Металлургия — экономиканың маңызды әрі қиын салаларының бірі. Шикізатты өндіріп, одан дайын өнім алу — әсте оңай іс емес. Бұл салада еңбек ететін жандарды нағыз қайсар азаматтар деуге болады. Солардың бірі — «Қазақстан алюминийі» АҚ гидрометаллургі Базарғали Әлиев.
Базарғали Жалғасбайұлы – Ақтөбе облысының тумасы. М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіндегі математика факультетіндегі оқуын аяқтаған соң тағдырдың жазуымен Павлодар облысының тұрғыны атанды. 1988 жылы 6 сәуір күні алюминий зауытына қызметке орналасып, содан бері табан аудармастан аталмыш кәсіпорында еңбек етіп келеді. Бастапқыда металлург, кейін ауысым шебері, учаскенің аға шебері, басшысының міндетін атқарушы, аға шебер, өндірістік оқу нұсқаушысы қызметтерін атқарды. Бүгінді таңда да зауыттың «жүрегі» саналатын гидрометаллургиялық цехта бар білген-түйгенін жастарға үйретіп, оларға тәлімгерлік жасауда.
— Мен зауытқа 26 жасымда келдім. Сол кезде сақа мамандардан көпті үйрендім. Олар маған мықты ұстаз бола білді. Кәсіпорын басшылығы өзіме жүктеген міндетті сапалы әрі уақытылы орындауым – тәлімгерлерімнің еңбегі. Кейін біз де тәжірибе жинап, аға буынның ізін жалғадық. Бүгінде өзім де жас металлургтерге технологияны көрсетіп, олардың білікті маман болуы үшін барымды салып жүрмін. Жыл сайын тәжірибеден өтетін студенттер де, қолына диплом алған түлектер де университет беретін теориялық білімнің жоғары деңгейде екенін көрсетіп келеді. Сол білімді тәжірибемен ұштап, металлургияның қыр-сырын меңгеруіне барынша қолғабыс жасаймыз. Мысалы, 2015 жылы Торайғыров университетін тәмам-даған 57 түлектің барлығы бірдей зауытта еңбек жолын бастап, бүгінде білікті маманға айналды. Жастардың осындай жігерін көрген кезде көз сүйсінеді, — дейді тәжірибелі металлург. Осы орайда Базарғали Жалғасбайұлы өзінің зауытқа алғаш келген жылдарын еске алды. Сол тұстағы зауыттың жағдайы мен бүгінгі өндірісті салыстыруға да келмейді, дейді ол.
— 1990-ыншы жылдардың басында экономикалық ахуал қиындап, глинозем сата алмай қалған кездер де болған. 1994 жылдың желтоқсанында ERG компаниясы кәсіпорын жұмысын қолға алып, оны толығымен жандандырды. 1998-2001 жылдар аралығында зауыт қайта жаңғыртудан өтіп, бұрын-соңды көрмеген шетелдік қондырғылар орнатылды. Мұндай жаңару жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді. Заман ағымына қарай өндірісте пайдаланылатын соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар қойылады. Бұл ретте ерекше атап өтерлігі, біздің зауыт –
төмен сұрыпты бокситпен жұмыс істейтін әлемдегі жалғыз кәсіпорын. Оның дүние жүзінде баламасы жоқ, — дейді Б.Әлиев. Ал гидрометаллургтің өзі қызмет ететін цех – алюминий зауытының негізгі өндірістік орны. Мұнда шикізат – глинозем алынып, Қазақстан электролиз зауытына жөнелтіледі. Ал онда дайындалатын өнім кейін шетел асып, экспортқа шығарылады. Атап өтерлігі, Базарғали Жалғасбайұлы қоғамдық жұмыс-тарда да белсенді. Зауыт цехын-дағы «AMANAT» партиясының бөлімшесіне жетекшілік етеді. Спорттық бағдарламалар бойынша санаты бар төреші ретінде жарысқа қазылық етеді. Өзі де сол жарыстарды ұйымдастырып, бел ортасында жүреді. Зауыттың ағаш отырғызу, көпшілік шаралар өткізу сынды істерінен де шет қалған емес. Өмірлік жары Ольга Табакар да алюминий зауытында еңбек етеді. Ұлдары Эльдар Белгияда қызмет атқарса, қыздары Әйгерім Ресейдің Мәскеу қаласындағы кіші академияда сабақ береді. Металлургия саласында 35 жылдан астам уақыт бойы танбай еңбек етіп келе жатқан Базарғали Әлиевті өз ісінің майталманы деп атауға толық негіз бар. Осы уақыт аралығында өндірістің үздіксіз жүруіне сүбелі үлес қосып қана қоймай, талай металлургке тәлімгерлік етіп, оларды шыңдай білді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.