Биыл Екібастұз қаласында бірден бірнеше ірі инвестициялық жоба қолға алынып отыр. Олардың қатарында кірпіш өндіру, көмір байыту, теміржол саласына қажет бөлшектер шығару, катодты мыс дайындау сынды ауқымды істер бар. Бұл бастамалар инвестициялық жобалардың жалпыұлттық пулына кіреді.
Таяуда Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов аталмыш жобалар жүзеге асып жатқан нысандарда болып, олардың барысымен танысып қайтты.
Айталық, «Ангресор энерго» ЖШС екі бастаманы іске асыруға ниетті. Алғашқысы — кірпіш зауытының құрылысы. Аталмыш өндіріс орны іске қосылған соң мұнда жылына 80 миллион дана кірпіш шығарылмақ. Дайын өнімді ішкі нарыққа жөнелту жоспарда бар. Сондай-ақ, кәсіпорынның өндірісті бастауы нәтижесінде 100-ден астам адамға тұрақты жұмыс орны қарастырылады.
Дәл осы компанияның екінші инвестициялық жобасы — көмір кенішінің аумағында байыту фабрикасын салу. Қазіргі уақытта техникалық-эконо-
микалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Өндірілген шикізат кірпіш сынды ішкі нарықпен шектеліп қалмай, экспортқа да жеткізіледі. Мұнда 15 жұмыс орнын ашу жоспарда бар.
Пулдағы жобалардың тағы бірі – ұсталық-бандаж кешенінің құрылысы. «RailCastSystems» ЖШС құрылыс жұмыстарын 2026 жылы аяқтауға ниетті. Қазір компания өндіріске қажет құралдарды қабылдап, құрылыс-монтаж жұмыстарына кірісті. Бүгінде негізгі цехтың 75 пайызы, іргетастар, ғимараттың қаңқасы мен шатыры толығымен дайын. Өндірісті іске қосу арқылы шетелдік өнімге деген тәуелділіктен толығымен арылып, импорттық бөлшектерді алмас-тыратын отандық тауар нарыққа жол тартады. Аталмыш кәсіпорын бір уақытта 535 адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.
Ал «Алиот Сервис» ЖШС жоғарыда аталған компанияның ұсталық-бандаж цехында орналасқан механикалық өңдеу учаскесін ұйымдастырумен айналысады. Жобаны іске асыруға инвестициялық келісімшарт өткен жылдың қыркүйек айында жасалды. Ал осы жылдың тамыз айында жабдықты жеткізу, қыркүйек-қазан аралығында оларды орнату жоспарланған. Іске қосу-реттеу жұмыстары келесі жылдың наурызына дейін жүргізілмек. Учаске қолданысқа енгізілген соң мұнда жөндеу, вагон және локомотив кәсіпорындарының сақиналарын, бандаждарды, дөңгелек-терді және басқа өнімдерді механикалық өңдеу бойынша қызметтер көрсетілмек. Бұл Қазақстанның теміржол саласын дамыту үшін платформа жасайды.
Бесінші инвестициялық жоба — Аяк-Коджан кен көріністері тобының кен орындарынан катодты мыс өндіретін гидрометаллургиялық зауыт салу. Бұл жұмыстармен «Fonet Er-Tai AK MINING» ЖШС айналысады. Кәсіпорын құрамында кемінде 99,99 пайыз таза металл бар катодты мыс шығарады. Жоспар бойынша, зауыт ашылған кезде 300 жұмыс орны құрылады. Инвестор өкілдерінің айтуынша, Аяк-Коджан алаңының көптеген кен көріністері бойынша қорлар есептеліп, олардың өнеркәсіптік игерілуі дайындалуда.
Сонымен қатар, Ерқанат Әбенов Екібастұз қаласындағы «Kazferro Limited» ЖШС директорының орынбасарымен кездесті. Аталмыш жоба аясында кеншілер қаласында ферроқорытпа өндірісін ұйымдастыру жобасы іске асырылмақ. Соның нәтижесінде компания ферросилиций және микросилика сияқты өнімдерді алады. Оларды ТМД, Еуропа және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде сатуға ниетті. Өндіріске салынған инвес-тициялардың жалпы көлемі 26 миллиард 762 миллион теңгені құрауы тиіс.
Кәсіпорын жыл сайын 64 мың тонна ферросилиций және 9,6 мың тонна микросилика өндіреді. Бұл өндіріс өз кезегінде 379 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Өндірістің жобалық қуаттылығы — жылына 60 мың тонна өнім. Жалпы, мұнда тұтас тауарлық тауашаны, сондай-ақ зауыттың маңында шағын және орта бизнесті дамыту үшін жағдайлар жасау күтілуде.
Жобаны іске асыруға банктік қаржыландыру мақұлданып, Қытайдан жабдықтар жеткізуге келісімшарттар жасалды. Өнімді өткізу мәселесі бойынша жұмыс жүргізілуде.
Жоспармен жіті танысқан Ерқанат Әбенов Павлодар облысы Кәсіпкерлер палатасы осы инвестициялық жобаны сүйемелдейтінін жеткізді.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.