Елімізде қарызсыз қоғам қалыптастыруға түрлі әрекеттер жасалуда. Яғни, халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру арқылы елімізде тұрғындардың несиелік жүктемесін төмендету көзделуде. Бұған дейін мемлекет тарапынан тығырыққа тірелген азаматтардың біразының несиесін кешіру науқаны да жүрді. Одан кейін жеке тұлғаларды банкрот деп жариялау жолымен қарыз қамытынан алып шығудың амалдары да іске асуда. Әлбетте, Үкімет несиесін кешіре салу арқылы қарыз мәселесін шешудің мүмкін еместігін біледі. Сондықтан, алдымен азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттырып, қарыз алардан бұрын «жеті рет өлшеп, бір рет кесуге» үйретуді жөн көрді. Соның дәлелі — өткен жылы елімізде қолға алынған «Қарызсыз қоғам» жобасы. Бұл бастама аясында тұрғындардың қаржы саласындағы білімін жетілдіру, несие нарығында білуі тиіс тұстарды түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, елімізде адамдар қандай қаржылық қиындықтарға жиі ұшырайды? Қай жерде көп қателік жібереді? Несие нарығында нені біліп, неге мән беруі тиіс? Қарызсыз өмір сүруге қалай қамдану қажет? Міне, осы және өзге де сұрақтарға кезекті «Тікелей желі» шарасында жауап алдық. Тікелей желі қонақтары — заңгер, «Қарызсыз қоғам» жобасының сарапшысы Зарина Қалдыбекқызы Әділова және жобаның қаржылық сарапшысы Аида Жәңгірқызы Мұсылманова.

Тілші сауалы:

«Қарызсыз қоғам» жобасының басты мақсаты қандай? Бұл мақсат өз деңгейінде орындалып жатыр ма?

Аида МҰСЫЛМАНОВА:

— «Қарызсыз қоғам» жобасы — «AMANAT» партиясының және «Ұлы дала» ауыл бизнесін дамыту қауымдастығының бірлескен бастамасы. Негізгі мақсат – халықтың қаржылық сауаттылығын арттыру. Мақсат өз деңгейінде атқарылып жатыр деген ойдамыз. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халыққа жолдауында аталмыш жобаға жоғары баға беріп, жалғасын табуы қажеттігін атап өтті. Бүгінде 6,5 миллион қазақстандық азаматтың банктік ұйымдарда несиесі бар. 1,5 миллион тұрғынның шағын несие ұйымдарында қарызы бар. Елімізде бір миллионға жуық азамат несиелерін төлеуді кешіктіруде. Яғни, несиелердің қолжетімділігі, жоғары пайызы, алаяқтық деректерінің көбеюі тұрғындардың қарыз «шұңқырына» түсіп кетуіне жетелеп отыр. Міне, сондықтан да аталмыш жоба қолға алынды. Былтыр жоба еліміздің бірқатар өңірінде пилоттық негізде басталып, биыл барлық облыс-тарда қаржылық сауаттылық сабақтары жүріп жатыр.

Тілші:

Осы ретте, аталмыш жобаның аймағымыздағы аяқалысы қалай? Қанша адам қаржылық сауаттылық саба-ғынан өтті? Бұл сабақтарда не үйретіледі?

Аида МҰСЫЛМАНОВА:

— Облыста 5 мыңнан астам адам оқытылды. Оқыту жыл соңына дейін жалғасады. Келесі жылы да үзілмейді деген үміт бар. Аудан-қалаларды аралап, шалғай елді мекендерге де барамыз. Төрт сарапшы әр аудан-қалада, ауылда бес күндік семинар сабақтарын өткізеді. Мұнда отбасылық бюджетті жүргізу, кіріс пен шығысты қалай есепке алу, несиесіз өмір сүруді қалай жоспарлау керектігін, оның жолдары мен тәсілдерін үйретеміз. Ақшаны жинау дағдысын қалыптастыру қағидаларына да тоқталамыз. Несие санын барынша қысқартудың да тиімді жолдары айтылады. Несие нарығының қыр-сырымен бөлісеміз. Нақтысы, несие рәсімдеген кезде оның пайызына, талаптарына мән беруге, жалпы қол қоярдың алдында шартпен толық танысып шығуға кеңес береміз. Артық ақшасын қайда инвестициялау қажеттігін де түсіндіреміз. Инвестиция салуда әлеуметтік желіде қаптап жүрген, «тиімді» деп жарнамаланатын алаяқтардың қармағына түсіп қалмаудың да айлалары айтылады. Қазір алаяқтар жасанды интеллектіні пайдаланып, дауыс, бейнені арам пиғылдарына пайдаланып жатады. Соған алданып қалмау қажеттігін жиі сөз етеміз. Сондай-ақ, азаматтарды табысты бизнес ашуға бағыттаймыз.

