Қазақстанда соңғы жылдары азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, барынша қарызсыз қоғам құру мәселесі жиі-жиі биік мінберлерден сөз етілуде. Олай болудың да жөні бар. Қарызға тұсалған қоғам елді дамытуды ойламақ түгілі, отбасын, тіпті, өзін алға жетелеуге шамасы жетпейді. Ал мұндай үрдіс еліміз үшін өте қауіпті. Жалпы, экономикаға салқынын тигізеді. Сондықтан, құзырлы органдар халықтың қит етсе, қарыз алуға жүгіруін тыюға түрлі қадамдар жасауға көшті.
Енді кешірілмейді
Естеріңізде болар, үш жыл бұрын елімізде Президенттің тапсырмасымен 500 мың азаматтың тұтынушылық мақсатта алған 300 мың теңгеге дейінгі көлемдегі несиелері кешірілді. Бұл мақсатқа қазынадан 150 млрд теңге жұмсалған еді. Бұл жәрдем арқылы Үкімет тұрғындардың берешегін кемітуді көздеді. Мақсат орындалды ма? Өкінішке қарай, олай болмады. Бұл жөнінде жуырда сөз еткен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова енді Қазақстан азаматтарының несиесін кешіру секілді науқандар болмайтынын кесіп айтты.
— Сол жолғы кредит кешірілгеннен кейін жағдай жақсармады. Қайта біздің қаржы секторында кредит көлемі қайтадан өсіп кетті. Оның ішінде проблемалық кредиттер де көбейді. Егер мемлекет қаражатын бөліп, қайта-қайта кешіре берсек, одан да көп жаңа кредиттер арта беретін түрі бар, — деді Мәдина Әбілқасымова. Сондықтан, шыдамы таусылған аталмыш орган енді кешіруді доғару керек деген тоқтамға келді.
Аймақта да азаймаған
Агенттік басшысының айтқан сөзінің жаны бар. Несие ресімдеуге келгенде тез мақұлданғанына малданатындар көп. Осы ретте, Ұлттық банктің Павлодар облыстық филиалынан алған ақпаратқа үңілсек. Облысымызда тұтынушылық несие ретінде екінші деңгейлі банктерден берілген қарыздың азайғанын аңғара алмайсыз. Керісінше, ай, жыл өткен сайын көлемінің көбейгенін көруге болады. Мәселен, 2022 жылдың наурызында аймақ тұрғындарына берілген несиенің жалпы сомасы 24 млрд 648 млн 300 мың теңге болса, сол жылдың маусым айында 32 млрд теңгеден асқанын байқауға болады. Енді биылғы көрсеткіш-терге көз жүгіртсек, наурызда өңір тұрғындары жалпы көлемі 38 млрд теңгеден асатын несие ресімдеген. Маусымда 43 млрд теңгеден артқан. Тамыз айында, тіпті, тұрғындардың берешегі тағы 50 млрд теңгеге артқан. Яғни, ай сайын алынатын ірілі-ұсақты қарыз көлемі өсумен келеді. Енді бұл сомаларға несиенің кемі 17 пайыз, ал көбі 19,7 пайыздық сыйақы мөлшерлемесін қосыңыз. Халық ұзақ мерзімді қарыз алуға құмар келеді. Оны да түсінуге болады. Айлыққа қарай шақтап, ай сайын төленетін төлемнің қалтаға салмақ түсірмеуін қалағандықтан барынша ұзақ мерзімге бөліп тастағанды құп көреді. Ал бұл дегеніңіз, мерзімі ұзарған сайын еселеп төлеуге тура келеді. Жүктеменің еселенгенін берешекті уақытылы төлей алмаудан да аңғаруға болады. Облысымызда өткен айдағы мәліметтер бойынша мерзімі кешіктірілген несие көлемі 15 млрд теңгеден асады. Соның ішінде жеке тұлғаларға тиесілісі 11 млрд теңгеге жуықтайды. Басым бөлігі — ұзақ мерзімді несиелер. Былайша айтқанда, қаншама адам қарызға шырмалған. Тағы бір айта кетерлігі, ресім-делген несиелердің барлығы дерлік ұлттық валютамен берілген. Бұл ретте, көпшіліктің кезінде шетелдік валютамен қарыз алып, санын соғып қалған сәттерден сабақ алғаны қуантады. Себебі, шетел валютасының бағамы өскенде, қайтаратын қарызы да ұлғайып шыға келеді емес пе?!
