Қызылдан тарығып қалмаймыз ба?

Қаз 2, 2025

Биыл сиыр етінің бағасы шарықтап кетті. Қазір жылқы етін тұтынған қалтаға жеңілірек тиюде. Бір қарағанда, Зеңгі баба тұқымын өсіретін шаруалар баға көтеріп, шалқып өмір сүріп жатқандай көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, олардың тіршілігі шатқаяқтап тұр. Қызық, ә… Өкінішке қарай, бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бағамдай келе, жүйесіз жұмыстың кесірінен жүйелі түрде қалыптасқан жағдай екенін түсінесің. Мамандар сиыр етінің бағасы қымбаттап жатқан жоқ, ол өзінің заңды межесіне келе жатқанын айтуда. Бұрын ол біздің елде жасанды түрде арзан болған. Себебін саралап көрейік.

Мал азығы қымбаттады

Қазір Павлодар нарығында сиыр етінің келісін 3900-4400 теңге аралығында саудалауда. Бұл баға әлі де өсуі мүмкін. Тек облыс орталығындағы «Жайлау» әлеуметтік базарында ғана ірі қара етінің келісі 2400 теңгеден босатылуда. Бұған кейін толығырақ тоқталамыз.

Алдымен, сиыр етінің бағасына кері әсер етіп отырған қалыпты факторларға тоқталайық. Шаруалар баға өсімін толық негізді деп санайды. Өйткені, Қазақстанның мал шаруашылығы саласында тек санаулысы – ең табандылары ғана аман қалды. Сиыр өсіру тиімсіз болып барады, дейді мамандар.

Оған елдегі электр энергиясына, газға, суға, жылуға және дизель отынына деген бағаның өсімі, жем-шөптің қымбаттауы кедергі болуда. Мал азығына жұмсалатын шығындардың артуы өнімнің өзіндік құнына тікелей әсер етеді. Сыртқы сұраныс пен алыпсатарлар да өз дегенін жасауда. Тірі малға шетелден жоғары сұраныс және делдалдардың әрекеті нарыққа қосымша қысым түсіруде.

Шаруа, Dala.camp оқу орта-лығының негізін қалаушы Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, Қазақ-станда ірі қара мал саны күрт азайып кеткен.

— Бұған өткен және оның алдындағы жылдардағы ауыр климаттық жағдайлар әсер етті. Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген тексеріс барысында мал санына қатысты статистикалық мәліметтердің жалған көрсетіліп келгенін анықтады. Салдарынан, елдегі ірі қара саны шамамен 2 миллионға қысқарды. Бұл — бір. Екіншіден, шаруалар үшін сиыр өсіру тым қымбатқа түсіп отыр. Бүгінде 1 килограмм ет өндірудің өзіндік құны шарықтап кетті. Басты себеп – мал азығының қымбаттауы. Ал нарықтағы ет бағасы айтарлықтай көтерілмеді. Сол себепті бүкіл салмақ биылғы жылы ет бағасының өсуіне алып келді, — дейді шаруа.

Бұл пікірді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, аграр-
лық мәселелер комитетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов
те растап отыр.

— Өткен аптада Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Қазақстанда сиыр етінің неге күрт қымбаттағанын тағы да түсіндіріп, оны сыртқы факторлармен байла-ныстырды. Шын мәнінде бұл – бағаның өсуінің бір ғана себебі.

Негізгі мәселе басқа жерде. Қазақстанда мал басы өте аз қалды. Бұл жағдай 2023 жылғы қуаңшылықтан басталды. Шөптің жетіспеушілігі салдарынан оның бағасы бір мезетте тоннасына 7-10 мың теңгеден 20-25 мың теңгеге дейін шарықтап кетті. Бір қыс бойы сиыр шамамен 3 тонна шөп жейді. Яғни, фермер үшін бір сиырды қыста күтіп-бағуға кемінде 60 мың теңге қажет болды. Бірақ ол кезде еттің сатып алу бағасы тым төмен еді. Несие қарыздарын жабу үшін шаруалар жаппай малдарын союға мәжбүр болды, — дейді Нұржан Кемерұлы.

Халық қалаулысының пікірінше, дәл сол сәтте мал басын сақтап қалу үшін мемлекет араласуы керек болатын. Бұл жерде тек жем-шөпке субсидия беру ғана емес, ең алдымен сатып алу бағасын тым төмен деңгейде ұстамау қажет еді. Әйтпесе қысқа мерзімнің өзінде ауыл шаруашылығы бағыты өзгеріп, салада тапшылық туындайтыны анық болды. Бүгінде соның салдарын көріп отырмыз, дейді депутат.