Тілші сауалы:

— Тұрғындар қаржылық тұрғыдан қандай қателік-терді жиі жібереді?

Аида МҰСЫЛМАНОВА:

— Тұрғындар несие алуда шарттың талаптарына қарамайды. Қолдарына тигеніне мәз көбі. Сабақ үстінде кімде несие барын сұраймын. 98 пайызы несие бар дейді. Енді сұрастыра келсең, қанша уақытқа, қандай пайызға берілгенінен бейхабар болып шығады. Несиенің пайызы тұрақты немесе ауыспалы болуы мүмкін екенін де білмейді. Онлайн несие алғандар мұнда да шарттың болатынын білмейді. Бұл дегеніңіз – қаржылық, құқықтық сауатсыздық.

Тілші сауалы:

Кімдер жобаның көмегіне көп жүгінеді?

Аида МҰСЫЛМАНОВА:

— Көбі — әйел адамдар.  Әу баста «Қарызсыз қоғам» жобасы борышкерлер тізімінде тұрған, тығырыққа тірелген жандарға арналып, басталды. Одан кейін бүкіл қоғамның қаржылық сауатын көтеру керек деген шешім шығарылды. Жұмыс істемейтіндер де, қызметтегі азаматтар да қатысады.

Тілші сауалы: 

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында азаматтарды оқы-тып қана қоймай, олардың қаржылық қиындықтарын, қарыздарын реттеу жағына көмек беріледі. Қанша адамның мәселесін шешу мүмкін болды?

Зарина ӘДІЛОВА:

— Облыста 5 мыңнан астам адам оқытылса, менің заңгерлік көмегіме 400-ден астам азамат жүгінді. Олардың екі жүзге жуығы кеңес алды. Одан бөлек қазіргі таңда 2-6 ай шамасында кері байланыста болып, мәселелерін сотқа дейін жеткізіп, шоттары бұғатталса, оны да шешіп жатқан жайымыз бар. Міне, осындай нақты көмекті 177 адамға көрсеттік. Біздің түпкі мақсатымыз – халықтың қаржылық сауатын арттыру, қарызсыз қоғам қалыптастыру. Бұл ретте, несиені тиімді алу, оны тиімді жабу жолдарынан хабардар етеміз. Барлық қызметіміз – тегін. Қаржы сарапшылары несиеден бөлек, грант алып, іс бастаудың да жолдарын үйретеді. Мен заңгер ретінде тығырыққа тіреліп, қарызға батып кеткен адамдарды сол қиындықтан алып шығудың жолдарын іздестіремін. Өкінішке қарай, қазір қаржылық қиындық шырмауына түскен адамдар аз емес. Алдымызға аянышты халде келетіндер қаншама?! Қолымыздан келгенше заң аясында жәрдемдесеміз. Кейбірі «заңгерге аманаттадым, енді бәрін шешеді, қарызымды жауып береді» деп ойлайды. Олай қателеспеңіздер. Несие жабудың оңтайлы жолдарын қарастырамыз. Соның бірі – жеке тұлғаны банкрот деп жариялау. 2023 жылы «Банкроттық туралы» заң қабылданды. Егер азамат осы заң талаптарына сай келсе, әлбетте, ешбір несиені төлемей, кешіру мүмкіндіктері бар. Бұрын кешіктіріліп келген барлық несиесін  жауып, енді қайтадан несие алуға көмектесіңіз деп келетіндер де табылады. Біз тегін оқытып, қаржылық сауаттылығын арттыруға әрекеттеніп жатсақ, кейбір тұрғын осындай қисынсыз оймен келеді.

Тілші:

Осы орайда бірқатар нақты мысал келтірсеңіздер…

Зарина ӘДІЛОВА:

— 177 адамның ісін аяғына дейін жеткіздік дедім ғой. Олардың көбі берешегі көп жандар еді. Бұрын адамдар бір-бірінен пайызбен қарыз алатын кездер болды. Кейін бұл заңсыздық жойылып, орнына лицензиясы бар онлайн заем ұйымдары қаптады. Алдыма келген клиенттердің ішінде бір мезетте 30 заем алғандар бар. Бір кезде үш банктен несие рәсімдегендер де келді. Көбінің қателігі — қарызды қарызбен жабу. Мәселен, олар ай сайын 200 мың несие жауып тұруы тиіс. Кезекті төлеміне белгілі бір сомасы жетпесе, онлайн заем рәсімдей салады. Ал онлайн қарыздың пайызы жоғары әрі қысқа мерзімге, екі аптаға берілуі мүмкін. Он күннен кейін ол қарызды қайтару қажет. Осылайша, шырмала береді. Он жылдық заңгерлік тәжірибеме сүйеніп айтарым, қарыз – қылмыс емес. Ол үшін сотталып, жаза арқаламайсыз. Сіз борышкер, оны қайтаруға міндеттісіз. Бірақ, мұндай қарызды қарызбен қайтарудан аулақ болуыңыз керек. Елімізде заем санына шектеу жоқ. Кредиттік бюродағы статистикаға үңілсек, бір басында 30-40 несиесі бар азаматтар кездеседі. Онлайн қарыз жеңіл алынғанымен, қайтарылуы тым қиын екенін ұғындыра алмай келеміз. Kaspi жұма-ға әуестер көп. Басыңызда қарыз болса, алдымен содан құтылуға асық тұрғаныңыз абзал.

Осы ретте, несиені тиімді қайтару жолдарына келсем. Адамдардың белгілі бір жағдайына қарай банктерде қарастырылатын жеңілдіктер барын көпшілік білмейді. Мысалы, жұмысынан айырылып қалу, бала босану және де басқа да жағдайларға байланысты банкке мән-жайды құжат жүзінде растап, түсіндірсе, үш айға банк несие төлеуден демалыс беруі мүмкін. Оған дейін жағдайыңызды реттеп аласыз. Сонымен қатар, ай сайынғы төлемді төмендету жайын да қарастыруы мүмкін. «Қарызсыз қоғам» аясында келгендердің атынан банктерге өтініш жазып, бұл жағын да реттеудеміз. Әлбетте, шешімді банк қабылдайды. Біз тек заң аясында өтініш білдіреміз.

Тілші:

Бір басында бәлен шағын несиесі бар адамдардың көптігін айттыңыз. Осындай жағдайлармен келген азаматтардың мәселесін қалай реттейсіздер?

Зарина ӘДІЛОВА:

— Алдымен, бізден тегін көмек алу үшін не істеу керектігін түсіндіріп өтейін. Тұрғылықты мекеніңіз бойынша «AMANAT» партиясының филиалына барып, «Қарызсыз қоғам» жобасына тіркелесіз. Сол аудан-қалада қай күндері қашан өтетіні туралы кесте береді. Тіркелген соң қаржы сарапшылары 5 күн оқытады. Несиелік мәселелеріңізді қаржы сарапшыларына айтасыздар. Қаржы сарапшысы сіздің мәліметтеріңізді, ұялы байланыс нөміріңізді маған жібереді. Сосын жеке чат ашамыз. Онда мен, көмекшім және көмек сұраған азамат отырады. Онлайн түрде базалардан тексеріп, ахуалға талдау жасап, әрі қарай әрекетімізді айқындаймыз. Жеке деректерін бергісі келмейтіндер кездеседі. Онсыз біз көмек бере алмаймыз. Көмектескен адамдардың көбі — қарызға кіріп кеткендер, несиесі төленбеген, салдарынан шоттары бұғатталып, айлығын ала алмай жүргендер. Сондықтан, алдымен шоттағы бұғатты шешуге кірісеміз. Одан кейін қарыздары бойынша банктерге, қаржылық ұйымдарға арыз жазамыз. Банк мұндайда бастапқы жарна төлеуді талап етеді. Бұл талапты да халыққа түсіндіру кейде қиынға соғады. Сондықтан кірісер алдында осындай шарттар барын ұғындыра бастаймыз, соманы дайындап қоюын сұраймыз. Банктің шешімімен ай сайынғы төлемі айқындалып, жаңа тиімді кесте қолына беріледі. Банкке клиенттің жағдайын түсіндіріп, өтініште көрсетеміз. Айқын себеп болса, ол құжатпен дәлелденіп тұрса, банк оң шешім шығарады. Бұл қызметіміздің бәрі — тегін. Әйтпесе, нарықта шоттағы бұғатты алып тастатудың өзіне заңгерлер 30-40 мың сұрайды. Заңгердің кеңесінің өзі — 5-10 мың шамасында.