Банкрот деп танып…
Несиені қос-қостан алып, ақыры төлей алмай, қарызға батқандардың жүктемесін жеңілдету үшін биыл тағы бір тетік қабылданды. Яғни, жеке азаматтарды банкрот деп тануға наурыз айынан бастап өтініш қабылдануда. Қазан айына дейін елімізде соттан тыс банкрот деп тану туралы жеке тұлғалардан 68 мыңнан аса өтініш түсіпті. Олардың 55 мыңнан астам азаматтың өтінішінен бас тартылған. Себебі, тиісті талаптарға сай келмейтіні анықталды. 5700 адамға қатысты тиісті шаралар жүргізілуде. 1200 өтініш қаралып жатыр. 5200 адам банкрот деп танылған. Олардың жалпы қарызы 8 млрд теңгені құраған. Бұл берешек есептен шығарылды. Яғни, азаматтар қарызын төлемейді, бірақ, 5 жыл банктер мен шағын қаржы ұйымдарынан несие ресімдеу, тағы қарыз алу құқығынан қағылады. Оған заңмен шектеу қойылған. Қайтадан банк-роттық деп тану тек 7 жылдан кейін рұқсат етіледі. Сондай-ақ, 3 жыл ішінде мүлік сатып алуына да тыйым бар. Біздің өңірдегі ахуалды да анықтап көрдік. Облыстық кірістер департаментінің мәліметіне сүйенсек, аймағымызда 2486 азаматтан өтініш түскен. 1899 адамға мұндай мүмкіндік беруден бас тартылған. Себебі, тиісті шарттар сақталмаған. 100 адам өтінішін кері қайтарып алған. 400 тұрғынның қарызына қатысты қаржылық мониторинг жүргізіліп жатқан көрінеді. Биыл бастама қолға алынған наурыз айынан бері облыста 176 жеке тұлға банкрот деп танылыпты. Олардың жалпы сомасы 228 млн теңге берешегі есептен шығарылды. Тиісті талаптар деп отырғанымыз, заңнамаға сәйкес соттан тыс банкроттық деп тануға өтініш берген азаматтың қарызы 5,5 млн теңгеден аспауы және берешегі 12 айдан көп уақыт өтелмей келген болуы қажет. Мемлекеттік тіркеуге жататын мүлігінің болмауына да мән беріледі. Сондай-ақ, банкпен, шағын қаржылық ұйыммен қарызды реттейтін құжатының болуы да шарт.
Сауатын ашса…
Жоғарыда аталған амалдар қысқа мерзімдік жағдайды оңалт-қанымен, қаржылық сауаттылықтың төмендігімен, оның орны қайта толуда. Содан, елімізде халықтың сауатын ашса, сан соқпас деген ұйғарымға келді. Осылайша, «Қарызсыз қоғам» жобасы қолға алынды. Отанымыздың 8 өңірінде пилоттық жоба ретінде іске асты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі тиімді бастама екенін халыққа Жолдауында атап өтті. Сондықтан, 2024 жылы бүкіл аймақтарда арнайы кеңселері ашылатын болды. Бұл жайында жуырда ҚР Премьер-Министр орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлімдеді. Аталмыш кеңселерде тәуелсіз қаржылық кеңесшілер, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өкілдері, жеке сот орындаушылары тұрғындарға банктер мен қаржы ұйымдарында мерзімі кешіктірілген берешектерді реттеу мәселелеріне кеңес береді. Одан кейін әлгі азаматтың еңбекпен қамтылып, іс бастауына да қолғабыс жасайды. Сонымен қатар, Үкімет енді халықтың одан әрі несиеге шырмалуының алдын алу үшін, қарыздық жүктеменің өсуін шектеу, қаржылық нарықтағы алаяқтық деректерін төмендету үшін, жалпы тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында заңнаманы да жетілдірмек. Ең бастысы, әр тұрғынның қаржылық сауаттылығын арттыруға ден қойылады. Ашылатын кеңселер осы бағытта жұмыс жүргізеді. Бүгінде мемлекеттік органдар «Amanat» партиясы мен Halyk bank-тің «Қарызсыз қоғам» білім беру жобасының ауқымын кеңейту жөніндегі Жол картасын келісу бойынша жан-жақты жұмысты түйіндепті. Енді 2024 жылы еліміз бойынша кемі 20 мың адамның қаржылық сауатын ашып, оқыту жоспарланған. Бұл жобаның қоғамға қажеттілігіне ешкімнің күмәні жоқ. Өйткені, несиенің талаптары мен пайыздық мөлшерлемесіне үңілмей, бірнешеуін алып, кейін төлей алмай, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылғандар қаншама. Кейбірі өзінің шамасы келмеген соң айналадан көмек сұрай бастайды. «Amanat» партиясының облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Мәлікова да халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру қажет-ақ, дейді. Айтуынша, депутаттардың қоғамдық қабылдауларына да азаматтар қарыздарын өтеуге қатысты бұйымтаймен жиі бас сұғады.
