Биыл жыл сайынғы дәстүр бойынша отандық бизнес өкілдері бас қосып, елімізде кәсіпкерлерді дамытудың тетіктерін талқылады. Сонымен қатар, «Алтын сапа», «Парыз» сыйлықтарының иегерлері анықталды. Жоғары марапатқа лайықтылар қатарында біздің облысымыздағы кәсіпорындар да бар.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен алқалы жиында отандық өндірісті, кәсіпкерлікті ілгерілетуге қатысты мәселелер көтерілді. Бұл ретте Президент биылғы бірқатар көрсеткішке тоқталып, бизнестің әлеуеті жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті.
– Қазір Қазақстанда бизнес саласы қарқынды дамып келеді. Бұған мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 36 пайыздан асты. Бұл, шын мәнінде, жоғары көрсеткіш. Осы салада жұмыс істейтін адамдардың саны 4,3 миллионға жетті. Яғни, еңбекке жарамды азаматтардың 45 пайызы деген сөз. Индустрияландыру жұмысы соңғы жылдары жоғары қарқынмен жүзеге асырылып келеді. Былтыр өңдеу өнеркәсібінің экспорты 26 миллиард доллардан асты. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Өткен жылы осы салаға 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент өңдеу секторына қаржы салатын инвесторлар келесі жылдан бастап үш жылға салықтан босатылатынын айтты. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап ірі шикізат өндірушілер ішкі нарықтың сұранысын қамтамасыз етуге міндетті болады. Олар Қазақстандағы өңдеу мекемелерінің қажеттілігін толық өтесе ғана, шикізатты экспорттай алады.
– Ауылды дамыту – түптеп келгенде, бүкіл Қазақстанды дамыту деген сөз. Сондықтан биыл біз «Ауыл аманаты» жобасын бастадық. Ауыл тұрғындарына шағын несие беру үшін 100 миллиард теңге бөлінеді. Соның арқасында 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Келесі жылдан бастап бизнесті дамытуға арналған бірыңғай кешенді бағдарлама қолға алынады. Болашағы бар шағын және орта бизнеске басымдық беріледі. Яғни, мемлекет өндірістік қабілеті жоғары және экспортқа өнім шығаратын кәсіпкерлерге қолдау көрсетеді, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты рәсімге қатысу-шылармен кездесуде халқы-мыздың үйренетін ғана емес, үйрететін ұлт болуы керек екенін, ал Қазақстан тұты- натын емес, өндіретін мемлекет болуы қажеттігін айтты.
– «Қазақстанда жасалған» деген таңба ең мықты сапаның, ең жақсы өнімнің белгісіне айналуға тиіс. «Алтын сапа» байқауының басты мақсаты – осы. Сонымен бірге, бизнес өкілдері халық алдындағы жауапкершілікті терең сезінуі керек. Адал азамат өз жағдайын ғана жасамайды. Ол туған ауылының немесе өзі жұмыс істеп жатқан аймақтың қамын да ойлайды. Мұндай кәсіпкерлер көпшіліктің қолдауына және алғысына ие болады. Шын мәнінде, туған елдің ықыла-сынан артық марапат жоқ. «Парыз» байқауына қатысу-шылар биыл түрлі әлеуметтік жобаға белсене атсалысты. Қайырымдылыққа 80 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсады. 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашты. Табысын елімен бөліскен осындай азаматтар жоғары құрметке лайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы жиын соңында «Алтын сапа» және «Парыз» байқауларына қатысқан кәсіпкерлерге ризашы-
лығын білдіріп, лауреаттарға наградаларын тапсырды. Жүлдеге ие болғандардың қатарында павлодарлық кәсіпкерлер де бар. Атап айтқанда, Успен ауданындағы «Галицкое» шаруашылығы «Парыз» сыйлығының «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» аталымындағы жүлдесін иеленсе, Шарбақты ауданындағы «Победа» ЖШС «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» аталымына лайық деп танылды.