Қазіргі кезде микроқаржы ұйымдары көп. Бірі ашылып, бірі жабылып жатады. Бірақ сіз несие алған ұйым қызметін тоқтатса, сіздің қарызыңыз өтелген болып саналмайды. Оны пайызымен бірге қайтаруға міндетті боласыз.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, Қазақстан Респуб-ликасының Азаматтық кодексіне сәйкес, егер шартта өзгеше көзделмесе, қарыз алушы алған қаражатты толық көлемде, есептелген пайыздарымен бірге қайтаруға міндетті.
МҚҰ лицензиясынан айырылуы қарызды төлемеуге болады деген сөз емес. Қарыз алушы ұйымның алдында немесе микрокредит беру шарты бойынша құқықтары (талаптары) жаңа кредиторға берілген жағдайда, сол кредитордың алдында қарыз міндеттемесін сақтайды.
2024 жылы Қазақстанда 17 ұйым лицензиядан өз еркімен бас тартты, ал 12 ұйым мәжбүрлі түрде жабылды. Оның негізгі себептері – заңнаманы жүйелі түрде бұзу, пруденциялдық және өзге де нормативтерді сақтамау.
Мұндай жағдайда алдымен компанияның заңды түрде жұмыс істейтініне көз жеткізген жөн. Лицензиясы бар микроқаржылық ұйымдар туралы өзекті ақпарат агенттіктің сайтында бар. Микрокредит алар алдында оның шарттарын мұқият бағалап, пайыздық мөлшерлеме, төлем мерзімі және кешіктірген үшін төленетін айыппұлдарға назар аудару керек.
Жалпы, микронесие алмас бұрын нені ескеру керек? Біріншіден, МҚҰ лицензиясын тексеру қажет. Қазақстанда микрокредиттерді тек ресми тіркелген микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) бере алады. Компания атауында «микроқаржы ұйымы» деген тіркес болуы керек, сондай-ақ оның лицензиясын Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтынан тексеріңіз. Екіншіден, шарттарды мұқият оқу қажет. Сыйақы мөлшерлемесі – қысқа мерзімді микрокредиттер бойынша (50 АЕК-ке дейін, 45 күнге дейін) сыйақы мөлшерлемесі 30 АЕК-ке дейінгі қарыз үшін 20 пайыздан, 30-50 АЕК аралығындағы қарыз үшін 15 пайыздан аспауы тиіс. Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі басқа микрокредиттер үшін 56 пайыздан жоғары болмауы керек. Сондай-ақ, жалпы артық төлем көлемі қарыз сомасының 50 пайызынан аспауы тиіс. Үшіншіден, уақытында төлем жасамау айыппұлдары туралы ұмытпаңыз. Әр кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі, бірақ ол қарыз сомасының 0,5 пайызынан аспауы қажет. Кейбір микроқаржы ұйымдары келісімшартқа сақтандыру, кеңес беру сынды ақылы қызметтерді қосады. Қосымша шығындарға ұшырамау үшін анкетаны және келісімшартты мұқият тексеріңіз. Төртіншіден, қарызды өтеу тәсілдеріне назар аударыңыз. Кейбір микрокредиттер (50 АЕК-ке дейін) барлық соманы бірден қайтаруды талап етеді. Шарттарын нақтылап, өзіңізге ыңғайлы төлеу әдісін таңдаңыз.
Егер микроқаржы ұйымына қатысты мәселе туындаса, микроқаржы омбудсманына жүгінуге мүмкіндік бар. Ол – қарыз алушылар мен МҚҰ-ға өзара тиімді шешім табуға көмектесетін, дауларды ақысыз қарайтын тәуелсіз тұлға.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.