Павлодар қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясы барысында «2023-2025 жылдарға арналған Павлодар қалалық бюджеті туралы» мәселелері талқыланды. Бұл ретте қазынаның үнемделген қаражаты инфрақұрылымды жақсарту, пәтерлер сатып алу, жолаушылар тасымалын субсидиялау бағытындағы жұмыстарды атқаруға жұмсалмақ.

Қалалық мәслихаттың сессия-сында Павлодар қаласының экономика және қаржы бөлімінің басшысы Қанат Қапуов бюджетке енгізілген өзгерістердің қаншалықты негізді екенін айтып берді. Бөлінген қаражаттың бір бөлігі кезекте тұрғандарға пәтер алуға, көшелерді жарықтандыруды жөндеуге және әлеуметтік маңызы бар бағыттарды субсидиялауға жұмсалады.

– 229,49 млрд теңге сомаға Павлодар қаласы бюджетінің жобасы қарауға енгізілуде. Өзгерістер облыстық бюджетті нақтылау және республикалық бюджетке бұрын бөлінген трансферттер бойынша 2,7 млрд теңгеге қысқарту сомасындағы түзетулерді ескере отырып енгізілді. Сонымен қатар, қала бюджеті бойынша өзгерістер әкімшінің бюджеттік бағдарламалары ішінде үнемдеуді қайта бөлу есебінен 1 924 465,0 мың теңге сомасына әсер етті, — деді бөлім басшысы.  Үнемделген 1,9 млрд теңге тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі, құрылыс және жер қатынастары бөлімдерінің пайдасына қайта бөлінеді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне 1,62 миллиард теңге шамасында қаражат бөлінбек. Оның 1,54 миллиарды – əәлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар тасымалдауды субсидиялауға, 40 миллион теңге электр энергиясына, 44,9 миллионы сыртқы жарықтандыру желілерін ағымдағы жөндеуге жұмсалады. Тұрғын үй қатынастары бөліміне халықтың әлеуметтік осал топтары үшін пәтер сатып алуға 34,6 млн теңге қарастырылған. Сондай-ақ, «Достық» шағын ауданындағы көпқабатты тұрғын үй кешенін салу үшін алты жер теліміне 43 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар, сессия барысында депутаттар қала маңындағы ауылдардың нақтыланған бюджеттерін де талқылады.  Павлодар қаласының маңындағы кенттердің, ауылдық округтердің және кейбір ауылдардың бюджеттерін нақтылаудың негізгі себебі — қалалық бюджеттен бұрын бөлінген нысаналы трансферттердің көлемін өзгерту және түсімдер мен шығыстарды түзету. Мәселен, Ленин кентінің бюджеті қала бюджетінен бұрын бөлінген шикізат трансферттерін үнемдеу есебінен 15,4 млн теңгеге қысқарады. Жиын қорытындысы бойынша  қаланың ауылдық елді мекендерінің нақтыланған бюджет-терінің көлемі 3,29 млрд теңгені құрап, шамамен 25 миллионға азайды. Барлық қаралған мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешім қабылдады.

А.МҰҚЫШЕВ.