—    Көптеген шаруашылықтар сиыр өсіруден бас тартып, жылқы шаруашылығына бет бұрды. Ресми статистикаға сүйенсек, шілде айының соңында республикада 4,5 миллион бас сиыр бар, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 пайызға көп. Бірақ соңғы екі-үш жылда біз қанша малдан айырылғанымызды ешкім айтпайды. Ал бұл көрсеткіштер әлдеқайда маңызды. Бүгінгі сиыр етінің бағасы төңірегіндегі «вакханалия» – түгелімен шенеуніктердің «еңбегі». Ешкім стра-тегиялық тұрғыдан ойламады. Сарапшылар «мал азайып жатыр, ет қымбаттайды» деп талай ескертті, — дейді Нұржан Әшімбетов.

Жасанды баға саясаты жарға жықты

Сиыр етінің бағасы халықты алаңдатып отыр. Қымбатшылық қыспаққа алған мына заманда әр теңге санаулы. Дейтұрғанмен, «етті арзандату қажет» деген тілектің артында мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің бола-шағы тұрғанын да ұмытпау қажет сияқты.

Расымен, жасанды түрде ет бағасын ұстап тұру талпынысы алысқа апармады. Жемісін бүгін көріп отырмыз. Сарапшы Ербол Жанатұлының пікіріне жүгінелік:

— Осыдан біраз жыл бұрын ет бағасын тұрақтандырамыз деп, шекараны тарс жаптық та, мал және ет экспортын шектедік. Мал шаруашылығы саласындағы субсидияны көбейттік. Сөйтіп ірі шаруашылықтарда мал саны артты. Еттің бағасы түсті. Мал өсіру тиімсіз болып кетті. Бұл нарықты қолдан сырқаттандырдық. Жығылған малшыға жұдырық, жем-шөптің құны тұрақты түрде арта берді. Бұл жағдай жылдарға созылды. Осы аралықта ауыл-ауылда мал бағып отырған қазақ тапқаны баққанға кеткенін ақтамай, малдан көңілі қалып, қалаға ағылды. Мен білетін бірнеше фермер сиырын түгел сатып, құтылды.  Осы жағдайды реттейміз деді ме, мемлекет шекараны ашып кеп жіберді. Тірідей мал Өзбекстан арқылы шетке ағылды. Нарық заңы өз дегенін істеп жатыр, — дейді ол.

«Қазақстан ет одағы» ұйымының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев елде ірі қара санының жетіспеушілігі әлі біраз уақыт нарықты қысымда ұстайды, деген пікірде. Ол да сиыр етінің бағасын жасанды түрде ұстап тұруға деген талпыныс салаға кері әсерін тигізгенін айтты.

— Бұған дейін ресми дерек-көздерде ішкі нарықтағы қымбат-шылық экспорттың артуымен байланысты деп көрсетілген еді. Бірақ олай емес. Біз жылына бар-жоғы 15 мың тоннадай ғана сиыр етін сыртқа сатамыз – бұл тұтынудың небары 3 пайызы. Мұндай көлем бағаны көтере алмайды. Негізгі мәселе – мал басының жетіспеушілігінде. Бұл жағдай бірнеше жыл бұрын, тірі мал экспортын шектеу кезінде қалыптасты. Қазір соның салдарын көріп отырмыз және оны кем дегенде тағы үш-бес жыл сезінетін боламыз, — дейді салалық одақ өкілі.

Павлодардағы жағдай қалай?

Жергілікті жерлердегі жауапты мекемелер де әрекетсіз отырған жоқ. Тек олардың әрекеті баға саясатын бақылаудан аспай жатыр.

Жақында аймағымыздағы сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаментінің мамандары ет бағасына мониторинг жүргізді. Тексеру тек сиыр етіне қатысты болды.

Мониторинг нәтижесінде Павло-дардағы «Жайлау» базарында әлеуметтік азық-түлік санатына жататын сиырдың жауырын-төс етінің бағасы 2400 теңге болғаны анықталды. Ал басқа базарлар мен сауда үйлерінде орташа есеппен 3200-3400 теңге аралығында саудалануда. Кей жерлерде 3900-4400 теңге көлемінде.

Департамент өкілдері атап өткендей, саудагерлер сиыр етіне үстемеақыны тек сатып алу бағасының 15 пайызынан асырмай қоса алады. Шектен тыс сауда үстемеақысын қою сатушыға 5-тен 150 АЕК-ке дейін айыппұл салуға әкеледі.

