Әлеуметтік дүкендер саны азайды

Шіл 10, 2025

Аймағымызда әлеуметтік дүкендер саны өткен жылғымен салыстырғанда айтарлықтай азайды. Әрдайым әлеуметтік дүкеннен азық-түлігін алатын тұрғындардың бірі Павлодар қаласындағы бірқатар шағын ауданда әлеуметтік дүкеннің жабылып қалғанына шағымданып, облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі департаментке хабарласыпты.

Құзырлы орган мәселенің мән-жайын білмекке «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора-циясына сұраныс хат жолдаған. Бұл мекеме шынымен де әлеуметтік дүкендер санының кемігенін растапты. Департамент басшысы Бейбіт Молдабековтің мәлімдеуінше, екі жылға талдау жасау кезінде аймақта 2023 жылы 263 әлеуметтік дүкен болса, 2024 жылы 209-ы қалған. Яғни, осыншама дүкенмен келісімшарт жасалғаны анықталған. Ал биыл сәуірдегі мәліметке сәйкес «Павлодар» ӘКК 203 дүкенмен келісімшартқа отырыпты.

Сондықтан департамент құзырлы органға тым болмағанда бұған дейін қызмет еткен дүкендердің жұмысын қайтадан жандандыру туралы ұсыныс жіберген. Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасынан берілген жауапта департаменттің ұсыныстары ескеріліп, мүмкіндіктер қарастырылатыны уәде етіліпті. Өйткені, мамандар мұндай дүкендер іргесіндегі сауда нүктелерінің де бағаны төмендетуге септігін тигізетінін алға тартады.

Жалпы, департамент бәсеке-лестікті қорғау мақсатында нарыққа талдау жасайды. Сонымен қатар, тұрғындардың, кәсіпорындардың шағымдарын қарастырады. Соның нәтижесінде монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің бары туралы 4 ескерту жіберген. Солардың бірі аталған «Павлодар» ӘКК қатысты. Мұнда жарғыда көрсетілмеген қызметпен айна-лысқан. Сондықтан құзырлы орган жарғыны сәйкестендіруге кеңес беріпті. Айта кетейік, хабарлама нарық субъектісіне ескертуді өз еркімен жоюға мүмкіндік береді. Ал құлақ аспаса, департаментке уақытылы жауап берілмесе, тергеу бастауға негіз болады. Мәселен, тәттілер сататын ірі кәсіпорын — «KDV Қазақстан» ЖШС сатып алушыларға бірдей келісімдер кезінде әртүрлі шарттар қолданғанда кеткен қателіктерді жоюға ескерту берген. Алайда кәсіпорын монополияға қарсы органның хабарламасындағы ескертулерді тиісті мерзімде орындамаған. Сол себепті тергеу басталып, әкімшілік іс қозғалған.

Шағым демекші, құзырлы органға тұрмыстық қатты қалдық-тарды жинау, шығаруға байланысты тұрғындардан, кәсіпорындардан өтініш жиі түсетін көрінеді. Мәселен, Ақсудың ферроқорытпа зауыты «Горкомхоз-Ақсу» ЖШС-нің қалдық-тарды жинау, шығару құнын еселеп өсіргеніне наразылық білдіріп, департаментке жүгінген. Нәтижесінде, монополияға қарсы орган тергеу бастаған. Мұнда қызмет құнын 2-3 есеге дейін арттырған. Сондай-ақ, облыстық бәсекелестікті қорғау және дамыту департаментінің басшысы Бейбіт Молдабековтің айтуынша, бәсекелестікке қарсы әрекеттер аймақтың үш ауданында көрініс тапқан.

— Департаментімізге тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару тарифінің жоғарылауына байланысты шағым түсті. Біз жағдайды жан-жақты талдау үшін әкімдіктерге сұраныс хат жібердік. Бірақ олардың кейбірі ақпаратты уақытылы жібермесе, кейбірі күмәнді мәліметтер жолдады. Ал бұл заңды бұзу болып саналады. Соған сәйкес үш әкімдік әкімшілік жазаға тартылды. Қазіргі таңда олар шешіммен келіспейтіндерін білдіріп, апелляцияға берді, — дейді Бейбіт Қабдешұлы.

Айта кетейік, олар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 162-бабына сәйкес жауапкер-шілікке тартылуы мүмкін. Әкімдіктер өздері айыппұлды кімнің мойнына ілетінін анықтайды.

Құзырлы орган тергеу, тиісті жаза қолдануға шамамен 3-6 ай уақыт кететінін айтады. Ал кейде ірі кәсіп иелерімен жылдап соттасуға тура келетін көрінеді. Мысалы, «Богатырь көмір» ЖШС осыдан екі жыл бұрын еліміздің энергия өндіретін станцияларына арналған энергетикалық көмірдің бағасын монополиялық түрде арттырғанына қатысты тергеу басталған. Әлі күнге дейін жалғасуда.

— Энергетикалық көмір бағасының тым арттырылуына байланысты іс екі жыл бұрын қозғалды. Сотта бірде біз, бірде өндірістік кәсіпорын жеңіске жетіп отырды. Жарты ай бұрын ҚР Жоғарғы соты бұған дейін біздің пайдамызға шешілмеген барлық сот актілерінің күшін жойды. Жоғары соттың қаулысы әлі қолымызға тиген жоқ. Қаулыны алғаннан кейін қайтадан тергеу, талдау жүргіземіз, — дейді Б.Молдабеков.

Сондай-ақ, департамент тауар нарығындағы бәсекелестікке әрдайым талдау жасайды. Биыл алты айда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жаңа жеңіл автокөліктер, құрғақ күл, сымды интернет, тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау, шығару нарығына 10 талдау жүргізген. Осылайша, мамандар нақты тауар нарығындағы кедергілерді, нарық доминанты тарапынан өзінің басымдығын қолдану деректерінің бар-жоғын анықтайды. Әйтпесе, мұндай келеңсіздіктер таза бәсе-келестіктің дамуына кері ықпал етеді. Осындай талдау нәтижесінде биыл монополиясыздандыруға және тауар нарығында бәсекелестікті дамытуға қатысты 3 ұсыным жолданған.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.