«Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өңірдегі шағын және орта бизнестің дамуына оң ықпал етті. Аталмыш мекеменің қаржылай қолдауымен инвестициялық жобалар сәтті жүзеге асуда. Дей тұрғанмен, құрылыс саласына қатысты бағытта кемшін тұстар бар.

 

Облыс әкімі Асайын Байханов Инвесторлар үйінде «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жұмысының есебін тыңдады. Корпо-рацияның басқарма төрағасы Тимур Жантеміров өткен жылғы жұмыстың қорытындыларын және осы жылға арналған жоспарларды
баяндады.

Былтыр акционерлік қоғамның табысы 239,7 млн теңгені құрады, бұл 2022 жылғы көрсеткіштен 32 пайызға жоғары. Атап өтерлігі, «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының жұмысына оң баға берілді. Өткен жылы 192 шағын несие бөлініп, 1,5 млрд теңге толық көлемде игерілді. Сондай-ақ, биыл 250 млн теңгеге шағын және орта бизнестің 5 инвестициялық жобасын іске асыру көзделген.

Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның тағы бір басты міндеті — негізгі өнімдердің бағасын тұрақты ұстау. Қазіргі уақытта тұрақтандыру қорында 2,5 млрд теңге сомасына 14 мың тонна өнім бар. 2023 жылы сауда нысандары арқылы 415 млн теңгеге үстемеақысы 10 пайыздан аспайтын 2 мың тонна өнім сатылды. Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың сатылымында «Jailau» фермерлік базарының орны ерекше. Былтыр аталмыш сауда орнында 2,7 млрд теңгеге 3,3 мың тоннадан астам өнім, биыл жыл басынан бастап 240 млн теңгеге 686 тонна азық-түлік сатылды.

Аймақ басшысы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация жұмысының әрбір бағытын егжей-тегжейлі талқылады. Бұл ретте «Достық» шағын ауданында салынып жатқан көпқабатты 3 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарына көңілі толмайтынын білдірді.

— Мердігерлермен жұмыс істеудегі кемшіліктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан әлсіз бақылау, құрылыс мерзімдерінің сақталмағаны үшін ескерту жасаймын. Сіздерде әр жоба бойынша мерзімдері бар нақты жоспар болуы керек, — деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімі ӘКК қызметінің бағыттарын негізге ала отырып, осы жылға 3-5 KPI айқындауды және одан әрі даму тұжырымдамасын ұсынуды тапсырды.

— Корпорацияны дамыту жоспарында қызметтің нәтижелілік көрсеткіштері жоқ екенін атап өткім келеді. Бұл қызметтің тікелей және түпкілікті нәтижелеріне қол жеткізу бойынша толық баға беруге мүмкіндік бермейді, — деп жиынды қорытындылады А.Байханов.

 

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі.