Бүгінде тұрғындардың басым бөлігі банктердің көмегіне жүгінуді әдетке айналдырғандай. Қаржыдан қысылған шақта кепілсіз тұтынушылық қарыз ала қойған жақсы, әрине. Алайда оның пайыздық мөлшерлемесін ескерсек, кейін еселеп қайтару міндеті тұратынын да естен шығармау керек. Бұл ретте ел билігі «қит» етсе банктен берешек алуға асығатын адамдар үшін несие сомасын азайтуды ойластырып отыр.

Қазіргі уақытта екінші деңгейлі банктер ипотека, яғни тұрғын үй несиесі, автонесие және кепілсіз тұтынушылық несиелер беріп жатады. Несиенің алғашқы екі түрін алған уақытта сол баспананы немесе автокөлікті несиеге қойып, 30-40, тіпті 70-80 млн теңгеге дейін қарыз алуға болады. Ал тұтынушылық несие-лерде кепілзат болмайтындықтан, оның сомасы анағұрлым аз. Бүгінде банктердің басым бөлігі несиенің бұл түрі аясында көп жағдайда 7-10 млн теңгені ресімдейді. Енді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі несиелер мен микрокредиттердің көлемін шектеуді ұсынып отыр. Егер агенттік ұсынысы қолдау тапса, азаматтар кепілсіз 8 миллион теңгеден артық қарыз ала алмайды.

— 2024 жылғы 19 маусымындағы заңымен банктер мен микроқаржы ұйымдарына сомасы агенттіктің нормативтік-құқықтық актісінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін тұтынушылық қарыздарды беруге тыйым салынады. Ол тұтастай алғанда борыштық жүктеменің шамадан тыс өсуіне жол бермеуге және халықтың шамадан артық кредит алуын төмендетуге ықпал етпек, — дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі департаментінің бас маманы Нұрбол Райымқұлов.

Атап айтқанда, кепілсіз тұтыну-шылық несие көлемін 2200 айлық есептік көрсеткіш көлемінен асырмау көзделген. Бұл дегеніңіз мұндай қарыздың көлемі 8 122 400 теңгеден аспауы тиіс. Сол сияқты микроқаржы ұйымдарына қатысты шектеу енгізілмек. Бұдан былай аталмыш мекемелер ары кетсе 1100 АЕК, яғни 4 061 200 теңгені несиеге ресімдей алады. Сондықтан кепілсіз қарыз алатын болсаңыз, осы шектеулерді ескеріңіз.

Бұл ретте кей тұрғындар қарыз көлемінің шекті сомасының енгізілуі құптарлық іс десе, енді бірі енді бірі несиенің межесін белгілеу аса тиімді бола қоймас деген ойын айтуда. Банк қызметіне жүгінетіндердің басым бөлігі соманы емес, пайыздық мөлшерлемені шектеу керек деген өзге ойды ортаға салуда.

— Таяуда екінші деңгейлі банктердің бірінен 2,5 млн теңге көлемінде кепілсіз несие алдым. Ай сайынғы төлем қалтама салмақ салмасын деп максималды мерзім – 60 айға ресімдедім. Пайыздық мөлшерлеме 30 пайыз болып шықты. Сонда ай сайынғы төлем 80 мың теңге көлемінде шығады. Санасам, бес жыл аралығында банкке 5 млн теңгеге жуық қылып қайтаруым керек екен. Демек, осы уақыт аралығында пайыздық мөлшерлеменің есебінен берешек көлемі бірден екі есе көбейіп отыр. Меніңше, несиенің көлемін емес, оның пайызын шектеу керек. Әйтпегенде, халықты кәдімгідей қанау болып отыр. Тым құрығанда 12-15 пайыз көлемінде белгілесе, тұтынушыларға әлдеқайда тиімді болар еді, — дейді Павлодар қаласының тұрғыны Айнұр Сәрсекова.

Бұл да – орынды ұсыныс. Шынымен, кей тұрғындар кепілге қояр заты болмаған соң тұтынушылық несиенің осы түріне жүгініп жатады. Бірақ оның салмағы ауыр. Жоғарыда атап өткендей, екі есе артық көлемде қайтаруға тура келіп жатады. Сондықтан Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі тұрғындардың осындай ой-пікірін де ескерсе, артық болмас.

Бұл бағытта ілгерілеу бар сыңайлы. Себебі агенттік алдымен қысқа мерзімге берілетін шағын несиелердің өсімпұлы мен айыппұлын реттеуге қатысты өзгеріс енгізуді қолға алғалы отыр. Яғни, алдағы уақытта 45 күнге дейінгі мерзімде берілетін 45 АЕК көлеміндегі несиелердің максималды өсімпұлы мен  айыппұлы белгіленеді.  Яғни,166 140 теңгеге дейінгі сомада ресім-
делген қарыздар уақытылы өтелмесе, мерзімі- нен кешіктірілген әр күн үшін есептелетін айыппұл 0,2 пайыздан аспауы тиіс. Бұл ретте сыйақы, айыппұлдың көлемі несие сомасының жартысынан көп болмауы шарт.

Келісімшартты ұзартуға қатысты да өзгеріс қарастырылып отыр. Екі тараптың келісімі арқылы қарызды қайтару мерзімін екі рет ұзартуға, бірақ әр ұзартқан сайын 45 күннен аспайтын мерзімде қайта ресімдеуге болады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мұндай шаралар қарыз алушылардың құқығын қорғап, шағын несиелер үшін аса көп артық төлем жасаудың алдын алуға ықпал етеді дегенді алға тартып отыр.

Күні кеше аталмыш қаулы қабылданды. Соған сәйкес, кепілсіз тұтынушылық несие 2200, кепілсіз шағын несие 1100, микроқаржы ұйымдарының қарызы 20 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс.

Айта кетейік, 2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша қазақстан-дықтар екінші деңгейлі банктерден барлығы 17,8 трлн теңге несие алған. Соның ішінде 11,1 трлн теңге – кепілсіз тұтынушылық несие. Өкінішке қарай, кей тұрғындар 959 млрд теңге берешегін банкке уақытылы қайтара алмай жүр.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.