Жуырда бір клиентіміз Ресейге көзін емдетуге шұғыл шығу керек еді. Шоттарының бәрі – бұғаттаулы. Осы ретте, шетелге шығуға рұқсат алу мүмкіндігі бар екі жағдайды айтайын. Яғни, жақын адамы қайтыс болғанда немесе денсаулығына байланысты шетелге шығарда шоттағы бұғаттарды алып тастатуға болады. Клиентке шұғыл түрде операция керектігін көрші елдегі медициналық мекемеден алдыртқан шақыртумен дәлелдеп, бұғаттар жойылды. Әлгі азамат емін алып, өңірімізге оралды.

Гүлнар:

— Мен көпбалалы ана ретінде жәрдемақы аламын. Басымда екі несием бар. Олардың бірі бойынша төлемді кешіктіріп алдым. Содан бір күні шотыма арест қойыл-ғанын білдім. Бұл қаншалықты заңды?

Зарина ӘДІЛОВА:

— Заң бойынша банк, сот орындаушылары берешекті 1-топ мүгедектерінің, балаға берілетін, декреттік демалысқа шығуда тағайындалатын жәрдемақыларынан ұстап қалуға құқығы жоқ. Ол үшін бұл жәрдемақы түсетін шот арнайы әлеуметтік болуы тиіс. Яғни, жәрдемақы тағайындалатын кезде банкке арнайы шот ашып, соны берсеңіз, бұл шотқа түсетін ақшаға бұғат қойылмайды. Ал жәрдемақыны бұрын еңбекақы алып жүрген шотқа аудара беруге рұқсат еткен болсаңыз, мұнда түскен ақшаға банктер де, сот орындаушылары да бұғат қоя алады. Жәрдемақыға бұғат қойылғаннан кейін үш күн ішінде банкке, сот орындаушыға қаржының балаға түскен әлеуметтік ақша екенін дәлелдеп, арыз түсіру керек. Сонда 15 күн ішінде қайтарылады.  Басты кеңесіміз — шұғыл түрде шотыңызды әлеуметтік арнайы шотқа ауыстырыңыз.

Тілші:

Алаяқтарға алданып қалғандар аз емес. Оларға қаншалықты көмектесе аласыздар?

Зарина ӘДІЛОВА:

— Қазір менің қолымда мұндай онға жуық іс бар. Мәселен, бір медбике алдына келген пациенттің ұялы телефонын алып, атына шағын онлайн несие алып тастаған. Одан бөлек, бүгінде хабарласып, азаматтарды сан соқтырып кететіндер көбейді. Алаяқтар өте сауатты сөйлейтін болып алған. Мәселен, Теле2 операторы ретінде хабарласып, «қолданыстағы нөмірінің мерзімі аяқталатынын, әрі қарай пайдалану үшін нөміріне келген кодты санаулы сағаттарда айтпасаңыз, бұғатталады да, өзгеге өтіп кетеді» деп талап қояды. Сенгендер кодты айтып, ақыры атына 11-20 млн теңгеге дейін несие рәсімдеп тастаған. 1414 жедел желісі атынан да шығатындар табылып жатыр. Медициналық мекемеден түрлі процедураға жазу үшін ақпарат сұрап, хабарламадағы кодты айтуын өтінеді. Оларға да алданғандар бар. Үкімет сақтық шараларын жасап жатыр. Дегенмен, мұндай жағдайлар әлемді жайлап алуда.

