Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын қысы-жазы ұстап тұру үшін елімізде құрылған тұрақтандыру қоры барын көпшілігіңіз білесіздер. Бұл қор, әсіресе, күз мезгілінде барынша қамданады. Яғни, жаңа жиын-терімнен алынған өнімдерді көптеп сатып алып, келесі өнім шыққанға дейін әлеуметтік дүкендерге жөнелтіп, бағаны шарықтатпауға күш салады. Осы ретте, биылғы қуаңшылық қорға қажетті көлемде азық-түлік алуға кері әсер еткен жоқ па? Жалпы, қордың жұмысы жайлы «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету департаментінің директоры Азамат Дандыбаевпен тілдескен едік.

— Азамат Валериевич, биыл еліміздің көптеген өңірінде қуаңшылық болып, халықтың азық-түлік тапшылығы орын ала ма деп қауіптенетіні жасырын емес. Осы ретте, тұрақтандыру қорының жұмысында қандай да бір қиындық туындаған жоқ па?

— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қорын қалыптастыруға қуаңшылық еш әсер еткен жоқ. Барлық өнімдер жоспарлы түрде сатып алынуда. Бүгінде өңірлік тұрақтандыру қорында әлеуметтік маңызы бар 12 азық-түлік тауарының 14,7 мың тоннасы сақтаулы. Атап айтсақ, 1729 тонна бірінші сұрыпты ұн, 1583 тонна қант, 6600 тонна картоп, 527 тонна сәбіз, 824 тонна қарақұмық жармасы, 500 мың литр күнбағыс майы, 1С категориялы 6 млн. 453 мың жұмыртқа, 800 тонна қырыққабат, 476 тонна күріш, 641 тонна пияз, 102 тонна тұз, 106 тонна макарон өнімі бар. Қазіргі уақытта бағаны тұрақтандыру тетігі аясында 5 азық-түлік түрі арзандатылған бағамен босатылуда. Мәселен, ұнның келісі 145 теңгеден, тұз 50 теңгеден, күнбағыс майы 635 теңгеден, макарон өнімі 307 теңгеден, қант 420 теңгеден сатылуда.

— Кейбір азық-түлік өнімдері еліміздің оңтүстігінен әкелінетіні белгілі. Бұл бағытта күзгі жиын-терім кездері тауарлар молынан алынған болар

— Көкөніс суармалы алқапта өсірілетіндіктен, қуаңшылық бұл өнімдерге еш әсер еткен жоқ. Оңтүстік аймақтардан, нақтысы Жамбыл облысынан пияз, ал Түркістан облысынан қырыққабат, Қызылордадан күріш қажетті көлемде сатып алдық. Яғни, оңтүстік өңірінің ауыл шаруашылығы өндірушілерімен келісімдер жасалды. Ешқандай кедергі жоқ.

— Өңірлік өндірушілермен қандай жұмыс жүргізілуде?

— Қорға алынатын азық-түлік тауарларының басым бөлігі өз өңірімізде өндірілетінін білесіздер. Сондықтан, аймағымыздың шаруаларынан да күз кезінде қыс-көктем мезгіліне жететін әлеуметтік маңызы бар өнімдерді сатып аламыз. Оңтүстікте өсірілетін көкөністің кейбірі өзімізде де өндіріле бастады. Мәселен, биыл қорда 800 тонна қырыққабат сақталатын болса, соның 50 тонна-сын облыс диқандарынан алдық. Айта кетейік, биыл жыл басынан бері форвардтық сатып алу жүйесі қолға алынды. Яғни, «Павлодар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ шаруалардан сатып алатын көкөністер құнының 70 пайызын алдын ала төлеп қояды. Қалғаны өнім жеткізілгенде төленеді. Осылайша, облыстың бірқатар шаруашылықтарына қар-жылық кепілдіктер берілген. Тағы бір ескеретіні, келісім жасалғанда бекітілген баға және тауарға қойылатын талаптар сол күйі сақталады.

— Алдағы қыс-көктем айларына қордағы өнім көлемі жеткілікті ме?

— Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсынған қажеттілікке сай биыл қорда сақталуы тиіс өнім көлемі былтырғыдан қарағанда 20-30 пайызға арттырылды. Сондықтан қажеттілікке қарай қалыптасатын қор жеткілікті деуге болады. Тұрақтандыру қорының өнімдері облыстың 255 сауда нүктесі арқылы тұрғындарға жетеді. Бұл әлеуметтік дүкендер және басқа да сауда орындары 10 пайыздық үстемемен сатады. Азық-түлік күн сайын өткізіледі. Биыл жыл басынан бастап 1459 тонна өнім сатылды.

— Ақпаратыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.