Биыл жыл басынан бері эконо-микалық заң бұзушылық бойынша 32 іс тіркелген. Қазіргі күні оның 12-сі сотқа жіберілді. Аталған заң бұзушылықтардың салдарынан мемлекетке келтірілген шығын көлемі 1,2 млрд теңгені құрап отыр.

 

Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті екінші жедел басқармасы басшысының орынбасары Николай  Пахомовтың айтуынша, биыл экономикалық заң бұзушылық фактілері өткен жылдан екі есеге дейін артқан.

— Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 189-бабы бойынша 15 қылмыстық іс тіркелді. Залалдың жалпы сомасы 1,2 млрд теңгені құрады.  Тергеу қорытындысы бойынша 8 адам сотталды. Мәселен, ағымдағы жылы «Қазақстан Темір Жолы» ҰК АҚ  «Солтүстік» өңірлік филиалы Павлодар учаскесі бастығының заңсыз қызметі әшкереленді. Ол өзінің қызметтік жағдайын жүйелі түрде асыра  пайдалана отырып, заңсыз ақшалай сыйақы алып отырған. Павлодар қаласының №2 сотының үкімімен 3,6 жылға бас бостандығы шектелді,  — деді ол.

Сонымен қатар, Павлодар қаласының балалар-жастар спорт орталығында да қаржылық заң бұзушылықтар орын алған. Яғни, алдын ала сөз байласу бойынша жалақы және басқа да төлемдерді заңсыз аудару нәтижесінде жалпы сомасы 15 млн теңгеден астам бюджет қаражаты ұрланғаны анықталған. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде сыбайластықтың жолы кесіліп, Павлодар қаласының №2 сотының үкімімен кінәлі азаматқа 4,5 жылға дейін бас бостандығын шектеу  жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ, экономикалық тергеп-тексеру департаменті «Богатырь-Көмір» ЖШС-де жүйелі түрде жүргізіліп келген ақша ұрлау схемасын тоқтатты. Жауапты тұлғалар тозған техникаларды жаңарттық деген желеумен 120 млн теңгенің шығынын келтірген. Екібастұз қалалық сотының үкімімен іске қатысы бар адамдарға 6 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Мамандардың айтуынша, 2023 жылы дәл осындай қылмыс бойынша 15 іс тергелген. Оның 12-сі сотқа жіберілді.

Тілеуберді САХАБА.