Үстемесі үнемі қадалағануы қажет

Мам 22, 2025
Photo Valeriy BUGAYEV

Елімізде азық-түліктің 19 түрі әлеуметтік маңызды өнім ретінде бағасы бақылауда екенін білесіздер. Соның 15 түрі бойынша бүгінде облысымыз республикалық орташа бағадан төмен өңірлер бестігіне кіріп отыр. Дегенмен, кейбір аудан-қалаларда облыстық орташа бағадан асып кету жағдайлары тіркелуде.

Осы олқылықтың орнын толтыруды облыс әкімі Асайын Байханов аудан-қала әкімдеріне тікелей тапсырды. Тіпті, ай соңына дейін бағаны тұрақтандыру бағытында атқарылған шаралар турасында жазбаша есептерін күтетінін ескертті. Сондай-ақ, саудалық үстеменің тиісті 15 пайыздан аспауы қатаң қадағалануы қажет, деді.

Аппараттық жиында облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Талғат Дұғалов бағаны тұрақтандыру тұрғысындағы шараларды алға тартты. Соның негізгісі — тұрақтандыру қорының өнімдерін пайдалану. Бүгінде облыста қорда 2,2 млрд теңгенің 10,7 мың тонна өнімі бар. Олар қордың 210 серіктес дүкендеріне жеткізіледі. Жыл басынан бері 2 мың тоннаға жуық өнім іріктеліп, аудан-қалаларға жөнелтілген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінің де жәрдемі мол екенін айтты.

Облыс бойынша жыл басынан бері 196 жәрмеңке өткен. Оның 16-сы Павлодар қаласында ұйымдастырылған. Бағаны бақылаудағы тағы бір тәсіл – делдалдық схемаларды тергеу комиссиясының жұмысы. Аталмыш комиссия арампиғылды делдалдардың жолын кеседі.  Биыл 12 отырыс өтіп, нәтижесінде 16 схема жойылған.

Нарықтағы жағдайды ескере отырып, жыл басынан бері бронда болған көкөністерді енді тұрақтандыру қорынан сату басталған. Барлығы 1292 тонна картоп, 281 тонна сәбіз, 175 тонна пияз және 123 тонна қырыққабат броннан алынған.

Маусымаралық кезеңде көкөністің бағасы құбылатыны белгілі. Осы орайда, облыс әкімі қырыққабаттың бағасын арзандату мақсатында қолға алынған шаралар жайын сұрады.

Басқарма басшысы қазіргі таңда дүкен сөрелерінде қырық-қабаттың келісі 250 теңгеден сатылып жатқанын мәлімдеді. Айтуынша, соңғы аптада баға 60 теңгеге төмендеген. Сонымен қатар, құзырлы орган Түркістан облысының Жетісай ауданымен келіссөздер жүргізген. Бұл өңірде бүгінде қырыққабаттың келісі 90 теңге көрінеді. Павлодарға жеткізу құнын ескерген мамандар сауда үстемесімен бірге бізде 180 теңгеге сатылады деп болжап отыр. Ал маусымның бірінші онкүндігінде тіпті 90-100 теңгеге дейін түседі деп күтілуде.

Г.МАҒЖАН.

Суреттер газет мұрағатынан алынды.