Тілші:

Мұндайда не істеу керек?

Зарина ӘДІЛОВА:

— Осындайда, алдымен құзырлы органға арыз түсіру керек. Кейде полицияда «сіз сияқты алданғандар көп, бәрібір шешілмейді» деп жылы сөйлеп шығарып тастауы мүмкін. Бірақ, заңға сәйкес өтінішіңізді табандап тұрып, қалдыруыңыз қажет. Сонда қолыңызға «жәбірленуші» деген құжат береді. Сол құжат негізінде сотқа жүгіне аласыз. Қазіргі таңда елімізде алаяқтар құрбандарының несиесін кешіруге қатысты мәселе жоғары жақта қаралуда. Егер қабылданса, сотқа жүгініп, шынымен алданғанын дәлелдесе, оң шешімін табуы мүмкін. Көбі үйінде алданады. Алаяқтар камераға түсіңіз дейді. Үй киімімен түсіп, жіберген фотосы сақталып тұрады. Сәйкесінше, несиені өзі алмағанын дәлелдеу мүмкін болмай қалады. Айта кетейін, сотқа жүгінгеннің өзінде сот процесі өте ұзаққа созылады. Сондықтан SMS-кодтарға абай болу керек. Кейде халыққа ашуланамын. Оңай олжа жоғын қанша айтсақ та, түсінбейді.

Алаяқтарға алданып, сотты жеңіп шыққандар, өкінішке қарай, жоқ. Алынған несиенің соңында кімге түскенін табу қиын. Қателесіп жібердім деп, басқа біреуге жолдауды сұрайды. Сөйтіп түпкі алушыға жеткенге дейін бәлен шоттан өтеді. Көп жағдайда ақша Ресей мен Украинаға аударылғаны анықталып жатады. Еліміздегі азаматтар өзіне түскенді ары қарай жібергенін айтып ақталады. Бірақ, жеке тұлғаны банкрот деп жариялау арқылы алаяқтар «іліп» кеткен қарыздан құтылғандар бар.

Тілші:

Осы жайында толығырақ айтсаңыз…

Зарина ӘДІЛОВА:

— 2023 жылы банкроттық туралы заң шықты. Азаматтар алаяқтардың құрбаны, жәбірленуші екені туралы құжаты болса, банкроттыққа беруге болады. Алайда, оның өзіндік талаптары бар. Яғни, бір жыл алаяқтар рәсімдеп кеткен несиені төлемеуі тиіс. Қазір осындай бір клиентпен жұмыс істеп жатырмыз. Ол наурыз айында жүгінді. Шоттарын бәрін бұғаттап қойдық. Ешқандай ақша түспейді. Табысы жоқ. Полициядан құжаты бар. Енді 2025 жылдың наурызында бір жыл толғанда сотқа банкрот деп жариялауға байланысты арыз түсіреміз. Бұл жаңашылдық енді ғана басталып жатыр. Менің ойымша, оң шешімін табуы тиіс. Содан кейін шоттарындағы бұғат алып тасталады, еңбекке араласып, айлығын ала береді. Ал несиесі кешіріледі. Тек шетелге шығуға тыйым тұрады.

Тілші:

Жалпы, тұрғындар өзінің құқығын қорғауға қанша-лықты қауқарлы? Құжатқа қаншалықты сауатты?

Аида МҰСЫЛМАНОВА:

— Тұрғындардың көбінде қаржылық, құқықтық сауаттылық тым төмен. Өздерін қорғай алмайды. Бір азаматтың жайын айтайын. Шағын несие ұйымынан 1 млн несие алған. Оны біраз төлеген. Кейін сот арқылы одан 3 млн теңге етіп өндіріп алады. Енді, несиенің бастапқы талаптарын, мерзімін сұраған, ешқайсысын білмейді. Тіпті, жоғары білімді адамдардың өзі ойға сыйымсыз қателіктер жібереді.

Тілші:

Сонда онлайн заем алғанда нені ескеру керек?