— Бүгінгі күні Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау депар-таменті әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемесінің артық мөлшерін анықтау бойынша жоспардан тыс 97 тексеріс жүргізді. Нәтижесінде 80 кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл сомасы 475 мың теңгені құрады. Бұдан бөлек, департамент 34 рет профилактикалық бақылау жүргізіп, 24 заңбұзушылықты анықтады. Мәселен, дүкен сиыр етін 3000 теңгеден сатып алып, 3650 теңгеден сатқан. Бұл жағдайда сауда үстемесі 22 пайыз болған, – деп атап өтті мекеме өкілдері.

Сауда және тұтынушылар құқығын қорғау департаменті егер тұрғындар әлеуметтік себеттегі тауарларға сауда үстемесінің артық мөлшерін байқаса, E-otinish бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы растайтын құжаттарды (тауар бағасының фотосы, чек) қоса отырып, шағым түсіру қажет екенін ескертеді. Сондай-ақ департаменттің 551070 нөмірлі «жедел желісіне» хабарласуға болады.

«Көршілерге қарағанда бізде ет арзан»

ҚР АШМ ірі қара мал еті өндірісінің өзіндік құны мен баға қалыптастыру құрылымы жөнінде ағымдағы жағдайды түсіндіруге тырысты. Бүгінде 1 келі еттің орташа өзіндік құны шамамен
2 800–3 100 теңге. Көтерме бағасы 3400–3500 теңге аралығында өзгереді.

Салыстырып қарасақ, көршілес елдерде сиыр етінің бөлшек бағасы әлдеқайда жоғары, дейді министрліктегілер. Мысалы, Өзбекстан мен Тәжікстанда ірі қараның 1 келі еті 6500 теңгеге дейін, Ресейде  — 8500 теңгеге дейін, Қытайда — 8000 теңгеге дейін, Түркіменстанда — 9000 теңгеге дейін, Түркияда 13000 теңгеге дейін бағаланады.

— Айта кету керек, ірі қара малдың тұтас етінің тірі салма-ғынан 50–60 пайызы ғана ет ретінде шығады. Оның ішінде тек 15–20 пайызы премиум санаттағы бөліктерге (қарын асты еті (филе), қабырға еті (рибай), жамбас етіне тиесілі, олардың бағасы жоғары болады, — делінген министрлік хабарламасында.

Саланы қалай құтқарамыз?

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұржан Әшімбетов «қазір кінәлілерді іздеу, өкіну кеш» деген пікірде. Ірі қара өндірісін тығырықтан алып шығатын нақты іс-шаралар қажет.

— Менің ойымша, саланы құтқа-рудың бірден-бір жолы – асыл тұқымды мал әкелу. Бірақ мұнда да мәселе бар. Егер қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктері жетілдірілмесе, бастама қайтадан сәтсіз аяқталады. Біріншіден, биыл асыл тұқымды мал күрт қымбаттады. Өкінішке қарай, қазіргі субсидиялау деңгейі фермерлердің кеткен шығынының 20 пайызына да жетпейді. Сондықтан асыл тұқымды мал сатып алуға берілетін субсидия мөлшерін бір басқа 600-800 мың теңгеге дейін арттыру қажет. Біз, депутаттар, сондай-ақ ауруханаларға, балабақшаларға, әскерге арналған мемлекеттік сатып алуларға жылқы етін де енгізуді ұсынамыз. Оның құнарлылығы сиыр етінен кем емес. Бәсекелес өнімнің пайда болуы сиыр етінің бағасын аз да болса төмендетуі мүмкін, — дейді Нұржан Кемерұлы.

Ал «Қазақстан ет одағы» ұйымының төрағасы Мақсұт Бақтыбаев саланы тұрақтандыру үшін келесідей бағыттарды ұсынып отыр:

— Шаруаларға шетелден аналық мал сатып алу үшін қолжетімді несие беру қажет. Өндіруші мен тұтынушы арасындағы делдалдар тізбегін қысқарту да аса маңызды. Себебі, бөлшек сауда бағасының шамамен 30 пайызын алыпсатарлардың үстемесі құрайды, — дейді ол.

Тобықтай түйін:

Мал шаруашылығы — оңай кәсіп емес. Демалыс жоқ.  Қорасындағы төрт түлігін түн ұйқысын төрт бөліп күзетеді. Жем-шөбін дайындау да уақыт өткен сайын қиындап барады. Қаладағылардың азығын қамтамасыз етіп отырса да, шаруалардың еңбегіне де, өзіне де құрметіміз аз. Сөйте тұра, еттің арзан болғанын қалаймыз. Қаладағы тұтынушыларға да қызыл керек. Осы орайда үкімет екі тарапқа қолайлы шешім табады деген үміттеміз.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.