Бүгінде өңірдегі кей ірі кәсіпорындар өз ісін одан әрі кеңейтіп, жаңа өнім түрлерін шығаруға білек сыбана кірісті. Айталық, көпшілікке танымал «Гофротара» зауыты өңдеуге қажет шикізатты өзі-ақ өндіруге ниет танытса, отандық емдеу мекемелерін медициналық қажеттіліктермен қамтамасыз етіп отырған «Мерусар и К» ЖШС дайын тауар қатарын толықтыруда.
Кәсіпті кеңейтуге кірісті
Облыс орталығындағы «Гофротара» зауыты 20 жылға жуық уақыт бойы қағаздан түрлі қаптамалар дайындаумен айналысып келеді. Олардың ішінде жұмыртқа салуға арналған қапталамалардан бастап медициналық мақсатта пайдаланылатын қораптарға дейін бар. Бірақ оған қажет шикізатты сырттан алып келді. Өзге елден өңделген қағазды жеткізудің шығыны көп. Бағасы да қымбат. Бұл өз кезегінде дайын өнімнің бағасын өсіруге әсер етпей қоймады. Сөйтіп, ірі зауыт жаңа кәсіпорын ашуды қолға алды. Ол үшін облыс бойынша ескі қағаздарды жинап, оны жақсылап өңдеп, шикізат ретінде қолданбақ. Қазір қазақстандық макулатураның басым бөлігін Ресейдегі өңдеу орындары жаппай сатып алса, енді оны павлодарлық кәсіпорын да алуға бейілді.
— Біз Қытай, Түркия елдеріне барып, дәл осындай өндіріс барысын байқадық. Барлығы автоматтандырылған. Қағаздың қалыңдығы мен тегістігінің бәрі автоматты түрде бақыланады. Қазір қаптама, қораптар шығаратын зауытымыздың қуаттылығы айына 2 млн шаршы метр өнім болса да, шикізаттың қымбат болуына байланысты тек 100-200 мың текше метр шығарып отырмыз. Өзіміздің өңдеу орны ашылған соң бір жылда шығарылатын дайын өнім көлемін 60 мың тоннаға жеткізетін мүмкіндік жасалады. Сондай-ақ, қазір зауытта 152 адам жұмыс істесе, жаңа өңдеу орны тағы 200-ге жуық тұрғын үшін жұмыс орнын ашады, — дейді «Гофротара» ЖШС басшысы Гүлнар Қайдарова.
Импортқа деген тәуелділіктен арылуға бағытталған жобаға мемлекет қолдау көрсетті. «Павлодар» арнайы экономикалық аймағынан жер бөлініп, салықтық жеңілдіктер жасалды. Жоспар бойынша, ескі қағаздан шикізат жасайтын кәсіпорын келесі жылдың соңында немесе 2027 жылдың басында іске қосылады.
Сол сияқты медициналық бұйымдар шығаратын «Мерусар и К» кәсіпорны жаңа өнімдермен жаңа сатылым платформаларын бағындырмақ. Жалпы, бұл компания 2009 жылғы шілде айынан бастап бірреттік медициналық өнімдер шығарып келеді. Қазіргі таңда денсаулық сақтау мекемелері мен косметология саласына арналған стерильді және стерильді емес жиынтықтардың түр-түрін ұсынып отыр.
— Біз өндірісті бастаған тұста тек үш жиынтық – операциялық, хирургиялық және акушерлік жиынтықты шығаратын едік. Бүгінде 42 түрлі өнімді ұсына аламыз. Олардың барлығы тиісті тіркеуден өткен. Жыл сайын өндірісіміз де кеңейіп келеді. Бүгінде Астана, Алматы қалаларында филиалдар, Ақтөбеде өкілдік және Курчатов қаласында екінші цех бар, — дейді серіктестік директоры Марат Маханов.
Айтуынша, өнімнің барлығы дерлік емдеу–сауықтыру мекемелеріне жөнелтіледі. Тұтынушылардың 85-90 пайызы – мемлекеттік сатып алулар жүйесі бойынша тауарларды алатын мемлекеттік ауруханалар.
— Медициналық бұйымдардан бөлек, тұрмыстық мақсатта қолданылатын майлықтар мен басқа да өнімдерді дайындаймыз. Оларды Kaspi арқылы сатылымға шығарамыз. Енді Wildberries маркет-плейсін меңгермек ойымыз бар. Осыдан үш жыл бұрын жаңа өнім – қаптама шығаруды қолға алған едік. Оның бес түрі нарыққа жол тартады, — дейді директор.
Бұл ретте серіктестік басшысы жаңа жобаларды жүзеге асы-руда мемлекеттік қолдаудың маңызы зор екенін атап өтті. Атап айтқанда, «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несиелер алуға мүмкіндік бар. Директордың өзі 2012 жылы Германияда «Даму – іскерлік байланыстар» жобасы бойынша оқудан өтті.
Қор қолдауы
Шынымен, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының кәсіпкерлерге көмегі көп. Қордың облыстық филиалының директоры Арсен Дүйсекин қолдау тетіктері туралы толығырақ айтып берді. Мәселен, «Өрлеу» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиелер беріледі. Кәсіпкерлер инвестиция, айналым қаражатын толтыру мақсатында қор арқылы қаржы ала алады. Бұл ретте инвестиция мақсатында 10 жылға 7 млрд теңгеге дейін, айналым қаражаты үшін 3 жылға 3,5 млрд теңгеге дейін қаражат алуға мүмкіндік бар.
— Сонымен қатар, «Кепілдік қоры – 1» бағдарламасы бар. Оның негізгі мақсаты – кепілге қояр мүлкі жеткіліксіз салымшыларға көмек кепілдік беру. Айталық, егер кәсіпкер жылжитын немесе жылжымайтын мүлікті, қаржыны 15 пайыздық кепілдік ретінде салса, біз қалған 85 пайызын қамти аламыз. Бұл ретте кәсіпкер жыл сайын кепілдік сомасының 1,5 пайыздық көлемі мен несие сомасын төлейді. Кәсіпкер берешегін уақытылы қайтара алмаса, «Даму» келісімшарт аясында банк алдындағы қарызын өтейді, — деп түсіндірді қор директоры.
Бұл ретте 85 пайызға дейінгі кепілдік бұған дейін тек жаңадан кәсіп ашқан азаматтарға және 360 млн теңгеге дейін сомада берілсе, бүгінде кепілдікті бизнес өкілдерінің басым бөлігі ала алады. Оларға қарастырылатын сома да 7 млрд теңгеге дейін көбейді.
Осылайша, ел билігі кәсіп ашып, оны кеңейтуге ниетті жандарға жеңілдетілген несие, кепілдік беру арқылы зор қолдау көрсетіп отыр.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Суреттер газет мұрағатынан алынды.