Павлодар облысының Кәсіпкерлер пала-тасында жұмыс істеп жүрген және әлеуетті экспорттаушыларға арналған мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіру семинары өтті. Осы мақсатта «Атамекен» ҰКП Сауда департаментінің басқарушы директоры Асқар Есенғазиев пен оның орынбасары Дәурен Әутәліп арнайы келді.
Семинарға өңір кәсіпкерлері, «Қазақстанның Даму банкі», «Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі», «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» компаниясының өкілдері, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасы мамандары қатысты.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Мұрат Мұсатаев экспортқа бағдарланған өндірістерді қолдау және отандық дайын өнімді әлемдік нарыққа ілгерілету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шикізатқа тәуелділіктен арылу қажеттігін атап өтіп, елдің орнықты өсуі үшін шикізаттық емес экспортты дамытудың стратегиялық маңызын ерекше айтқан болатын.
— Павлодар облысы да бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізіп келеді. Өткен жылдың 11 айында өңірден шыққан экспорт көлемі шамамен 3,2 миллиард долларды құрады, оның ішінде шикізаттық емес экспорт 2,1 миллиард доллар болды. Жалпы, экспорт көлемінде өңделген өнім үлесі 65 пайыздан асады. Оның басым бөлігін металлургия, тау-кен өндіру, химия өнеркәсібі, машина жасау және агроөнеркәсіп кешені кәсіпорындарының өнімдері құрайды, – деді М.Мұсатаев.
Асқар Есенғазиев Ұлттық кәсіпкерлер палатасы бизнеске қолдау көрсету барысында экономиканы әртараптандыруға, экспортқа бағдарлануға, терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім шығаруға басымдық беретінін айтты.
— Сауда департаменті мен қаржы институттары арасында елімізде микробизнесті шағын бизнеске, шағынды орта бизнеске, ал ортаны ірі бизнеске айналдыру бойынша бірлесіп жұмыс істеу жөнінде келісім бар. Бұл қазақстандық өнімдердің әлемдік нарыққа шығуына мүмкіндік береді, – деді департамент директоры.
Айта кетейік, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында 5 миллион, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 28 миллион теңгеге дейін қолдау алуға болады. «Іскер аймақ» мемлекеттік бағдарламасы арқылы кәсіпкерлер 200 миллион теңгеге дейін, ал «Қазақстан Даму банкі» АҚ желісі бойынша бір миллиард теңгеден астам қаржылай қолдау қарастырылған.
«Қазақстан Даму банкі» АҚ клиенттермен жұмыс дирекциясының аға банкирі Айнаш Қайбағарова бизнеске түрлі валютада, оның ішінде теңгемен жеңілдетілген мөлшерлеме бойынша қаржыландыру ұсынылатынын айтты.
— Қаржыландырудың басым бағыттары – энергетика, байланыс, көлік салаларындағы инфрақұрылым нысандарын құру және дамытуға бағытталған жобалар, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы өндірісі, азық-түлік өнімдерін шығару және қызмет көрсету саласындағы нысандар, – деді ол.
Семинар барысында жергілікті кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламалар, тиімді несиелер туралы тереңірек біліп, көкейдегі сауалдарына толыққанды жауаптар алды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