Аида МҰСЫЛМАНОВА:

— Шарт талаптарына, несиенің пайызына. Кейде пайызы тұрақты болады. Яғни, несиенің бүкіл мерзіміне — бірдей пайыз. Кейде ауыспалы пайыздық мөлшерлеме қарастырылуы мүмкін. Мұндайда шағын несие ұйымы, банк оны біржақты, өзі өзгертіп көбейтіп жібере алады. Адамдар онлайн заемда шарт жоқ деп тұрады. Электрондық шарт болады. Көбі таныстым, қабылдадым деп, қарызды алғанша асығып, басып өте береді. Үлкен қателік – бұл.

Айғаным:

— Көп жыл шағын несие алып, оларды уақытылы төлей алмай, банктердің қара тізіміне кіріп кеттім. Қазір ол қарыздан құтылдым. Бірақ, несие бермейді. Ол тізімнен шығып, кредиттік тарихымды жақсарту үшін не істеуге болады?

Зарина ӘДІЛОВА:

— Қазір кредиттік рейтинг деп аталады. Оны көтеруге болады. Біріншіден, зейнетақы қорына аударымдарыңыз жақсы әрі үздіксіз жүруі тиіс. Екіншіден, барлық қарызды жапқаныңыз жөн. Үшіншіден, барлық банктерден «қарызы жоқ» деген анықтама алу керек. Сонда база жаңартылады да, орталық жүйеде қарызы жоқтығы көрініп тұрады. Сондай-ақ, ломбардқа бір затты кепілге қойып, ақша алдыңыз делік. Ол зат керек емес деп, кейін төлеп алмасаңыз, ол да кредиттік рейтингке айтарлықтай кері әсер етеді. Көбі банктік қарыздарды уақытылы төлегенмен, уақытша заем алып, оны бірнеше күнге кешіктіріп жаба салады. Болды деп ойлайды. Бірақ, осы кешіктіру рейтингке әсер етіп, кейін ипотека алу кезінде кедергі келтіреді.

Айта кетейін, әрбір тұрғын @gkb_kz_bot телеграм ботқа ЖСН енгізу арқылы өзінің несиелік тарихын, қандай сақтандыруы барын, несиені қанша рет кешіктіргені, бәрі көрініп тұрады.

Аида МҰСЫЛМАНОВА:

— Сонымен қатар, несиелік тарихы бұзылған адамдар оны реттеу үшін тауарлық несие немесе затты бөліп төлеуге алып, оны уақытылы әрі тез төлесе, бұл да рейтингке оң әсер етеді. Бірнеше жыл қатарынан 20-50 мың шамасында тауарлық несие алып немесе бөліп төлеу қызметін пайдаланып, оны уақытылы өтесе, базада рейтингі әжептәуір жақсарып қалады. Жалпы, әр банктің несие берудегі өзіндік ішкі саясаты бар. Кейбірі несие тарихына қатты мән береді, кейбірі үстіртін қарауы мүмкін. Сондай-ақ, атқарушылық іс жүргізу бойынша борышкерлердің бірыңғай тізілімі бар. Кейбір адамдар кезінде айыппұл, салық, қарызын төлемей, бұл тізілімге еніп кетуі мүмкін. Кейін қарыздан құтылса да, тізілімде қалып қоюы ықтимал. Яғни, сот орындаушылары мойнындағы міндетіп атқарып, борышкерден қарызды өндіріп алғанымен, оны борышкерлер тізілімінен шығаруды ұмытып кетеді. Мұндайда азаматтар тізілімде көрсетіліп тұрған сот орындаушысына хабарласып, борышкерлер тізілімінен алып тастауға өтініш білдіреді.

Бақыт:

— Екі жыл бұрын менің атыма алаяқтар 800 мың теңге несие рәсімдеп тастапты. Оны төлеу уақыты өткен соң банктен хабарласқанда ғана білдім. Банкке барып едім, еш дәлелдей алмадым. Ақыры біреу алған қарызды төлеп жатырмын. Жалпы, әлі де анықтап, төлеген ақшамды қайтарып алу мүмкіндігі бар ма?

