Өңірлік жедел штаб отырысында облыстың экономикалық өсімін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Жыл басынан бері жасалған қорытынды аймақта барлық базалық макрокөрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын көрсетті. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібінің өсімі 8,5 пайызды құрап, 1,1 трлн теңгеге өнім өндірілді. Жеңіл өнеркәсіп саласы (94,8%) және металл емес минералды өнімдер өндірісі (92,9%) сәл төмендеген. Ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 6,3 пайызға (114,1 млрд теңге) ұлғайды. Соның ішінде мал шаруашылығы өнімдерінің өсімі қамтамасыз етілді (107%, 99,1 млрд теңге). Жалпы, сала бойынша дәнді дақылдардың өнімділігін арттыруды ескере отырып, барлық жоспарланған жылдық көрсеткіш-терге қол жеткізу күтілуде.
Ал өңірдегі ішкі сауда 5,5 пайызға, бөлшек сауда айналымы 5 пайызға және көтерме сауда 5,6 пайызға артты. Құрылыс жұмыстарының көлемі 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға көбейіп, 139,1 млрд теңгені құрады. Сондай-ақ, 176 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында өңірде 564 пәтерлі тағы 7 несиелік үй салу, жалпы сомасы 15,8 млрд теңгеге 1029 жалға берілетін пәтер сатып алу жоспарланған.
Көлік секторында қызмет көрсету көлемі 7,8 пайызға (157,6 млрд. теңге) ұлғайды. Бұл ретте теміржол көлігімен қатынайтын жолаушылар айналымының 3,6 пайызға төмендегені байқалады.
Облыс әкімі Асайын Байханов штаб жұмысының қорытындысы бойынша статистикалық есепті тапсыруды бақылауда ұстауды, макрокөрсеткіштерге тұрақты мониторинг жүргізуді, инвестициялық жобаларды уақытылы іске асыруды тапсырды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.