— Азаматтар несие аларда оның пайыздық мөлшерлемесіне мән бермейді. Қай банк жылдам мақұлдағанына мәз болады да, кейін қайтарарда қиналып қалады. Әрине, қысылған шақта қарыз алудың жөні бөлек. Бірақ, ойланбай, қалтасына, табысына қарамай, берешекке баратындар қынжылтады. Тіпті, бір несиені екінші несие алып жабатындарды қайтесіз. Бұл дегеніңіз, нағыз сауатсыздық қой. Екі еселеп қарызға баттым дей беріңіз. Біздің қабылдауымызға несиені жауып беруімізді өтініп келетіндер бар. Бірақ, бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан заңгерлеріміз құқықтық кеңес береді. Бірқатар азаматтардың бірнеше несиесін бір банкке көшіріп, қайта қаржыландыруына қолғабыс жасадық. Тағы бір әскерге аттанатын жігіттің несиесін келгенге дейін тоқтата тұруға көмектестік. Мұндай жайсыз деректердің көбеймеуі үшін, әлбетте, «Қарызсыз қоғам» жобасының берері мол, — дейді Айгүл Қайыртасқызы. Шынымен-ақ, қарыз алуда қаншалықты сақ болудың қажеттігін көп адам түсінбейтінін «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқытылғандардан көрінген. Қаржылық сауаттылығын ашқан азаматтардың 63 пайыздан астамы несиенің артық төлемі жайында хабарсыз болған. Оқуға қатысқан тұрғындардың 38 пайызы табысы 70 мың теңгеден аспаса да, бірнеше банк, қаржы ұйымынан бірнеше несие алған. Ал 13,8 пайызының 10-нан астам несиесінің бары белгілі болған. Ал тұрғындарға келсек, халық алдымен банктерден берілетін несиенің пайыздық мөлшерле-месін төмендету қажет деген пікір айтуда. Павлодар қаласының тұрғыны Асылтас Тұрымтаева әрбір азамат қажеттілік туындағаннан, табысынан қор жинауға мүмкіндік болмағандықтан несие алуға мәжбүр. Сыйақы мөлшерлемесі төмен болса, берешекті өтеуде қиналмас едік, дейді ол. Қарап отырсақ, соңғы үш жылда мемлекет елімізде қарызсыз қоғам құруға түрлі қадам жасауда. Жеңілдіктер беріп, бір серпілтпекке де әрекет етілді. Бірақ, нәтиже көрінбеді. Сарапшылар, қаржы саласының мамандары қарызсыз жүруге ұмтылыс тұрғындардың өзінен туындауы тиіс деген ой айтуда. Сауатын арттырып, қарыз алмас үшін «жеті рет өлшеп, бір кесу» ұстанымына берік болса, деген кеңес беруде. Ал тұрғындар несиенің пайызы төмендетілсе, біртіндеп қарызсыз қоғам қалыптасатынына сенімді. Ендеше, әрекет әр тараптан болуы керек деген ой келеді.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.