Зарина ӘДІЛОВА:

— Бұл азамат өзі төлеп отырғандықтан, алаяқ алса да, банк алдында мойындаған болып отыр. Қате жасады. Әлі де кеш емес. Қай уақытта алғанын анықтап, полицияға арыз жазып, жәбірленуші ретінде анықтама алу керек. Содан соң жұмыстан шығып, бір тиын табыс түспегенін, бір жыл несиені төлемей, банкроттыққа беріп, қарызды кешіру мүмкіндігін қарастыруға болады. Яғни, бір жыл зейнетақылық аударымдары болмауы тиіс. Бәлкім, өзге қаржы көзімен күн көре тұру керек. Ал сотқа бергеннен нәтиже шығатынына еш кепілдік жоқ.

Ержан:

— 4-5 жыл бұрын досыма 1 млн теңге алып бердім. Бастапқыда 4 ай уақытылы төлеп тұрды. Кейін ақша-
сының жоқтығын айтып, төлемей кетті. Содан үш жыл төлеп, жауып тастадым. Әлі күнге дейін қайтаруын өтініп келемін. Қолхат алмаппын. Тек несие алар кезде WhatsАpp желісіндегі хат алмасуымыз сақталған. Ол дәлел бола ала ма?

Зарина ӘДІЛОВА:

— Талап ету мерзімі өтіп кетті. Қарызды талап ету мерзімі үш жылдан аспайды. Сондықтан, медиаторлық келісім жасауға болады. Яғни, медиатордың алдына екеуі барып, айына төлей алатын сома көлемінде қайтарып тұруға келісуге болады.

Құндыз:

0-0-24-пен бөліп төлеп тауарлар алуға қалай қарай-сыздар?

Зарина ӘДІЛОВА:

Қарыздың бұл түріне де қарсымын. Бәрінде пайыз бар. Айтарым, кредитке жоламаңыздар. Несиені тегін алғандай алуға құмармыз. Оны қайтару қажеттігін ұмытпау керек. Қосымша табыс тауып, қарызсыз өмір сүруге ұмтылыңыздар. Өз басымда төрт жұмыс бар. Бәріне үлгеруге болады.

Тілші сауалы:

Енді халыққа қарызға қалай кірмеу керектігі жайында, отбасылық бюджетті жоспарлау, ақшаны үнемдеу тұрғысында кеңестеріңізді айтсаңыздар…

Аида МҰСЫЛМАНОВА: 

— Ең бастысы, әр азамат отбасының кірісі мен шығысына есеп жүргізуі тиіс. Кейбір бағытта үнемдеуге болатынын да байқау керек. Әр күн, апта, ай сайын есеп жасалып отырса, біраз артық шығынның алдын алуға болады. Жеке, отбасы бюджетін осылай реттеу мүмкіндігі бар. Үнемделген қаржыны жинақтау, бәлкім депозитке салуды қарастыру керек. Сөйтіп, өзіңіздің резервтік капиталыңызды, «қаржылық қауіпсіздік жастығын» жасап алуға болады. Әрбір ірі тауар сатып алуды алдын ала жоспарлап, оған қаржы жинап, ертерек дайындалған жөн. Көзді жұмып, қарызға кіруден аулақ болу қажет. Көп адамда шығыны кірісінен асып, ақыры қарызға кіріп кетеді. Мұндайда ақшаны жұмсау үшін, алдымен оны маңдай термен тауып алу керек. Ал жетпей жатса, қаржының өзге қосымша көзін іздеу қажет.

Түйін:

Қоғамда қарыздан қажып жүрген жандардың аз еместігін аңғарып отырмыз. Кейбірі өзінің қателігінен, енді бірі әккі алаяқтардың арам пиғылынан қарызға батқан. Бірақ, әрдайым оны реттеудің заңды жолы барынан көпшіліктің бейхабар екенін байқалады. Демек, сол мүмкіндіктерді көрсетіп, қаржылық тұрғыдан сауат ашу сабақтарын өткізудің маңызы зор екені анық. Білім қашанда ешкімге артық етпейді. Сондықтан «Қарызсыз қоғам» жобасы, жалпы қаржылық сауаттылық бағытындағы сабақтар әлі жалғасуы тиіс. Нәтижесін жоғарыдағы нақты мысалдардан өздеріңіз де аңғарған боларсыздар.

 

«Тікелей желіні» жүргізген – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.