Қосымша құн салығы биыл 12 пайыздан 16 пайызға көтеріліп, ал салық салынатын айналым шегі 20 мың айлық есептік көрсеткішінен 10 мыңға төмендетілді. Сәйкесінше, қосымша құн салығын төлейтін заңды тұлғалардың қатары артады. Қазіргі таңда облыста 4500 салық төлеуші ҚҚС төлейді. Жаңа өзгерістерге байланысты олардың қатары тағы шамамен 4 мыңға артады деп күтілуде. Есесіне, кейбір сала ҚҚС төлеуден босатылып отыр.
Бұл туралы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерсін Харифоллин мәлімдеді. Құзырлы орган өкілі ҚҚС тек жалпыға бірдей режимде тұрған салық төлеушілерге ғана қатысты екенін еске салды.
Жаңа кодекске сәйкес ҚҚС бойынша төмендетілген мөлшерлемелер мен жаңа жеңілдіктер қарастырылған бағыттар бар. Мәселен, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар мен медициналық қызметтерге 2026 жылдан бастап 5 пайыздық ҚҚС белгіленді. Ал 2027 жылдан бастап 10 пайыз болмақ. Әзірше, дәрілік заттардың нақты қай түріне қолданылатынын алда Үкімет айқындайды. Отандық мерзімді баспа басылымдары да 10 пайыздық ҚҚС төлейді.
Департаменттің мәліметіне сүйенсек, ҚҚС-тан босатылған айналымдар тізімі кеңейтілген. Яғни, тегін көмек пен МӘМС кепілдендірілген көлемі шеңберіндегі медициналық қызметтер, орфандық және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу ҚҚС-тан босатылды. Отандық басылымның кітаптары және оларды басып шығару бойынша қызметтерге де ҚҚС салынбайды. Ішкі туризм бойынша туроператорлардың қызметтері үшін де ҚҚС төленбейді. Коммерциялық емес ұйымдар санатына жататын ПИК қызметтері де ҚҚС салығынан босатылады. Себебі, олар көпқабатты үйлерді басқарып, жиналған соманы оған қызмет көрсетуге жұмсайды, кіріс көрмейді деп есептеледі.
Ерсін Сейфоллаұлы ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін ҚҚС есепке алу мөлшері қосымша 70 пайыздан 80 пайызға дейін ұлғайтылғанын айтты. Мұндай қадам ҚҚС 12-ден 16-ға көбейтілгеннен аталмыш саланы қолдау мақсатында жасалып отыр.
Тағы бір өзгеріс, құрылыс саласына қатысты. Бұған дейін құрылыс компаниялары ҚҚС төлеуден босатылған еді. Енді олардың айналымына салық салынады. Бір айта кетерлігі, құрылысы 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін басталған объектілер бойынша жаңа талап қолданылмайды.
Мамандар ҚҚС бойынша тіркеуге қою және есепке алуға қатысты жаңа норма егізілгенін мәлім етті. Енді ол үш нысанда – ерікті түрде қалауы бойынша айналым шегіне жеткенге дейін, міндетті-жылдық айналымы 10 000 АЕК (шамамен 43 млн теңгеден) асқан кезде, шартты-электрондық қызмет көрсететін немесе қазақстандық тұтынушыларға онлайн-сауда жүргізетін шетелдік компаниялар үшін жүзеге асырылады. Осы ретте, мемлекеттік мекемелер, жеке практикамен айналысатын адамдар (адвокаттар, нотариустар, медиаторлар, сот орындаушылары), жеке кәсіпкер емес жеке тұлғалар, арнайы салық режимдерін (АСР) қолданатын салық төлеушілер есепке қойылмайды.
– Жеңілдетілген декларация бойынша АСР қолдану үшін шекті жылдық айналым – 600 000 АЕК (2,6 млрд теңге). Бұл шағын бизнес субъектілеріне ҚҚС бойынша есепке қоймай жеңілдетілген жүйе бойынша жұмыс істеуге мүмкіндік береді. ҚҚС бойынша міндетті есепке қою жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимімен жұмыс істейтіндерге бағытталған. 2026 жылдан бастап АСР қолданатын салық төлеушілер ҚҚС төлеуші бола алмайды. Бұл мәртебені сақтау үшін олар 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап салық салудың жалпы тәртібіне көшуі керек, – дейді Е.Харифоллин.
Сонымен қатар, құзырлы орган Қазақстанда сыра және сыра сусындарын міндетті таңбалау енгізілгенін мәлім етті. 1 ақпаннан бастап кега, шыны құтылармен сатылатын сыра өнімі таңбалануы қажет. Ал 2027 жылдан бастап аллюминий құтыларға құйылатындарына осындай талап қойылады. Бұған дейін өндірістен шығып қойғандарын саудагерлерге жыл соңына дейін сатуға рұқсат беріледі. Ал мұндай өнімді сататын сауда нүктелері арнайы ақпараттық жүйеде тіркеліп, кассалық аппараттарын таңбаланған өніммен жұмыс істеуге баптауы тиіс. Таңбалау кодтарын оқи алатын сканерлермен қамтылуы қажет. Бұл шара елдегі заңсыз өнім айналымының алдын алу үшін жасалуда. Яғни, өнімнің өндірушіден тұтынушыға дейінгі жолы қадағаланады. Шетелден келетіндері де таңбалануы тиіс.
Естеріңізде болар, елімізде Жаңа кодекске сәйкес салық төлеушілер салық салудың үш режимінің бірін таңдауы тиіс. Департаменттің өндірістік емес төлемдер басқармасының арнайы салық режимдерін әкімшілендіру бөлімінің басшысы Елена Довбняктің айтуынша, облыста бүгінде 37 300 салық төлеуші тиісті хабарлама жолдап, режим таңдаса, әлі 7 мыңнан астам салық төлеуші асығар емес. Оларға 1 наурызға дейін таңдамаса, автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу тәртібіне ауыстырылады.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.

