Қарыздан қашып құтыла алмайсың…

Там 21, 2025

Биыл 1 қазанда жеке тұлғалар үшін өткен жылдың мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталмақ. Алайда осы уақытқа дейін облысымызда 30 мыңнан астам тұрғын салық төлемеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында сөз болды.

Нұржайна ШОДЫР

Облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Увалиевтің айтуынша, өңір тұрғындары бүгінде мемлекетке шамамен 72 миллион теңгеге жуық қаражат қарыз. Сондықтан мүлік салығын төлеу мерзімінің аяқталуына небары бір-ақ ай қалғандықтан тездетіп салықтарын төлеуі тиіс, дейді мамандар.

— Жалпы, былтыр жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салықтың есептелген сомасы шамамен 342 миллион теңгені құрады. Қазіргі уақытта қазынаға 270 миллион теңге түсті. Тұрғындар мүлік салығының сомасын «E-salyq Azamat» мобильді қосымшасының «ЖТ және ЖК алдағы төлемдер сервисі» деректемелері бойынша, сондай-ақ «Halyk Bank», «Kaspi Bank» қосымшалары арқылы білуге және бір мезгілде төлеуге болады. Сонымен қатар, мүлік салығы туралы ҚР Мемлекеттік кірістер комитетінің portal.kgd.gov.kz порталынан, SalyqBot сілтемесі бойынша Telegram каналындағы чат-бот және 1414 нөмірі бойынша бірыңғай байланыс орталығына хабарласу арқылы да білуге болады, — дейді Арман Увалиев. Сондай-ақ, ол кейбір санаттағы азаматтарға салық төлеуде жеңілдіктер қарастырылғанын да атап өтті. Мәселен, Кеңес Одағының батырлары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен оларға теңестірілген тұлғалар, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңес Одағының ордендерімен және медальдарымен марапатталғандар, социалистiк еңбек ерлерi, «Халық қаhарманы», «Қазақстанның еңбек ері» атақтарын алғандар, үш дәрежелi «Даңқ» орденiмен және «Отан» орденiмен марапатталған адамдар, мүгедектігі бар жандар, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, басқа да әлеуметтік санатқа жататындарға жеңілдіктер бар екенін айта кеткен жөн.

Мамандардың айтуынша, мүлік салығын заңнамада белгіленген мерзімде төлемеген жағдайда салық берешегі туындайды. Нәтижесінде, төлем мерзімі аяқталған соң, яғни 1 қазаннан кейін, қолданыстағы заңнамаға сәйкес салық төлемеген азаматтар банктік қызметтерді, оның ішінде аударымдар жасау, шоттар ашу, несие рәсімдеу сынды мүмкіндіктерді пайдалана алмайды. Сонымен қатар, уақыты өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептелетін болады. Ал берешек салық бұйрығы тапсырылған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде өтелмеген жағдайда мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қолдану үшін мәліметтер жеке сот орындау-шыларына жіберіліп, мүлікке және банктік шоттарға тыйым салынады. Сонымен қатар, елден тыс жерлерге шығуға шектеу қойылады әрі қарыз сомасының 25 пайызын құрайтын сот шығындары ұсталады.

Баспасөз мәслихатында көлік құралдарына төленетін салық мәселесі де сөз болды. Басқарма басшысының міндетін атқарушының айтуынша, жеке тұлғалардың 2025 жылға көлік құралдарына салық төлеу мерзімі 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін жүргізілуі тиіс. Көлік құралдарына салынатын салықтың сомасы ҚР Салық кодексінің 493-бабына сәйкес дербес есептеледі. Бұл жөнінде жоғарыда айтқан мекеме порталы мен телефондағы банк қосымшаларынан білуге болады. Көлік салығын төлеу жеке тұлғаның тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі. Салық төлеу үшін иелері көліктің 17 таңбадан тұратын бірегей нөмірін (VIN кодын) білуі керек. Бұл деректер техникалық паспортта көрсетілген. Ал машина болмаған жағдайда осы фактіні растайтын мәліметтерді мемлекеттік кірістер басқармасына ұсыну қажет.

Ескерте кететін жайт, салықты уақтылы төлемеген адамдарға 2026 жылдың 2 сәуірінен бастап салық берешегі туралы хабарламалар жіберіледі және мерзімі өткен әрбір күн үшін өсімпұл есептеледі.

Өкінішке қарай, бүгінгі таңда 17 мыңнан астам павлодарлық автокөлік иелері 2024 жылғы көлік салығын төлемеген. Олардың салық бойынша берешегі 870 миллион теңгеден асқан.