Өндірісті өркендетуді қалайды

Мам 22, 2025

Күнделікті өмірде, өндіріс орындарында, медицина саласында химиялық өнімдер жиі пайдаланылады. Әсіресе, дезинфекциялық құралдарды көптеп қолданады. Осындай өнім түрлерінің бір парасы облыс орталығындағы «БО-НА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде дайындалады. Бұл кәсіпорында шығарылған химиялық тауарлар еліміздің барлық өңіріне жеткізіледі.

Осыдан 10 жылдан астам уақыт бұрын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы аумағында химиялық өнімдерді шығарумен айналысатын «БО-НА» ЖШС іске қосылды. Сол уақыттан бері мұнда дезинфекциялық өнімдердің түр-түрі шығарылады. Әсіресе, пандемия уақытында аталмыш кәсіпорын тауарларына сұраныс бірден артты. Бүгінгі таңда да химиялық өндіріс орны отандық нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр. Ал бұл өндірістік желінің барлығын білікті әрі тәжірибелі маман Борис Шаров қадағалайды.

Борис Александрович – Ресей елінің тумасы. 1971 жылы Ярославль қаласындағы техникалық институтты тәмамдаған соң жолдамамен Славгород қаласында еңбек жолын бастады. Мұндағы мекемеде 15 жыл жұмыс істеп, өз ісін мықты меңгерген маман ретінде көзге көрініп, сол тұстағы Кеңес Одағы коммунистік партиясы орталық комитетінің тікелей тапсырмасымен Павлодар қаласына қоныс аударып, облыс орталығындағы химиялық зауытқа жетекшілік етті. 1990 жылы КСРО мен АҚШ химиялық қаруды жою және оны одан әрі өндірмеу туралы өзара келісімге келді. Бұл өз кезегінде Павлодар қаласындағы химиялық зауыттың жабылуына әкеп соқты.

Ірі зауыт өз қызметін тоқтатқан соң Борис Шаров облыстық әкімдікте, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясында түрлі лауазымда еңбек етті. Ал соңғы он жылдан астам уақыт аралығында «БО-НА» кәсіпорны директорының өндіріс бойынша орынбасары қызметін атқарып келеді.

Қауіпсіз ортаны қалыптас-тыруға бағыт алған кәсіпорында өнімнің түр-түрі шығарылады. Олардың қатарында концентраттар мен майлықтар, хлорлы дәрілер, теріге арналған антисептиктер, үстелге қоятын, қабырғаға ілетін санитайзерлер, автокөліктердің шынысын жууға арналған заттар бар.

— Біздің компания 10 жылдан астам уақыт аралығында отандық нарықты дезинфекциялық өнімдермен қамтып келеді. Менің басты міндетім – олардың құрамын реттеп, сапасын қадағалап, тұтынушыларға жақсы өнім ұсыну. Жыл сайын тауарлар тізбегін үш-төрт өніммен толықтыруға да мән береміз. Олар күнделікті тұрмыста, медицинада, өндірістік орындарда кеңінен қолданылады. Мәселен, ел көлеміндегі емдеу орындарына медициналық құралдарды өңдеуге арналған заттарды жеткіземіз. Осы сала қызметкерлері кей бактериялардың бір өнімге «бой үйретіп» алатынын айтып жатады. Сондықтан олардың құрамын да жаңартып отыруымыз керек. Ерекше атап өтерлігі, әр тауарды нарыққа жөнелтпес бұрын олардан сынамалар алып, адам денсаулығына кері әсері болмауын жіті қадағалаймыз. Біздің өнімдердің тиісті сертификаттары мен лицензиялары да бар, — дейді Б.Шаров.

Борис Александрович көп жыл жинаған білім-біліктілігін кейінгі буын әріптестерімен бөлісіп, оларға бар білерін үйретуді де жөн көреді. Қазіргі уақытта аталмыш кәсіпорында 75 адам жұмыс істейді. Орта және төменгі буындағы жұмысшылар тобы арнайы оқудан өтіп, олардың әрқайсысына білікті тәлімгерлер бекітіледі. Олар жас мамандарға бағыт-бағдар көрсетіп, тәжірибесімен бөліседі. Сөйтіп, үш ай аралығында өндірістің қыр-сырын түсінген соң ғана жекелей жұмыс істеуге рұқсат беріледі. Оған дейін тек тәлімгердің тікелей жетекшілігімен еңбек етеді.

Бұл ретте саланың тәжірибелі маманы химия өнеркәсібіне өз деңгейінде көңіл бөлінбей жатқанына қынжылыс білдірді. Айталық, аталмыш кәсіпорын шикізаттың бір бөлігін Ресей мен Қытайдан сатып алуға мәжбүр. Себебі, елімізде өнеркәсіптің бұл түріне қажет шикізаттар тапшы. Сол сияқты сары фосфорды өңдеу деңгейі төмен.

— Біздің ел сары фосфордың қоры бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы бес мемлекетінің қатарына енеді. Алайда мұндай мол көлемдегі шикізатты өңдеу ісі кемшін қалып жатыр. Қолымызда барымызды кәдеге жарата алмай отырғанымыз өкінішті. Салыстырмалы түрде қарасақ, кезінде АҚШ осы сары фосфордан 156 түрлі тауар дайындайтын. Ал бізде бар-жоғы төрт түрі шығарылады. Егер химия өнеркәсібіне баса мән беріліп, әлеуетті пайдалануға, шикізаттан дайын өнім алуға көп көңіл бөлінсе, экономикалық жағдайымыз айтарлықтай жақсара түсер еді. Тағы бір «әттеген-ай» — химиялық бағыттағы ғылым қарқынды дамып жатқанымен, оның өндірісте іске асуы ақсап тұр. Жобалардың көбі тек ғылыми еңбек күйінде қалып отыр. Нағыз өндіріске етене енгізіліп, сәтті жүзеге асқан ғылыми жобалар аз. Бұл бағытты да жетілдіріп жіберсе, ұтылмаймыз деп ойлаймын, — дейді ол.

Түптеп келгенде, көп жылдық көрген-білгені, ойға түйгені бар білікті маман саланың болашағынан әлі де зор үміт күтеді. Ал өзі қазіргі таңда қызмет ететін кәсіпорында шығарылатын химиялық өнімдердің сапасына ерекше мән береді. Алдағы уақытта осы салаға қызығушылық танытып, жаңа жобаларды іске асыратын жастардың қатары көп болса екен деген тілегін де білдірді.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.