Қаржыдан қысылып қалмаймыз ба?

Қаң 8, 2026

Биыл отандық экономика мен қаржы саласын түрлі өзгеріс күтіп тұр. Олар халықтың қалтасына тікелей әсер етпек. Атап айтқанда, кейбір салық түрлері өсіп, несие алу, қаржы аудару процестері қиындай түседі. Есесіне әлеуметтік маңызы бар тауарлар қатары көбейіп, 30-дан астам өнімнің бағасы бақыланады. Ел билігі мұндай жаңашылдықтарды қазына қаржысын толтырып, тұрғындардың қаржылай қауіпсіздігін арттыру мақсатында енгізіп отырғанын алға тартады.

Салық көлемі – 16 пайыз

Былтырдан бері қоғамда қызу талқыланып келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – қосымша құн салығы көлемінің 12 пайыздан
16 пайызға дейін көбеюі. Әу баста кей кәсіпкерлер бұрынғыдан артық міндетті төлем жасауға қарсылық танытып, тіпті петиция жариялағанымен, билік бұл шешімнің дұрыс екенін көрсетіп отыр. Премьер-Министрдің орынбасары –
Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырған уақытта мұндай қадамдар бюджеттің кіріс бөлігін көбейтіп, макроэконо-микалық көрсеткіштерді арттырып, экономикалық тұрақтылыққа оң әсер беретінін айтқан еді. Есесіне қосымша құн салығын төлеуге міндеттейтін шектің көлемі де ұлғайды. Бұған дейін жылдық айналымы 15 млн теңге болатын кәсіпорындар да салық төлеуге міндеттелсе, енді табысы кемінде 40 млн теңге болатын бизнес нысандары ғана аталмыш төлемді аударады. Ал әлеуметтік маңызы бар тауарлар, медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі, міндетті медициналық сақтандыру, отандық баспа кітаптары мен олардың басылымы саласындағы қызметтер қосымша құн салығынан босатылды. Құрылыс саласындағы компаниялар керісінше ҚҚС төлеушілердің тізіміне енді. Бұған дейін оларға нөл пайыздық мөлшерлеме қолданылып келсе, биылдан бастап олар да өзге бизнес компаниялары сияқты 16 пайыз салық төлейді.

Сол сияқты корпоративтік табыс салығын есептеу тәртібі өзгермек. Базалық мөлшерлеме 20 пайыз көлемінде болса, банктер мен ойын бизнесі 25 пайыз, әлеуметтік сала ұйымдары 5 пайыз, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 3 пайыз төлейді.

Жеке табыс салығына қатысты да әр түрлі мөлшерлеме қолданылады. 8500 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде табыс табатын тұрғындар қазіргідей жалақысынан ай сайын 10 пайызды салық ретінде аударуы тиіс. Айлығы аталған көлемнен көп азаматтар 15 пайыз төлеуге міндеттеледі.

Мүлік төлемдері өзгереді

Биылдан бастап ескі көліктерге салық салу тәртібі өзгереді. Енді осыдан 11-20 жыл бұрын шығарылған автомобильдерге 0,7 пайыз-
дық, «жасы» 20 жылдан асқан темір тұлпарларға 0,5 пайыздық коэффицент қарастырылады. Сонымен қатар, бұған дейін көліктердің қозғалтқышының көлемі неғұрлым көп болса, иесі соғұрлым көп салық төлейтін еді. Осы жылы бұл тәртіп айтарлықтай жеңілдейді. Атап айтқанда, қозғалтқыш көлемі 3-4 мың текше сантиметр болатын көліктер 15 АЕК, яғни 64 875 теңге,
4 мың текше сантимерден артық көлемдегі қозғалтқышы бар автомобильдер 117 АЕК (506 025 теңге) болып есептеледі. Тағы бір жаңашылдық – бағасы 75 млн теңгеден асатын көлік иелері сән салтанат салығы аясында 10 пайыз акциз төлеуге міндетті болады. Оны бірінші тіркеу мен сату кезінде өтеуі тиіс.

Тұрғын үйге қатысты төлемдерде де өзгеріс бар. Айталық, бұған дейін пәтер, тұрғын үй, жер учаскесін сатып алған азамат бір жылға жетер-жетпес уақытта үстінен пайда көріп, оны басқа адамға сатып жіберсе, салық төлеуіне тура келетін еді. Енді бұл мерзім екі жылға дейін ұзарды. Яғни, жаңа жылжымайтын мүлікті кемінде екі жылдан соң ғана сатуға мүмкіндік бар. Одан ерте сатылымға шығаруды қаласаңыз, салық төлейсіз. Егер бұл саудадан түскен пайда 36,7 млн теңгеден аспаса, салық 10 пайыз
болады. Одан артық пайда көрген жағдайда міндетті төлем көлемі 15 пайызға дейін көбейеді.

Несие алу қиындайды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несие ресімдеуге қатысты талаптарды күшейтті. Енді кірісі төмен немесе өтелмеген бірнеше берешегі бар азаматтарға несие мақұлданбауы мүмкін. Сондай-ақ, несие алуға онлайн түрде өтініш берген кезде биометриялық тексеруден өту басты талап болмақ.

Бұл ретте көпшіліктің талқы-сындағы қаржы аударымдары мәселесіне де тоқталған жөн. Бұған дейін басылым бетінде бірнеше рет жазғанымыздай, тұрғындардың банктің мобильді қосымшалары арқылы жасаған аударымдары тексеріледі. Банктер салық органдары қатарынан үш айдың әрқайсысында 100 және одан да көп адамнан аударым қабылдаған азаматтар туралы мәліметтерді ұсынады. Бұл ретте үш айда түскен қаражаттың жалпы көлемі 1,02 млн теңгеден асқан жағдайда салық өкілдері тексеріс жүргізеді. Егер «көлеңкелі» кәсіпкерлік екені анықталса, тиісті шаралар қолданылады.

Биыл бізді күтіп тұрған қаржылық өзгерістердің негізгілері – осы. Артық төлем жасап, айыппұл арқаламас үшін бұл басты өзгерістерді назарға алған жөн. Бұл ретте біздің басылымның «Қаржы», «Ұлттық экономика» арнайы беттерін де тұрақты түрде оқып, қаржылық сауаттылықты арттыруды да естен шығармаңыз, оқырман!

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.