Мемлекет басшысы Үкіметке қосымша құн салығы мәселесін тағы да пысықтауды тапсырды. Кейіннен бұл туралы Үкіметтің ұсыныстары белгілі болды. Сонымен қандай салаларға құн салығы өсіп, кімдерге жеңілдік берілмек?
Еліміздің бизнес өкілдерімен өткен кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта халық арасында әңгіме арқауына айналған қосымша құн салығының мөлшерін көтеру мәселесіне тоқталды:
– Кез келген реформаны жан-жақты сараптап, байыппен жүргізген жөн. Экономика салаларының ерекшелік-терін ескере отырып, түрлі нұсқаларды әзірлеу керек. Қосымша құн салығына қатысты бұған дейін көзқарасымды білдірмеген едім. Өйткені қызметтік дәрежеме сәйкес, менің әрбір сөзім, пікірім қатаң тапсырма сияқты қабылданады. Соған қарамастан бұл мәселе бойынша ойымды жеткізгім келеді. Қалай десек те, қосымша құн салығының мөлшерлемесі сараланып белгіленуге тиіс. Үкімет түпкілікті шешімді білікті сарапшылардың, қайталап айтамын, білікті сарапшылар мен кәсіпкерлердің, әлбетте депутаттардың пікіріне құлақ аса отырып, нақты есептеулер негізінде қабылдағаны дұрыс. Бір анығы, Үкіметтің қазіргі ұсынып отырған мөлшерлемесі тым жоғары. Сіздер нақты цифрды айттыңыздар. Оны қоғам қызу талқылады. Тіпті, кей жағдайда артық сөздер де айтылды. Дегенмен бұл қоғам талқысына алдын ала салынған ұсыныс болатын. Тағы қайталап айтамын, Үкіметтің бұл бағыттағы жұмысы бизнес, қоғам, кәсіпкерлер, сарапшылардың, яғни барлық тараптың пікірі ескеріле отырып жалғасуы керек. Биыл нақты шешім қабылдануға тиіс. Мен бұған дейін де айттым: Үкімет бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен егжей-тегжейлі талқылауы керек. Бүгін айтылған ой-пікірлер де ескеріледі. Мемлекетке барынша оңтайлы шешім қажет. Яғни бір жағынан бизнес жүргізуге кедергі келтірмей, қолайлы жағдай жасайтын, ал екінші жағынан, салыққа қатысты тәртіпті күшейтіп, бюджет кірісін арттыратын тиімді жолды табуымыз қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы еліміздің қаржылық тұрақтылығын жетекші рейтинг агенттіктерінің болжамдары растап отырғанына назар аударды. Бұдан кейін Астанадағы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында өткен кездесуде Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин салық реформасы шеңберінде ҚҚС сараланған мөлшерлемелерін белгілеу жөніндегі Үкіметтің ұсыныстарын айтты.
— Біз мынадай тетікті қарастыруды ұсынамыз: жалпы белгіленген ҚҚС мөлшерлемесі 16%, ауыл шаруашы-лығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан толық босату, ал бірқатар салалар үшін — 10% мөлшеріндегі аралық мөлшерлеме. Осылайша, Үкімет ұсынып отырған мөлшерлемелерді саралау: 16%, 10%, 0% және босату, — деп түсіндірді Азамат Әмрин.
Қазіргі уақытта аграрлық секторда шаруа қожалықтары ҚҚС төлемейтіні, ал заңды тұлғалар қолда бар жеңіл-діктерге байланысты бюджетке төлеуге тиісті салықтардың тек 30%-ын төлейтіні атап өтілді. Жаңа тетіктер бойынша олардың ешқайсысы ҚҚС төлемейтін болады. Бұл қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдерін (картоп, қызанақ, пияз және басқалары) бәсекеге қабілетті етуге мүмкіндік береді. 10% мөлшерлеме қолданылатын салалардың түрлері бизнеспен әлі де талқылануда.
11 ақпан күні Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында қосылған құн салығын саралап реттеудің басты жаңашылдықтарын таныстырды.
— Бүгінде кәсіпорындардың тек 4 пайызы ғана қосылған құн салығын төлеп отыр. Көптеген компания салықтан жалтару үшін саналы түрде бизнесін бытыратып тастаған. Бұл салық жүйесін бүлдіріп, ҚҚС-ті қалыпты есептеуге кедергі келтіреді. Сондықтан ҚҚС есебіне алудың ең төменгі шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынамыз, — деді вице-премьер.
Сондай-ақ, ол келешекте салық төлеуден жалтармай, адал жұмыс істеу бизнесті ыдырату шығындарынан төмен болатындай жағдай жасалатынын атап өтті.
— Бұл бизнеске теңгерімді жағдай туындатып, салықтан жалтару схемаларының жолын кеседі, — деген Серік Жұманғарин бұл мәселеде халықаралық тәжірибе басшылыққа алынғанын айтты. Ол қосымша құн салығының мөлшерінің өсімі мен саралануы 16 пайызға дейін болуы бюджеттің мұнай түсімдеріне тәуелділігін азайтатынын айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерді ҚҚС-тан босату ұсынылады, бұл отандық картоп, қырыққабат секілді өнімдердің бағасы бәсекеге қабілетті болуына әкеледі. ҚҚС-тың 10 пайызға дейін төмендетілген ставкасы денсаулық сақтау саласына қолданылуы мүмкін. «Біз салықтық түсімдердің өсімі жыл сайын 4-5 трлн теңге болады деп күтеміз, жұмыс топтары ұсыныстар жинақтайды» деді С.Жұманғарин.
Әзірлеген — Н.ҚАНАТБЕКҰЛЫ.
Сурет интернеттен алынды.