Еуразиялық банк» АҚ-нан несие алдық. Несиенің мөлшерлемесі жылына 6 пайызды құрайды. Сонымен қатар, ағымдағы жылы әйелдер кәсіпкерлігін қолдау мақсатындағы «Үміт» бағдарламасы бойынша айналым қаражатын толықтыру үшін 40 млн теңге көлемінде несие алдым. Бұл қаражатқа өндіріс орнын кеңейтіп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды, — деді А.Садыкина.

Айта кетейік, бүгінгі таңда «Gallant Mebel» жиһаз фабрикасының өнімдері тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Себебі аталмыш кәсіпорын шығаратын жиһаздардың бағасы – қалтаға қонымды. Бүгінде мұнда жиһазға қажетті компоненттер Ресей елінен жеткізіледі. Кейбір бөлшектер тікелей цехта өндіріледі. Кәсіпорын шеберлері шетелдік компаниялармен тәжірибе алмасып, өнім түрлерін көбейту бағытындағы ізденістерін тоқтатпақ емес.

Дәмді әрі пайдалы өнім

Баспасөз-туры барысында мемлекеттік қолдаудың шарапатын сезінген кәсіпорындардың бірі — «ECO CITY Pavlodar» наубайханасының өнімдерімен танысып, тіпті, дәм ауыз тидік. Қазіргі уақытта эко-наубайхана күн сайын глютенсіз, қантсыз және лактозасыз 14-тен астам өнім түрін шығарады. Бұл дегеніміз — әртүрлі салмалары бар бәліштер, самса және қаусырма, нан, етпен толтырылған киштер, жеміс галеттері, жидектермен безендірілген корзинкалар мен воловандар, веналық вафлилер, вафель түтікшелері және әртүрлі печеньелер. Сонымен қатар, наубайхана глютенсіз жартылай фабрикатталған манты, қайнақшалар және тұшпара шығарады.

Кәсіпорын директоры Махаббат Анаеваның айтуынша, өндірісте Павлодар мен Қарағандыдан жеткізілетін қазақстандық ұн мен майлар пайдаланылады. Технологиялық үрдіс аймақта түрлі жобаларды іске қосқан азық-түлік өндірісі мамандарымен әзірленді. Өндірісті ашу кезінде танымал брендтердің жаңа жабдықтары сатып алынды, бұл өнімнің қауіпсіздігін және қызметкерлерге қолайлы еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

— Нан-тоқаш рецептурасы глютенсіз өнімдер саласындағы Қазақстан мен Ресейдің үздік технологтарының көмегімен әзірленген. Барлық өнімдерде талшық пен ақуыздың жоғары мөлшері бар табиғи ингредиенттер пайдаланылады. Нан-тоқаш өнімдері зертханалық зерттеулерден өтіп, сертификатталған. Жыл сайын адамдар денсаулығына және дұрыс тамақтануға көбірек көңіл бөледі, сондықтан мен өз бизнесімнің тек адамдарға ғана емес, маған да кәсіпкер ретінде пайда әкелетініне сенімдімін, — дейді ол.

Сондай-ақ, кәсіпкер өзінің негізгі бағыты – сауда, нақтырақ айтқанда, «ECOSHOP» салауатты тамақтану өнімдерінің концепт-дүкенін құру екенін атап өтті. Қазіргі уақытта қалада осындай екі экологиялық таза өнімдер дүкені жұмыс істейді. Айтуынша, ол 2023 жылдың ақпан айында жұбайымен бірге глютенсіз нан-тоқаш өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығаратын жеке цех ашқан. Мұндағы өндірістің басты мақсаты – Павлодар тұрғындарын қант алмастырғыштарсыз, дәм күшейткішсіз, глютенсіз және лактозасыз табиғи өнімдермен қамтамасыз ету. Сонымен қатар, салауатты өмір салты аясында тамақтану рационын әртараптандыру. Осылайша, кәсіпкер 2022 жылы «First Heartland Jusan Bank» АҚ-нан «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 15 млн теңге көлемінде несие алды. Ал 2024 жылы «Банк ЦентрКредит» АҚ-нан 23 млн теңге көлемінде жаңа несие алып, «Даму» қорының 44 пайыз қолдауына ие болды.

Химиялық өнімдер өндірісі

Ат басын тіреген кезекті кәсіпорынымыз — «ASCOR өндірістік бірлестігі» ЖШС де мемлекеттік қолдаудың арқасында өндіріс орнын кеңейтіп, қажетті құрал-жабдықтар сатып алған. Аталмыш кәсіпорынның реагенттер өндіру цехының шебері Александр Ряписов бүгнгі таңда «ASCOR өндірістік бірлестігі» — химиялық өнімдерді өндіру, жеткізу және сату саласында жұмыс істейтін жас әрі дамып келе жатқан кәсіпорындардың бірі екенін айтты. Компания өнімдері коагуляция және ингибиция процестерін қалыптастыруға арналған.

— Қазіргі уақытта компания композициялық коагулянттар өндірісін сәтті игерді. Сонымен қатар, коррозия және тұз шөгінділерінің ингибиторларын өндіру игеріле бастады. Өндірістік және ағынды суларды тазартудың инновациялық технологияларын әзірлеу және оларды әлеуетті тапсырыс берушілердің нысандарында енгізу бойынша белсенді зерттеу жұмыстары жүргізілуде, — деді ол.

Айта кетейік, аталған кәсіпорын 2014 жылы құрылған. Бүгінгі таңда мұндағы қызметкерлер саны 30 адамды құрайды. 2023 жылы компания директоры Сергей Воропаев су тазарту және су дайындауда қолданылатын реагенттерді өндіруге қажетті шикізатты сатып алу үшін «Еуразиялық банк» АҚ-нан несие алды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында несиенің жылдық мөлшерлемесі 21,75 пайызды құрады, оның 13,75 пайызын мемлекет субсидиялады.

 

А.МҰҚЫШЕВ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.