Елімізде қарызын төлей алмай қиналған азаматтарды банкрот деп жариялап, берешегін есептен шығарудың амалы заң жүзінде ұсынылған еді. Сол сәттен бері облысымызда 3900 тұрғын банкроттыққа өтініш берген. Алайда, бұл қолдау шарасын қолданудың өзіндік талаптары бар. Сондықтан оған сәйкес келмеген 2900 азаматқа банкроттық жариялаудан бас тартылған.

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы Жаслан Сержановтың мәлімдеуінше, жеке тұлғаларға қатысты банкроттық жариялауға қатысты үш рәсім ұсынылады. Біріншісі — соттан тыс банкроттық. Өтінішті тұрғындар Халыққа қызмет көрсету орталықтарында, eGov.kz  электрондық үкімет порталы, сондай-ақ e-Salyq Azamat және eGov Mobile мобильді қосымшалары арқылы бере алады. Екіншісі сот арқылы өтеді. Бұл рәсімге банктер, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге қарызы 1600 АЕК-тен асатын азаматтар жүгіне алады.  Ал үшіншісі —
төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі. Бұл рәсім сотта қарыздарды бөліп  төлеу мүмкіндігін (5 жылға дейін) алуды көздейді. Оның артықшылығы, шешім шыққан соң адамға «банкрот» мәртебесі берілмейді. Сәйкесінше, алдағы уақытта несие алуға шектеу қою сияқты шаралар қолданылмайды. Барлық үш түрінде де өтінішті борышкердің өзі береді.

Жоғарыда аталған статистика алғашқы түріне қатысты. Яғни, қаржылық ұйымдарға, коллекторлық агенттіктерге төлей алмай келе жатқан қарызының көлемі 1600 АЕК-тен аспайтындар соттан тыс өзін банкроттық деп жариялауға өтініш бере алады. Қазіргі таңда бұл сома 5,9 млн теңгеден артық болмауы тиіс. Кіріс органдарына өтініш білдіргеннен кейін банкроттық жариялауға сәйкес келсе, шешім шығару шамамен 6 айға созылады. Атап өткеніміздей, банкроттық жариялауға рұқсат берілгеннен бері түскен өтініштердің ішінде тек 517-сі қанағаттандырылған. Олардың 220-сы — Павлодар қаласының, 189 азамат — Екібастұз қаласының, 18 адам — Ақсу қаласының тұрғыны. Аудандар ішінде Павлодар ауданында көрсеткіш жоғары. Мұнда 35 жеке тұлға банкрот деп жарияланған. Аймағымызда 140 азамат өтінішін кері қайтарып алыпты. Ал 2900 азаматқа заңның талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты банкрот деп жариялаудан бас тартылған. 280 борышкерге қатысты әлі қаржылық мониторинг жүргізілуде. Мамандардың мәлімдеуінше, бас тартудың басты себептерінің бірі —
өтініш иесінің атында жылжымайтын мүліктің немесе мүлікте үлесінің болуы. Сонымен қатар, кейбір азаматтың бір қаржылық ұйымдағы берешегін төлей алмағанымен, тағы бірінде тұрақты немесе ішінара төлем жасап тұрғаны анықталып жатады. Кейбір тұрғынның берешегінің төленбеген мерзімінің бір жылға жетпеуінен оң шешім шығарылмаған. Соттан тыс банкрот деп жариялауға өтініш бергендердің қарызының сомасы 100 мыңнан басталып,
4 млн теңгеге дейін жетеді. Көбінікі тұтынушылық мақсатта алынған 300-400 мың теңге көлеміндегі берешектер көрінеді.

Тағы бір ескеретіні, егер азаматты банкрот, яғни, төлем қабілеті жоқ деп жарияласа, оның банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан бес жыл несие алуына тыйым салынады. Үш жыл бойы мемлекеттік кірістер департаменті аталмыш азаматқа қатысты қаржылық операцияларды бақылауда ұстайды.

Ж.Сержанов биыл заңға өзгерістер енгізілгенін атап өтті. Соған байланысты алдағы уақытта банкрот деп жариялауға өтініш беру біршама жеңілдейді. Бұрын борышкерден өтініш беру кезінде қай ұйымнан, қандай көлемде қарыз алғанын көрсету талап етілетін. Көп азамат мұндай мәлімет бере алмай, таппай қиналатын көрінеді. Енді бұл талап болмайды. Сонымен қатар, төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімінде қарызын өтеудің кешіктірілгенін және мүлік көрсету міндеті де алынып тасталмақ. Сондай-ақ, соттан тыс банкрот жариялау рәсімін берешекті талап ететін барлық ұйымға қатысты қолдануға рұқсат берілді.

Г.МАҒЖАН.